Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ округіне қарасты Көкжиде жер асты тұщы су қоймасының мүшкіл халі ақылы сау, көкірегі ояу азаматтарды көп жылдардан бері алаңдатып келе жатыр. Республикалық басылымдарды айтпағанда, шетелдік газет, журналдарда арнайы келіп, жергілікті халықтың мұң-зарына алаңдаушылық білдіріп жүр. (Естімейтін жергілікті билік өкілдері және де мұнай-газ компанияларының басшылары болып тұр)
Түйіні шешілмей тұрған Көкжиде мәселесін, «Qazaqstan dauiri» басылымы да көтерген болатын. (№8. 20 ақпан 2025 жыл. «КӨКЖИДЕ АРАША СҰРАЙДЫ». Президент Тоқаевтың назарына ұсынылды)
Сонымен қатар «QAZAQ ORDA» арнасы да орыс тілінде көтеріп еді. «БАРЫСМЕДИЯ» да атсалысты. Сол тақырыпты тағы да өзекті мәселе болғасын көтеріп отырған жайымыз бар.
Көкжиде секілді тұщылығы жоғары су қоймасының іргесінде отырып, суға жарымай отырған елді мекендерді де көзіміз көрді. Бұған не дейсіздер?! Кімдерді жазғырамыз? Темір ауданында газ кіргізілмеген ауылдарда бар. Ал газ ауаға кетіп жатыр. Яғни түйткілді мәселелердің де бар екенін жасырудың ешқандай қажеті жоқ.
Ауызсуға жарымай отырған ауыл
Көкжиде тақырыбын алды 30 жылдан бері, арты 10 жылдан бері шаршамай, талмай көтеріп келе жатқан асыл жандардан сұхбат алдық.
«Айналайын! Бұл өңірдің тарихы терең ғой... біздер көзімізді ашқанда Шұбаршиді (Саркөл деп те аталады) 1959 жылдары Жаңа көшпелі Кеңқияқ газ-мұнай барлау экспедициясы келген... Ол кезде мына мұнай өндіретін мекемелер жоқ. Мұнайды өндіретін мекемелерді НГДУ дейді. Бұл 1968-1969 жылдары пайда болды. Оны біздер... енді көрдік. Ол кезде біздер мектепте оқимыз. Мына қырдың үстінде ештеме жоқ болатын. Сол жылдары мұнай өндіретін мекемелер келе бастады. Басында ұсақ мекемелер болды. Кейін іріленді.
Үлкен үйлер салынды. 1969 жылдан бастап мұнайды өндіре бастады. Сол өндіріс кеңіді, өсті. Артынан бұл жерде 5-6 құрылыс басқармасы, мұнай өндіретін басқарма, көлік басқармасы сияқты арнайы управление деген үлкен-үлкен басқармалар пайда болды. Солардың барлығы жұмыс істеді. Үлкен құрылыстар салынды. Анау екі ауылды жалғайтын үлкен көпір салынды... Саздығайты дейді. Саздығайты деген қаратпа соның үстіне мұнай ұңғымалары көбейді. Сөйтіп өркендей берді. Анау Жаңажол деген кенішке кетті. Жаңажол кеңіп дамыды. Қысқаша тарихы осы...1968-1969 жылдардан басталады. Содан бері пәленбай жыл өтті ғой. Соның бәрінде мұнай өндіру жұмыстары мен айналысып жатыр. ... Мен туған Бәшенкөлде қазір үй қалмады. 40-50 үй бар еді. Көшіп кеткендіктен 5-6 үй қалды. Оның да проблемалары жетеді. Газ болмағасын, су, жол болмағасын, халық туған жерлерін тастауға мәжбүр болды. Олар енді кетейін деп кеткен жоқ, мәжбүрліктен кетті... Ақтөбе облысының әкімі болып тұрған кезде Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев келіп: «Мен бұл өлкені бұлай деп елестеткен жоқ едім» деген еді.
22 жасымнан бастап партия қызметіне араластым. Шұбаршиде әкімшілікте қызмет істедім. Мен білетін Шұбаршиде 18 көше бар болатын. Сол көшелер асфальт болмағанмен теп-тегіс еді. Ешқандай сай-саласы жоқ. ЖКО деген мекеме болды. Бәрін оңдайды. 18 көшенің бойында тазалық сақтайды. Сумен қамтамасыз етілген еді. Енді егеменді ел болдық. Ауылымызда сол көшелердің біреуінде асфальт жоқ қазір. Соңғы кезде елге барғанда байқаймын, бір, екі көшені асфальттауды бастапты. Осыншама байлықтың үстінде отырған халықтың жаңдайы жасалмаған... Әр жерден көріп жатырмыз. Анау Родина деген ауылдарды сол мұнайға малынып отырған халық қалай сусыз отырады. Қалай көшелері асфальттанбайды деген сұрақ өз-өзінен туындайды. 2014 жылдан бастап «Ақ бұлақ» бағдарламасымен су жүргізді халыққа. Бірақ соның өзі төменгі ауылдарға... енді біздің ауылдың рельефі кішкене мына қыр жақтағы ауылдар бар, ойыстағы ауылдар бар. Төменгі ауылдарға жетеді де, қырдағы ауылдарға су жетпейді. Соның енді технологиясын ойлап табуға болмай ма? Ол кезде жақсы мамандар болды, бүгінде әлі көздері тірі. Олармен ақылдаспайды. Үкімет келді де өздері қалай болсын солай салды. Ешкіммен ақылдасқан жоқ. Енді жазда халыққа су жетпейді... Ал күзде бір-ақ келеді. Соның бәрін жететіндей қылып неге жасамады деп үлкен айқай да болды. Таза ауызсумен осы күнге дейін дұрыс қамтамасыз ете алмай отыр. Кеңқияққа дейін... соңғы кезде үстінен өтеміз ғой. Онда да ауылдың белсенділерінің арқасында ептеп жұмыстар жүріп жатыр. Ардақ (А. Мұғалқызы 31 жылдан бері жергілікті жердің проблемаларын көтеріп келе жатқан қоғамдық белсенді) қарындасым да сол жердің жаңағы қыр-сырын бүге-шігесіне дейін білетін адам. Солардың үлкен талаптарыменен жұмыстар жүріп жатыр. Жүрмей жатыр деп айтуға болмас енді. Дегенмен мұнайлы өлкеде бұлай күн кешу ақылға сыя ма? Мұнайлы елміз, экологиясы жөнінде де талай айтылып жатыр. Мұнай-газ өндіру басқармасының кеңсесін инвесторлар бүкіл мамандарымен қоса Ақтөбеге көшіріп алып кетеді деген әңгіме шықты. Бұның өзі де халыққа үлкен зиянын тигізеді. Онда жұмыс жасап жатқан кілең мұнайшылар. Жұмыс істеу үшін енді Ақтөбемен екі ортаға қатынау керек. Елдің жеке шаруаларын жергілікті жерде шешпегенде Ақтөбеде отырып кім шешеді? Сол жерде жұмыс жасап жатқан мамандар, мұнайшылар өз пікірлерін айтуға қорқады. Айтса инвесторлар тарапынан қысымшылыққа ұшырайды. Мәселені қарапайым зейнеткерлер біз айтпаған енді кім айтады? Кеңсені көшірсе, бұл да үлкен проблема. Жұмыссыз, сусыз қиналатын халық.
Ал енді қырдағы Кеңқияқ халқы ауызсумен толыққанды қамтамасыз етілген жоқ. Кезінде уақытпен беретін. Су тоқтаған кездерде водовозбен су тасыды. Не сұмдық енді?! ХХІ ғасырда әр үйге водовозбен су құю жөн бе? Жұмыссыздық мәселесі бұрын ушығып тұрған еді, қазір ақырындап түзеліп келе жатыр. Әйтсе де айта берсең проблемалар көп. Бізде тазалық сақтауда мәселе бар. Халық елде отырған соң мал ұстайды. Тұрмыстық қалдықтар болады. Шұбаршиде 18 көше бар. Солардан шыққан қоқыстарды қайда жіберу керек? Осы жөнінде де ойландық. Полигон керек бізге. Кезінде полигон әңгімесі де көтерілді. Бірақ әлі шешілген жоқ», – деді ауыл тұрғыны Аралбай Шаленов ағамыз. Ол бірнеше кітаптың авторы, елінің мұң-мұқтажын әртүрлі басылымдарда талмай айтып жүрген мемлекетшіл қоғам қайраткері.
Тағы бір сұхбат берген ағамыз Боранбай Қайруллаұлы Абдулла сырлы сөзді асықпай, байыппен сөйлейді екен. Мамандығы – дәрігер, кейіннен мұнай саласына ауысып, төменнен бастап, техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысына дейін көтеріліпті. Қазір зейнеткер. Біраз әңгіменің басын ашып айтты.
Президент Қ.К.Тоқаевқа және де Бас прокурор Б.Н.Асыловқа жазған хаттарын да көрсетті. 2023 жылы 26 қазан айында Президент Тоқаевтың Талдықорған қаласында өткен кезекті сапарында сөйлеген сөзінде айтқан:
«...Мир и стабильность будут только в том случае, если в стране будет обеспечено верховенство закона и порядка. Начиная с Президента мы все должны уважать Конституцию и соблюдать законы. Мы все равны перед законом» деген сөздерін басшылыққа алып, тиісті жерлерге шағымданып жүр екен. Бұл жолы да СНПС компаниясының жергілікті тұрғындарды судан қысып отырғандарын әңгімеге тиек етті.
Кімдерді жауапқа тарту керектігін де жазыпты. Жеке шаруа емес, бір өлкенің тұрғындары атынан жазылған жанайқайға немқұрайлы қарау да қылмыс болып табылады. Өйткені, Көкжиде секілді жер асты су айдыны жоқ елдер де бар. Қолдағы бар заттың қадірін білгенге не жетсін!
Келісімшарттарда не құпия бар?
Қытай компанияларымен келісімшарттар өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында жасасқан. Ол келісімшарттарда не жазылғанын білгіміз келеді. Оны ешкім көрмеген, сұраса да айтпайды екен. Соншама не құпиясы бар? Солардың бәрін жарыққа шығарып, ашық болғандарын қалайды. Оның үстіне тұщы судың орнына техникалық су деп көрсетілген екен деген де сөздер бар. Қазір дүние жүзінде ауызсу проблемалары барған сайын ушығып барады. Ал біз керемет тұщы суымыздың қадірін білмей келеміз! Парадокс деген осы шығар?! Совет өкіметі кезінде осы су айдынын сақтауға қатысты қаулы да шығарылыпты. Облыс орталығы Ақтөбеге де Көкжиде суы тартылса дегендей пікірлер де айтылып жатыр. Өйткені, Ақтөбе қаласына су Алға ауданына қарасты Сарыбұлақ және Тамды су қоймаларынан тартылған. Сарыбұлақ су қоймасы бір ыдысқа құйылған су сияқты дейді. Яғни түбі бір бітеді, таусылады, сарқылады деген сөз. Саздау, денсаулыққа да аса қолайлы емес екенін де айтуда. Ал Көкжиденің суы тұщы, жұмсақ, оның үстіне табиғи өзін-өзі тазартып отырады екен. Көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстары ауызсуды сонау Астрахан облысындағы атақты Қиғаш өзенінен алып отыр. Ал Көкжиденің жанға жайлы қуат берер мөлдір суын ол облыстарға не себепті тартпай отырғандары туралы да алуан пікірлер айтылуда. Белсенді азаматтардың айтуларынша, судың шын егесі жоқ екен. Сондықтан да жердің иесі де, киесі де Халық! Ендеше сол халықтың атынан сөйлеп, іс-әрекет жасауға заңды құқықтары бар. Ол – билік! Яғни Қазақстан Үкіметі. Сол себепті де Үкімет керемет суымызды ластатпай, өздерінің қолдарындағы бар тетіктерді пайдаланып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өздерінің құзыретіне алса екен дейміз! 30 жылдан бері Көкжиде мәселесін көтеріп келе жатқан белсенді азаматтар «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бізде Көкжиденің мұңын айта-айта қартаятын болдық деп әзіл-шыны аралас қалжыңдап та қояды. Тіпті, Ирландия, Норвегия, Бельгия т.б. шетелдік басылымдарда келіп, сұхбат алып жатыр екен. Соңғы кезде биліктегілер де тыңдай бастаған секілді. Түрлі деңгейдегі жиындарды ұйымдастырып өткізуде. Тәубешіл халықпыз. Бұған да шүкір дейміз де, қайтеміз! «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, арты сиырқұйымшақталып кетпесе екен дейміз.
Мемлекеттік тыңдалымдар біржақты болып кетпесе екен. Бұл күрделі тақырып болған соң, тәуелсіз мемлекеттік комиссия құрылып, суға, экологияға қатысты мамандарды да тартып, жергілікті осы тақырыпты көтеріп жүрген белсенді азаматтарды да қалыс қалдырмау керек.
Көкжиде сияқты күрмеуі шешілмей тұрған мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені бір өлкенің ертеңі осы су қоймасына тіреліп тұрғаны белгілі. Осы салада көп жылдар бойы қызмет жасап, зерттеп жүрген мамандар осындай пікірде. Президент Қ.Тоқаев та Көкжиде мәселесін айтып жүр. Президент тапсырмаларын бұлжытпай орындау қосшыларының ынта-жігерлеріне байланысты.
Мамандардың айтуларынша, су мұнайдан жоғары қабатта екен. 157 метрде. Ал мұнай 450 метрден басталып, 4000 метрге дейін дейді. Көкжиде сияқты бірегей су қоймасының тағдыры Қазақстан халқы мен Президент Тоқаевтың қолында! Егерде су мұнайдың астында болса, құба-құп. Онда қазіргідей үлкен айтыс-тартыстар да болмайтын шығар?!
ТҮЙІН:
Ескі Қазақстанда кеткен есемізді Жаңа Қазақстан қайтаруы тиіс. Айтылатын мәселелер көп. Барлығын айта берсек, тым ұзаққа кетерміз.
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,
Алматы – Ақтөбе – Кеңқияқ –
Саркөл – Бәшенкөл