Көрік – ұсталық өнердің негізі

Көрік – ұсталық өнердің негізі

Қазақ халқының дәстүрлі ұсталық өнерінде көріктің орны ерекше. Бұл құрал металды қыздыру мен балқыту үшін оттыққа ауа үрлеуге арналған. Ұста мен зергерлердің сапалы бұйым жасауы көбіне осы құрылғының тиімді жұмысына байланысты болғандықтан, қазақ халқы оны киелі еңбек құралы ретінде қастерлеген. Ел арасында «Көрігің желді болсын» деген тілек те осы ұғымнан туған.

«Көрік» атауы көне түркі тілдеріндегі «үрлеу», «жел беру» мағынасындағы сөздермен байланысты. Зерттеушілер оның түпкі мағынасы «үрлеуші құрал» екенін айтады. Бұл атау құрылғының негізгі қызметін дәл сипаттайды. Қазақ арасында оның бірнеше түрі кеңінен қолданылған. Суретте көрсетілген қоскөрік екі үрлегіштің қатар жұмыс істеуі арқылы оттың қызуын күшейтуге мүмкіндік береді.

Аталған құрал негізінен ағаш, тері және темір бөлшектерден құрастырылған. Оның негізгі бөліктеріне қақпақ, шанақ, желбезек, мойынағаш және көмей жатады. Шеберлер оны ауа өткізбейтіндей етіп мұқият жасап, сапалы иленген терілерді пайдаланған. «Тесік көрік желге толмас» деген мақал да осыдан қалған.

Үрлегіштің жұмыс істеу қағидасы қарапайым әрі тиімді. Қақпақтар қозғалған кезде шанаққа жиналған ауа көмей арқылы оттыққа үздіксіз беріліп отырады. Соның нәтижесінде оттың қызуы күшейіп, темір өңдеуге қажетті жоғары температура қалыптасады.

Бұл бұйым – тек ұсталық құрал ғана емес, қазақ халқының еңбек мәдениеті мен қолөнер тарихын танытатын құнды мұра. Ол ата-бабаларымыздың техникалық тәжірибесі мен шеберлік дәстүрінің жарқын көрінісі болып табылады.

«Анаға құрмет» музейінде шамамен  XIX ғасырдың аяғы – XX ғасыр бас кезінде пайдаланған шағын кішкене размердегі зергер-шеберлер пайдаланған көрік сақтаулы. Мамандардың айтуы бойынша пішініне  қарай, әйел адамдар қолданған болуы мүмкін. Бұл экспонат Алматы облысы Балқаш ауданынан табылып, жергілікті тұрғындардан тапсырылған. 

Жаннат МҰХТАР, 

«Анаға құрмет» музейінің қор сақтаушысы,

Алматы облысы                                                    

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25993
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25442
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42843
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38667
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43239