Қазақстан аумақтарында түрлі зауыт-фабрикалар салу – бүгінгі күннің үлкен талаптарының бірі. Әсіресе жергілікті өңірлердің ерекшелігіне бейімделген кәсіпорындар салынып, ел игілігіне беріліп жатқаны көңілді қуантады. Олар ел азаматтарының қажеттілігін өтеп қана қоймай, шетелдерге де өнім шығарып жатса, тіпті де жақсы.
Түркістан облысының Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге арналған ірі зауыттың құрылысы жүргізілуде. Крахмал-сірне зауытының өнімдері ішкі нарықпен қатар, Азия және Еуропа елдеріне экспортталатын болады. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Зауыт іске қосылғаннан кейін 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл – Шардара мен оған көршілес аудандар үшін үлкен әлеуметтік әрі экономикалық мүмкіндік.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара қаласындағы индустриялық аймақта салынып жатқан ауқымды инвестициялық жобаның құрылтайшысы, Парламент Сенатының депутаты Закиржан Кузиевпен кездесті. Зауыт басшылығы жобаны іске асыруға қолдау көрсетіп отырған облыс әкімдігіне алғысын білдіріп, өндірісті жедел іске қосуға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында тараптар жаңа кәсіпорынды іске қосуға дайындықтың соңғы кезеңдерін пысықтады. Сонымен қатар жұмыспен қамту, шикізатпен қамтамасыз ету, логистика, ішкі және сыртқы нарыққа өнім жеткізу тетіктері талқыланды. Крахмал-сірне зауыты қазірдің өзінде 250-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмысқа тартып отыр.
«Казкрахмал» ЖШС зауытында крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен, ұрық, кебек және түйірленген құрама жем сияқты 20-дан астам өнім түрі өндіріледі. Сірне – табиғи қант алмастырғыш ретінде кондитерлік және сусын өндірісі салаларында кеңінен қолданылатын зат. Өндірісте генетикалық түрлендірілмеген (яғни ГМО-сыз) жүгері пайдаланылады. Онда қалдықсыз өңдеу технологиясы жолға қойылған.