«Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз»!
Қ.К.Тоқаевтың «Сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі» кеңесте сөйлеген сөзінен (12.02.2021 ж).
Қазақстан тәуелсіздік алғалы көп дүние өзгеріске ұшырады. Мемлекеттік басқару нысаны түбегейлі ауысты, қызмет түрлері мемлекеттік меншіктен жекеменшікке көшті, кез келген қызмет, жұмыс түріне мемлекет тарапынан монополия жойылды десе де болады. Кеңестік кезеңнен өзгеріске ұшырай қоймаған құқық қорғау саласы және осы қылмыстық істер бойынша сот тәжірибесі десем, көп қателеспеспін.
Ең қызығы, соттардың тәуелсіздігі туралы қанша мәселе көтеріліп, жиындар өтіп, тіпті бір емес, бірнеше заңдар топтамасы жарық көрсе де, баяғы жартас сол жартас!
Әлібидің ісіндегі көзге ұрып тұрған олқылықтардың бірі – қаптаған куәлердің ешқайсысын жауаптамай, қорғау тарапынан ұсынылған куәлерді жауаптаудан қорыққан сотты, қалайша тәуелсіз деп айта аламыз?
Міне, Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жыл толса да, Президентіміздің өзі соттарға тергеу органдарына жалтақтамау керектігі туралы ескертуге мәжбүр. Сол себепті де, кей жағдайларда әділдікті сот залынан емес, Президент әкімшілігінен, Парламенттен іздеуге тура келеді.
Әлібидің жағдайында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға Сәуле Мешітбайқызы екеуіміздің атымыздан арнайы хат жазылды. Одан әрі қарай, осы кездесулер барысы туралы Сәуле апамыз өз аузынан былай дейді; «Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын іске асырудың маңыздылығы туралы айта келіп, онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілетінін ескерткені жанайқайымыздың жетер жеріне жетіп, үміттің ақталатынына сендірді! Сең қозғалды! Бас прокуратураға жазған хатымызға құлақ асқан жауап келді. Жоғарғы соттан Ақтөбе қаласында облыстық соттың ғимаратында 18 мамыр онлайн кездесу болатынын хабарлады. Біз қуана-қуана, Абзал Құспан екеуіміз Ақтөбеге онлайн кездесу болатыннан бір күн бұрын жеттік. Өкініштісі аман-саулық жоқ, бізбен танысуды артық санап, мәселемізге, не үшін келгенімізге мән берместен шалқайып келіп, шалқайып қайтқан Жоғарғы Сот кеңесшісінің аты-жөнін өзіміз сұрастырып жүріп (өзін таныстыруды да білмеді сабазың), Амрин екенін білдік. Мемлекеттік тілді түсінбейтінін, тіпті түсінгісі келмейтінін де байқап, Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісімен кездесуден қанағаттанбай қайттық. Бірақ биліктің бәрін қаралауға болмайды, жеткізетіндер жеткізбей жатады, солар әртүрлі қитұрқылыққа салып естіртпейді..! Жандайшаптар халық пен биліктің арасын алшақтатып жатқан! Халықтың сенімін жоғалтады! Олардың да күні бітер, Алланың, Ардың алдында жауап берері сөзсіз!
ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Тамара Дүйсенова 28 мамырда онлайн кездесу болатынын хабарлап, үлкен үмітімізді оятты. 28 мамыр күні Абзал Құспан Тамара Дүйсеновамен онлайн кездесіп, Жоғарғы соттан, Бас прокуратурадан, Ішкі істер министрлігінен лауазымды тұлғалар да қатысып, дәлел-дәйектерімізді ерекше ден қойып, ыждаһатты тыңдағаннан кейін, Бас прокуратура да қабылдайтынын айтты. Жоғарғы соттың кеңесшісі істің анық-қанығын басшыларға нақты жеткізетінін айтып, Әліби ісі басталғалы бері бірінші рет билік құлақ асып, тыңдағаны осыған дейінгі сірескен сеңді қозғады. Сол күні Жоғарғы сот кеңесшісі онлайн конференция өтуіне бір сағат қалғанда, кеңсе басшысымен бірге кездесуге шақырды. Абзал Құспанға өзімен бірге Әлібидің мүддесін қорғаушы Табышов Алдияр Қаныбекұлынан Өтініш хат әкелуді және Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық іс бойынша анықтама әкелуді тапсырды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза айтқан: халық үніне құлақ асатын, еститін мемлекет деген осы емес пе?! Уәделескен уақыт бойынша, Абзал Құспанды Жоғарғы соттың кеңсесінде қабылдап, Өтініш хат пен қылмыстық іс бойынша анықтаманы, басқа да алып барған құжаттарды, іс бойынша материалдар жарияланған газет нөмірлерін жан-жақты, мұқият қарап, тексеріп, өзін де асықпай тыңдады».
Шынында да, аз ғана уақыт ішінде Президент әкімшілік тарапынан осындай реакция болады деп өз басым күтпеп едім, алайда Тамара Дүйсенова ханымның жедел қимылының арқасында, Жоғарғы Сот тарапынан, кассациялық алқада бұрын қаралып кетсе де, Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық істі қайта сұратып алдырып, заңдылығын жан-жақты әрі объективті тексертуге мүмкіндік алдық.
Әлібиге қатысты бұл істе Жоғарғы Сот әділ шешім қабылдарына сенім білдіре отырып, жақсы жаңалықтарымызды Сіздермен бөлісуге жазсын, құрметті оқырмандарым!