Кеңгітұрадағы керемет орталық

Кеңгітұрадағы керемет орталық

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің дәстүрлі экспедициясы биыл «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі» тақырыбымен аймақтарды аралап жүр. 3-5 қараша аралығында «Qazaqstan Dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен газетіміздің тілшісі Ерқазы Сейтқали ШҚО-ға барып, Өскемен қаласында бірнеше кезедсулер өткізіп, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесіп қайтты.

Біз Кеңгітұраға (Өскеменнің көне атауы) түс ауа жеттік. Бұрынғы уақыт өлшеміне салсаңыз шаңқай түстің әлеті, қазіргі уақытпен айтқанда түс ауған шақ еді.  Алдымыздан «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Мекеева Жанат Жұмағазықызы мен Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Жампеисов Рауан Асылханұлы қарсы ала шығыпты. Аман-сәлемнен соң облыс әкімшілігінде болатын кездесудің уақытын ескеріп, алдымен Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығын аралап қайтуды жөн көрдік.  

Бұл бірегей орталықтың тарихы өткен ғасырдың ортасынан басталады екен. 1947 жылы іргесі қаланып, біртіндеп кемелденген бұл орталықты қатардағы көп емхананың бірі десеңіз, қателесесіз. Осы жерде емхана тарихына қысқаша тоқтала кетейік. 1947 жылғы тамызда Өскемен қаласындағы облыстық онкологиялық диспансері алғашқы пациенттерді қабылдай бастапты. Облыстың бірінші онкодиспансері сол кезде облыстық аурухананың базасында орналасқан екен. Стационардың қуаты 20 төсек 2 палатадан құралыпты. Содан бергі жылдарда диспансердің – стационардың, сондай-ақ емхананың ауысуымен біртіндеп кемелдене түскен. Кеңес Одағының ыдырауға бет алған тұсындағы түрлі қиыншылық кезеңдерінде де бұл орталықтың басшылары жанкештілікпен еңбек етіп, дәрігер мамандарын қысқартуға жібермей, орталықтың шаңырағын шайқалтпай ұстап қалыпты. Мұндай үрдіс кейінгі тоқырау жылдарында да жалғасын табады. Сөйте жүріп, онкологиялық науқастарды емдеудің жаңа технологиялары енгізу баса назар аударады. Мұнда сәулелік терапия, химиотерапия, эндовидеохирургия, эндоскопиялық тексерулер, заманауи УДЗ аппараттары сатып алынады. Скрининг-зерттеу бағдарламалары тиімді жүргізіле бастайды. Осындай талпыныстардың нәтижесінде 2016 жылы онкологиялық диспансер «Өсу қарқыны» номинациясында Ұлттық бизнес-рейтинг сертификатын алды және «Медицина мақтанышы 2016» құрметті атағына ие болады.

Бізді күтіп алған Бас дәрігер Гүлмира Ғабдуллақызы Сағидуллина жылы жүзді, елгезек адам екен. Өз кәсібіне берілген, антына адал жан екендігін жол үстінде «Әділет» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Жұмағазықызы айтып еді. Бізді құшақ жая қарсы ала шығып, емхананы асықпай аралатып шыққан бірер сағаттың ішінде, жұрт мақтаған мінезін бізде танып қалғандай болдық. Гүлмира Ғабдуллақызы 2017 жылы онкологиялық диспансердің бас дәрігері болып тағайындалыпты. Медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы бар мықты маманға 2018 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі беріліпті.

Енді осы орталықтың «қайта түлеген жылдарынан» бергі жағдайы туралы Бас дәрігердің айтқандары бойынша баяндап көрейік. 2018 жылғы 30 қарашада Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансері Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы «Онкология және хирургия орталығы» болып өзгертіледі. Қазіргі күнде көпсалалы «Онкология және хирургия орталығы» қатерлі патологиясы бар науқастарды диагностикалау мен емдеудің халықаралық стандарттарын табысты қолданатын заманауи клиникалық бірлестік ретінде жұмыс істейді екен. Консультациялық-диагностикалық бөлімшенің құрамында, консультациялық блок, амбулаториялық хирургия орталығы (ЦАХ), амбулаториялық химиотерапия кабинеті, эндоскопиялық блок, оңалту блогы кіреді. 

Диагностикалық қызметтер-сәулелік диагностика бөлімшесі, орталықтандырылған зертхана. Стационарлық қызметтер-операциялық блок, онкохирургия, маммология және онкогинекология, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия ( АРжҚТ) бөлімшелері, сәулелік терапия және радиология бөлімшесі, химиотерапия бөлімшесі, паллиативтік көмек бөлімшесі сынды бөліктерден тұрады екен. 

Бір сөзбен айтқанда қазіргі таңда әлемдік деңгейде онкологиялық ауруларға қандай емдеу әдістері қолданылатын болса, соның барлығы осы орталықта қолданыста екен. Бұл дегеніңіз әлемдік деңгей ғой!

Гүлмира Сағидуллина осыларды айта жүріп, орталықтағы әрбір бөлімшені және онда қандай жұмыстар атқарылатындығын тәптіштеп түсіндіріп шықты. Бізді таңғалдырғаны ондағы аппараттар мен соның «тілін меңгерген» жас мамандардың жігерлі бейнесі болды. 

– «Бұрын ешқандай бағдарлама болмаған еді. 9 жылдан бері қарай облыс әкімшілігі қаржы бөліп, техникалар сатып алып, мамандарымызды шетелдерге жіберіп оқытып келеді. Облысымызда жүзеге асып жатқан осы бағдарламаның көмегі көп болып отыр», – дейді Гүлмира Ғабдуллақызы.

Шығыс Қазақстан облысы біраз жылдан бері денсаулық сақтау жүйесінің тиімді бағдарламасын және онкологиялық қызмет мамандарын даярлаудың үш деңгейлі бағдарламасын жүзеге асыру аясында, аталмыш орталықты заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтауға көңіл бөліпті. Мұнда қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары енгізіліп, шетел мамандарын (Израиль, Үндістан, Ресей, Украина, Литва) тарта отырып, аз инвазивті жоғары технологиялық хирургиялық емдеу әдістері бойынша халықаралық ғылыми-практикалық мастер-класстар жүйелі түрде жүргізіледі екен. Бұған бөлек орталықтың мамандарын Еуропаның, Израильдің әлемдік деңгейдегі емдеу орталықтарына жіберіп тағылымдамадан өткізіп, білімдерін жетілдіріп отыруды дағдыға айналдырыпты. Мұндай тәжірибе алмасулар, орталық мамандарына жоғары технологиялық медициналық қызметтерді орындауға, обырды диагностикалау мен емдеудің бірегей әдістерін қолдануға мүмкіндік берген.

Тап-таза бөлмелері бар, іші ең озық аппараттармен жабдықталған, дәліз қабырғаларына көрген жанның көңілін сергітетіндей әсер қалтыратын картиналар ілінген бірегей орталықтың келбеті шынымен ғажап екен. Гүлмира Ғабдуллақызының айтуынша, кейбір аппараттардың құны миллиард теңгеден асып жығылады екен. Қазір мұнда ақпараттарды жинақтау, сұрыптау және архивтерге талдау жасау жүйелеу жұмыстары жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асырылады екен. Аурудың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде, қазір облыс көлемінде онкологиялық аурулардың өлім көрсеткіші айтарлықтай азайыпты.  

Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының қызмет көрсету көлемі, облыстағы 12 ауданмен шектелмей, еліміздің әр аймағынан осы орталықтан емделуді қалаған науқастарды да қабылдай алады екен. Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, соңғы  екі жылдың көлемінде медициналық туризмге көңіл бөле бастапты. Дегенмен аталмыш орталықтың қызметіне хабардар болған адамдар еліміздің әр аймағынан келіп ем-дом алып қайтатын көрінеді. Осы жерде шетелде тағылымдамадан өтуге барған бір маманға германиялық дәрігер «Өскемендегі емханаларың бізден кем емес қой» деп жақсы баға бергенін де естіп қалдық.

Мұндағы соңғы үлгідегі компьютерлік томография аппараттары, ақылды робот үстелдер секілді көптеген медициналық жабдықтар өзге өңірлердің емдеу орталықтарында жоқ көрінеді. Кейбір қымбат аппараттарға «Қазақстан халқына» ұлттық қоғамдық қайырымдылық қорының көмегімен қол жеткізіпті. 

 PS: 

Дәрігерлері жылы жүзді, жабдықтары кемел, емдеу саласында әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді меңгерген мамандары бар бұл орталықтан керемет әсермен аттандық. Ауыз толтырып айтатын жаңалықтары бірер мақаланың көлеміне сыймайтындығын айта кеткен жөн. Сондықтан Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры, Бас дәрігер Гүлмира Ғабдуллақызымен алдағы бір орайлы сәтте арнайы сұхбат өткізуге уағдаласып қоштастық.

Ерқазы Сейтқали

13.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29511
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29075
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46319
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41918
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46656