КҮТУДІҢ СОҢҒЫ КҮНІ (әңгіме)

КҮТУДІҢ СОҢҒЫ КҮНІ  (әңгіме)

Махаббат Саидрахманова,

қырғыз жазушысы

 

      Жайдары, келбеті келіскен әйел еді. Өңді, тіпті шашын да кестірмей, ұқыптап өріп, арқасына жіберіп қоятын. Өзінің айтуынша, жолы ашық жан болатын, қай істі бастаса да, сөзін ешкім екі етпейді деп сенімді айтатын. Кез келген адаммен, мейлі ол үлкен лауазым иесі болсын, қарапайым кісі ме, қарт па, жас па – бәрімен жақсы қарым-қатынаста екенін мақтанышпен айтатын. Өз сөзіне қарағанда, ешкім оның өтініші мен ұсынысын қайтарған емес, тіпті қайтаруы мүмкін де емес сияқты…

       Кейде біреумен сөзге келіп, дауласып қалса, кейін әлгі бейбақтың қалай тығырыққа тіреліп, «сорпадай қайнаған» күйге түскенін қызық көріп, көңілі тойып күлетін. Өйткені өзі білімді, ақылды, қарсыласының әлсіз тұсын дөп басып айтатын адам. Ал қарсы алдында тұрған адамның аузына сөз түспей, абдырап, бірдеңе деп ақтала жаздап, ақыры жеңілгенін мойындай салатын… Қысқасы, өзін жан-жақты жетілген, ерекше білімді, қолынан келмейтіні жоқ, нағыз мықты әйел деп есептейтін.

      Міне, анасы да қызын дәл осылай танитын. Өйткені құдайдың құтты күні еститіні осы әңгіме ғана. Қызының жылағанын көрген емес, шүкір... Анасы жасы жетпістен асса да, әлі тың, ісі мен тіршілігі орнықты еді. Таңнан кешке дейін тыным таппай қимылдап жүреді, жұмыс арасында Құдайға жалбарынуды да ұмытпайды. Қызын есіне алған сайын оның бақыты үшін тілек тілеп, жалбарынады. Арасында қызының басын шырғалаңға салған күйеу баласын да іштей күбірлеп, қарғап-сілеп қоятыны бар…

      Күнделікті тіршілігінің бәрі осы қызы үшін ғана сияқты. Таң бозынан тұрып, су жылытып, оны қолжуғышқа құйып қояды; шайын қайнатып, дастарқанын жайып, қызын оятады: «жұмысына кешікпесін, жақсы барып келсін, оның жұмысы өте маңызды…»

      Анасы мен қызы шай ішіп отыратын. Қызы өз жұмысының жетістіктері, жоспары, қарсыластары, жеңістері туралы асыға сөйлеп, әдемілеп анасына баяндап беретін. Сөйлеген сайын тынымсыз күліп қояды, ара-арасында кейбір аңқау әріптестерінің қылықтарын да әңгімесіне қосып отырады… Анасы болса, қызының осындай қалпына шын жүректен разы еді. Расымен де, мықты әйел, әйтпесе мұншама жетістікке жетер ме еді! Жұмыстың майын тамызады, ширақ… Міне, осындай әйелдің қадірін білмеген күйеу бала адам емес шығар… Адам болмаған соң, дәл осындай әйелдің қадіріне жетпей, бір-екі баласы бар бөтен бір келіншекке үйленіп кете салған ғой… Бейшара-ай…

       Күні бойы қызының баласын бағып, бар тапқанын сол жиенін немересінің аузына тосып, айналып-толғанады. Шалының көзіне көп түспеуге тырысады. Қу кәрі шал-ай! Қызын да, жиен немересін де жақтырмай, қабағын түйіп, кейде зекіп өте шығады… Ойында не барын кім білсін…

***

      Күйеуі сол күні  әдеттегіден де тұйық еді. Үй ішінде үлкен жанжал болып, ақыры сөзден жеңілген ол үнемі осылай үнсіз қалатын әдетіне басты.

– Бішкекте шаруам бар, көлік бос қайтады. Туыстарыңа соға кетейік, бірге барайық… Баланы үлкен үйге, анама бір-екі күнге қалдыра тұрайық.

– Мм… жарайды, – деді әйел. Ішінде бір күдік болса да, бұл жолы сөзді созғысы келмей, тыныш барып-келуді жөн көрді.

      Бішкектен тікелей үлкен ағасының үйіне барды. Бір күн қонақ болған соң, күйеуі өз шаруасымен қалаға шығып кетті. Кеткені құрысын… Екі күн бойы екі көзі төрт болып, «қашан келеді?» деп күтті емес пе… Ал екі күннен соң күйеуі емес, алыстағы Түп жақтан анасы келіп түсті. Фрунзедегі ағасының үйіне… Одан арғысын еске алу әйелге тым ауыр еді…

      …Есіне түскенде ағасының ашуға мініп, айқайлап, балағаттап тұрғаны көз алдына келді.

– Күйеу табылмай қалғандай, өзіңді қоярға жер таппай кеткенің осы ма?! Сонда-ақ білгенмін! Көретінің осы еді! Миың жоқ сенің! О, миың жоқ! Айттым ғой саған!

     Одан кейін бұл бүгіліп отырып қалған…

        Анасы тағы бір келгенінде көз жасын әлдеқашан тауысып, үнсіз отырған кезі екен.

– Кетейік… – деді ол. – Білімің бар, төрт құбылаң түгел, амансың, Құдайдың жазғаны сол шығар…

– Мен үйіме қайтам, анашым.

– Қай үйіңе?! – деп ағасы қайтадан долданып кетті. – Үйім деп… мынаны осынша ертіп әкеліп, тастап кетіп отырғаннан кейін, артынан барасың ба?! Сенде ар-ұят қалмапты! Онда бізді де солай таптап өте бер енді…

     …Сөйтіп, не істерін білмей, шақшадай басы шарадай болып анасының соңынан еріп жолға шықты. Жол бойы анасынан көп нәрсені естіді. Күйеуі оны қалада қалдырып, өзі тура Түптегі қайын жұртына кетіп қалған екен.

– Таң атпай келді, – деді анасы. – Жаңа ғана пешке от жағайын деп едім, бір кезде қақпаның сыртына көлік тоқтағанын естідім. Жүрегім бір жамандықты сезіп, жүгіріп барып қақпаны аштым. Ашсам күйеуің тұр.

– Эльмира қайда? – дедім шошып.

– Қалада, – деді ол салқын ғана. – Үйге кірдік. Шай қояйын десем ішпеймін деді. Әкеңді оятайын десем де болмады. Сізге ғана айтамын деді. Айтуынша, екеуіңнің өмірлерің әлдеқашан-ақ біткен екен…

– Мен оған не жамандық жасадым, апа?! – деді қызы. – Бала туып бергенім бе жазығым? Үйді үй етіп, жұмыс істегенім бе?…

      Қызы анасын құшақтап, еңіреп жылап жіберді…

– Қайсы бірін айтайын, қызым… – деді анасы. – Айтуынша, сен біртүрлі ашушаң екенсің, долы дейді. Аяғың ауыр кезде де үйдің төбесіне шығып алып, құлап өлем деп қорқытқансың дейді… «Аман-есенінде өз қолыңызға тапсырайын» деп әкелдім дейді. Тіпті қайын жұртының көзінше басына орамал да салмайды дейді…

       Осының бәрін бұрын да күйеуінен естіп жүргенімен, бұл жолы анасының аузынан естігенде ішін бір күйік шалды, кеудесі шым етті. Күйеуінің айтқаны да шын еді… Олардың өмірі дәл осындай болатын. Екеуі бір-біріне көнбей, сөз таластырып, үнемі қақтығысып, керісіп жүретін. Әйел күйеуінің «қараңғылау» екенін шын жүректен қынжыла отырып ойлайтын, соны түсіндіргісі келетін. Ол өзін оңтүстіктің түкпіріндегі қарапайым әйелдерден әлдеқайда биік, орталықтан келген, білімді, заман ағымын түсінетін адаммын деп санайтын. Сол үшін де ұзын көйлек пен орамалды ешқашан өзіне жуытпаған. Келіспеушілік барған сайын күшейе берді… Кейінірек олардың өміріне басқа әйел араласқаны жайлы да ести бастаған еді…

***

       Бір күні жұмыстан кешірек келіп, әдеттегідей үлкен үйдің есігіне жақындап, аяқ киімін шешіп жатып, босағадан биік өкшелі туфлиді көріп қалды. Қымбат, әдемі әйел туфлиі есіктің іш жағындағы бұрышта тұр екен. Дереу дәлізге көз жүгіртті. Сол сәтте ғана үй ішін жеңіл, жағымды әтір иісі жайлап тұрғанын байқады.

       Ішке енгенде, күнде жұмысқа шығарда айна алдында шашын түзейтін үлкен айнаның жанында ретімен қойылған бет кремдері, ұнтақ, ерін бояулары секілді ұсақ-түйек заттарды көрді… Үйдің іші де бір түрлі жаңаша, ұқыпты қалыпқа түскендей әсер қалдырды. Бұл заттар жас келінінің дүниесі екенін бірден таныды да, іштей тыншыды. Сірә, ол ас үйде жүрген шығар, ыдыс-аяқ, тамақ жағымен әлек. Әкесі де бір бақытты адам ғой… Әдетінше бар дүниесін шашып, айналып-толғанып жүрген шығар…

      Қалай болғанда да, ол үйреншікті көңіл күймен ас үйге беттеді. Бәрі рас екен: інісі келген, бұл жақта біраз уақыт болмақшы.

       Келіні келгеннен бері үйдегі қызы да бұрынғыдан гөрі ашық-жарқын болып кеткенін байқап, анасы іштей қуанып қалды. Жақсы болды… бәлкім, бір-біріне серік болар. Келін жас қой, бірақ бәрібір әйел емес пе, екеуі сырласып, көңіл демеп отырар…

     …Түсінген адамға әйелдер әлемі – мың қабат, күрделі, қайшылыққа толы, өз алдына қатал әлем. Әйел соны сезетін. Жасың үлкен бе, кіші ме – бәрібір, сен әйел деген атпен осы әлемнің ішінде жүресің. Әйелге тән қуаныш, сезімталдық, өкпе, тіпті жек көру мен айлакерлік – бәрі де өміріңмен бірге жүреді…

       Мына жас келін бір түрлі сырлы адам еді. Көзі тұңғиық, үңіле қарасаң ішіңді ақтарып жіберетіндей… Оның жүріс-тұрысы да, ыдыс-аяқты ұстай білуі де, үй жинағандағы ұқыптылығы да әйелге ерекше әсер етті. Басқа келіндер де жұмыс істейді ғой, бірақ мына келіннің әр қимылы бірдеңе айтып тұрғандай… «Сен бұл үйде уақытша ғана қонақсың… бақытсызсың… бір нәрсені дұрыс істемей жүрсің…» – деп үнсіз ескертіп тұрғандай әсер қалдырады. Ал оның ішінде не ой бар, оны кім білсін… ішке бүккен жұмбақ жан. Мүмкін, егер ішіне жасырып жүрмей, ашылып сөйлессе, әйелмен сырлас болар ма еді… бірақ бұған да бір оқиға себеп болған сияқты…

       Сол күні үй іші шай үстінде отырған. Мұндайда көбіне қыздың сөзін тыңдайды. Өзі де тамаша әңгіме айтады, кемпір мен келін екеуі ұйып тыңдай береді. Енді ше! Жеңіспен аяқталған қызықты оқиғалар, адамдардың күлкілі сөздері, өз басынан өткен жетістіктері, бәрін әсерлі етіп айтып береді. Кім болса да ондай адамды тыңдағысы келеді ғой. Келгеніне бір жыл да толмаған мына жас келін мен өмірдің талайын көрген кемпір, екеуі де қызыға тыңдап отыр. Кейде бас изеп, қоштап қояды, әйел күлсе екеуі де қосылып күледі… Анасы көңілі тасып, жүрегі елжіреп отырып, ішіндегі ең бір ізгі тілегін аңдаусыз айтып салды:

– Енді, Алла саған да бақ бұйыртса екен, балам… Тесік моншақ жерде қалмайды ғой, күйеуге тиіп, ел қатарлы бақытты болып кетсең, менің де уайымым басылар еді…

      Бағанадан бері тоқтамай сөйлеп, күліп отырған қызы осы сәтте анасына біртүрлі алаңдап қарады. Бір сәт үнсіз отырып, кенеттен жарылып кетті:

– Сөйлеу керек деп сөйлей бересің бе?! Менің бақытым күйеуге байланып қалған ба сонда? Айтшы?..

        Сосын өз-өзінен ашуланып, тыныш отырған келінге тиісіп сөйледі:

– Сен қайын енеңнің сөзіне мән бермей-ақ қой! Қартайғанда адам осылай алжи бастайды!

      Ой, тоба… – деді анасы қызына қарап абдырап.

      Ал келін болса, сәл бұрын ғана жүзі жадырап отырған әйелдің көзінен бір сәтте суық үрейді көріп, шошып кетті. Жанын да, тәнін де ала қашып, мүлде бейтаныс адамға тап болғандай күйде қалды…

***

       Түн. Ол қайтадан өз тағдырымен бетпе-бет қалды. Өзгелер түгіл, тіпті өзіне де мойынсұнғысы келмейтін ащы өткенмен қайта жүздесті. «Бәрін бүлдірген – анам…» Кішкентай келіннің көзінше осылай деп айтып қойғанына іші күйді. Бұған дейінгі күлкісі де, сөзі де желмен ұшқандай болып, ішіне батып бара жатты… Сосын әдетінше терең күрсінді де: «Тез емес… асықпа…» деді іштей.

      Түнде бүркеніп алып, әйел өз-өзінен кіжініп, ашуға булығып, күбірлеп жатады. Қай күннен, қай сәттен бастап бойын осындай ширыққан сезім билегенін өзі де есіне түсіре алмайды. Бірақ бүкіл өміріндегі ойы осы ғана. «Сол күн де келеді… сол күні сен шын өкінесің! Менсіз бақытсыз екеніңді түсінесің… келеді ол күн… келеді…» Сөйтіп жатып, әйелдің қиялы алысқа шарлап кетеді. Ол өз ойындағы «сол күнге» барып қонады…

       Сол күні оңтүстіктің түкпіріндегі күйеуі оны іздеп келмек. Бұрын тастап кеткен күйеуі келеді! Сыпайы болғансып, сымбаттанып, өзін білімді көрсеткен сол біреу… Бәрібір. Келсін! Әйел оның алдынан өз жетістігін, жұмыстағы беделін, өмірінің қалай түзеліп, қалай бақытқа жеткенін көрсетеді. Бұрынғыдан да мінсіз, еш кінәсі жоқ күйде қарсы алады.

        Сонда ол осындай керемет, жақсы әйелді жоғалтқанына өкінер еді… кешірім сұрар еді! Шын жүректен, өзін-өзі жек көре отырып кешірім сұрар еді. Мұндай асыл жанды бағаламағанына күйіп-пісер еді. Соңында балаларының атын айтып, қайта қосылуды өтінер еді. Сөзсіз солай болады! Өйткені оның кейін алған әйелі тым солғын, жүдеу екені жайлы да естіп жүр. Ол жақта қалған жанашыр әйелдер телефон арқылы жеткізіп тұрады.

     «Кешіре алмас едім…» деді әйел іштей булығып. «Мұндай опасыздық жасаған адамды қалай кешірем? Оны кешіру мүмкін бе өзі? Мені қандай күйге түсіріп кетті… Мен тек соны өкіндірсем болды. Оның өкінгенін көргенде ғана ішім тынышталады. Сол күн келеді…»

      Осылай өш алуға бекінген әйел бүкіл өмірін дәл сол бір ешқашан кешірмейтін күнді күтіп өмір сүріп жүр еді…

***

     Түс ауып қалған кез еді. Кенеттен үйдің ішінде бұрын-соңды болмаған үлкен у-шу басталып кетті. Оңбаған күйеу! Келе жатыр екен! Оның бұл жаққа келе жатқанын алдымен әйелдің өзі естіді. Алғаш естіген сәтте-ақ ол есеңгіреп қала жаздады… Бұл күтпеген хабар деуге келмейді, жылдар бойы осы сәтті күтіп жүрген еді ғой, бірақ дәл осы мезетте келеді деп мүлде күтпеген болатын.

      Ойына ештеңе түспей, абдырап қалды. Үлкен ұлы кеше айтып қоймады ма екен! Дәл қазір ғана хабарласты емес пе! «Анашым, бір-екі сағатта барып қалады екен, сендер жаққа жетіп қалыпты, кеше жолға шыққан», – деді. Әйел әлдебір түсініксіз, тасқын секілді сезімге беріліп кетті. Сүйінгені ме, күйінгені ме, өзі де білмейді. Алайда ішіндегі ашу лап еткендей болып, даусын көтермесе болмайтындай, әдейі айқайлап жіберіп, өзін іздеп келе жатқан күйеуін балағаттай жөнелді.

– Ақымақ! Ұятсыз! Бетсіз!.. Келіп тұр ғой енді мені кешіреді деп… Күтсін! Келсін осында, тура алдыма! Мен оған кешірімді көрсетем! Ұят дегеннен жұрдай екен ғой! Бетсіз болған соң осынша жылдан кейін келіп тұр!

       Қызына қосылып, кемпір де жанұшыра қарғап-сілеп жүр…

       Әйел үйге атып кіріп, абыр-сабыр болып, қолына іліккен киім-кешектің бәрін шашып тастады. Сосын сандықтың түбінен көптен бері сақтаулы, мүлде жаңа, үйде киюге жарасымды көйлегін тауып алды. Бұл көйлегін сирек киген, дәл осындай күн үшін сақтап жүрген еді. Шашын әдеттен тыс ұқыппен тарап, сәндеп өріп қойды. Ажарланып, көз тартарлық күйге енді.

       Ал сыртта қайтадан шу күшейе түсті. Енді шал айқайлап жатты…

– Атып жіберем! – деп айқайлады ол күйеу баласының келе жатқанын естіп, – Атып салам! Үйге жолатпаңдар! – деп ашу кернеп, ары-бері сенделіп, қолына түскен затты лақтырып жатты.

       Әкесімен осы уақытқа дейін сөзге келмей келген қызы бұл жолы тосыннан қарсы шықты:

– Араласпаңыз! Кіріспеңіз! Шаруаңыз болмасын! Түсіндіңіз бе?!

      Әке мен қыздың арасындағы жанжал үдей түсті… Ақырында:

– Егер қаласам, мен қайта қосыламын! Түсіндіңіз бе?! Қосыламын! Араласушы болмаңыз! – деді ол.

     Осы сөз айтылған соң бір сәтке бәрі үнсіз қалды. Бәрі ыңғайсызданып қалды, біртүрлі ауыр тыныштық орнады да, шал сенделе басып үйді айналып арт жаққа кетті. Дастарқан жайылса да, қонақтар кешігіп жатты…

***

      Келгендер үшеу екен. Орта жастағы мырзалар дастарқан үстінде сыпайы  отырды. Күйеу баланы ертіп келген достары әдеттегідей қоғам, саясат, жұмыс жайын сөз етіп әңгімелесіп отырды. Шашы сәл ағарған, қараторы, көзі мұңды, биязы көрінетін, жүзінде әлсіз ғана жылы жымиысы бар күйеу бала олардың сөзін анда-санда бас изеп тыңдап, қолындағы кішкентай сүйкімді қызын қайта-қайта маңдайынан сүйіп, еркелетіп қояды.

      Асүйде кемпір мен келін өзара күбірлесіп, жолға салып беретін дорба дайындап жатты. Қақталған ет, қарынға салынған сары май… Шал олардың әңгімесін тыңдап отырып, іштей ашуға булығып, әрең тежеп тұрды. «Әй, осы қыз деген… аяулы екен ғой…» – деп ойлады ол. Міне, сол бір қыздың кесірінен кешірілмес жауын төрге отырғызып, алдына ет тартып, ашуын ішіне жұтып отырғанын қарашы…

      Кетер сәт те келді. Үйде екеуі ғана қалды. Ортада ойнап жүрген кішкентай бала… Әйел…

     Күйеуінің аузынан шығатын сөзді күтіп, дәл қазір кешірім сұраса ішіндегі жиналған ыза мен өкпесін көз жасымен бірге төгіп жіберуге дайын еді. Кешіріп жіберуге де дайын… тіпті ештеңе айтпай, оның кеудесіне басын қойып еңіреп жіберуге де әзір еді. Сол сәтті дірілдеп күтті… Бірақ уақыт жылдарға созылғандай, мүлде жылжымай қойды. Күйеуі әдейі кешірім сұрауды созып тұрғандай көрінді.

    … Ақыры сөз басталды.

– Саған рақмет. Қызды жақсылап өсіргеніңе. Мен сенің алдыңда қарыздармын… Өткен өтті, кеткен кетті… – деп күйеу бір сәт ойға беріліп, үнсіз қалды. Әйел кешірім сұрау оңай емес екенін ойлады. Араларында қаншама жыл жатыр ғой… Әрине, оңай емес. Осы тұста әйел бар күшін жиып, ішіндегі дауылды зорға тежеп, сабырлы үнмен жауап берді:

– Құдайға шүкір… Қызым екеумізді алақанға салып, бағып-қақты. Еш нәрседен кем болмадық…

      Күйеу терең күрсініп алып, үзіліп қалған сөзін қайта жалғады.

– Өткен өтті, кеткен кетті… Ол үшін кек сақтамайық. Айтайын дегенім мынау… Екеуміздің арамызда қызымыз бар екенін ойласам, көңілім тыныштық таппайды. Бала ет пен сүйектен жаралған ғой… Сен де күйеуге тимепсің. Осы уақытқа дейін өз бақытын тапты ма екен деп ойлап жүрдім. Енді қызым екеуіңді өзім-ақ бағып-қақсам ба деймін. Егер келіссек, сені әйеліммен де таныстырамын. Ол түсінеді, өзі өте қарапайым әйел. Асықпай таныссаң, өзің де көресің, екеуің тіл табысып кетерсіңдер…

       Осы болып жатқан оқиғаның бәрі, айтылып жатқан сөздер де әйелге бұлыңғыр, түс секілді әсер етті. Күйеуі кешірім сұрамады…

       Кешірім сұраса ғой… бір төгіліп алар еді… Әйел «ақ» не «қара» дейтіндей халде емес, мең-зең күйде үнсіз отырды. Ал ері одан жауап та күтпеді. Қызын еркелетіп, қолына ақша ұстатты да, енді жиірек келіп қыдыртып тұратынын, кейінірек… қалаға алып кететінін айтып, балаға уәде беріп, сүйіп, қоштасып шығып кетті.

      Сыртта машинаның дүр етіп, жүріп кеткені естілді.

     Сол күн… Дәл сол күн еді бұл. Өмірінде бар күшін сарп етіп күткен, тірі жүрсе де, тірі өмір сүрмегендей, жүрегіне ыза мен кек жинап, ақырында амалсыздан елес пен үмітке сүйеніп күткен бір күні осылай келді де кетті… Жай ғана, үнсіз келді де кетті.

       Ет пен сары май салынған дорба босағада сол күйі қалып қойды…

 

Қырғыз тілінен аударған – Саят Қамшыгер

11.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25761
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25212
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42633
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38472
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43022