Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өз позициясын жақсартып, QS World University Rankings: Asia 2026 аймақтық рейтингінде 61-орынға көтерілді (өткен жылы – 65-орын), осылайша тұрақты дамуын және Азиядағы 1526 жоғары оқу орны арасында беделінің нығая түскенін дәлелдеді.
Биыл бұл рейтингке 44 қазақстандық жоғары оқу орны енді.
ЕҰУ ерекше нәтижеге қол жеткізіп, «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша Азияда 26-орынды иеленді. Бұл жетістік университет түлектерінің жоғары даярлық деңгейін және олардың еңбек нарығындағы сұранысын айқын көрсетеді. Бұл – заманауи университет үшін басты басымдықтардың бірі.
Айта кетерлігі, ЕҰУ «Оқытушылар мен студенттер арақатынасы» және «Шетелдік оқытушылардың үлесі» көрсеткіштері бойынша топ-50 құрамына енді.
Университет халықаралық ынтымақтастық пен студенттік мобильдік бағытында да айтарлықтай ілгеріледі: бұл критерийлер топ-150 қатарына кірді: «Шетелге оқуға кететін студенттердің үлесі» – ең үлкен өсімді көрсетті, 90 позицияға жоғарылады. Бұл – алмасу және академиялық серіктестік бағдарламаларының табысты дамуының айғағы. «Шетелден оқуға келетін студенттердің үлесі» де айтарлықтай өсіп, 39 позицияға көтерілді.
«Шетелдік студенттердің үлесі» 33 позицияға жақсарды, бұл университеттің шетелдік талапкерлер үшін тартымдылығының артып келе жатқанын білдіреді.
«ЕҰУ-дың QS World University Rankings: Asia рейтингіндегі жетістігі – университеттің білім сапасы мен ғылыми ықпалын арттыру бағытындағы жұмысына қуатты серпін береді», – деп атап өтті ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.
Сонымен қатар, «Халықаралық ғылыми коллаборациялар индексі», «Бір жарияланымға шаққандағы дәйексөздер саны» және «Бір оқытушыға шаққандағы жарияланымдар саны» көрсеткіштерінің де өсуін ерекше атап өту қажет.















