Ақмола облысының Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын «Көкшетау» мәдениет сарайында өтті. марапаттау рәсімі өтті. Мерекемен облыстың барлық аудандарынан келген мәдениет қайраткерлерін, шығармашылық ұжымдарды және өнер шеберлерін өңір басшысы Марат Ахметжанов құттықтады.
«Мәдениет – ұлт қасиетінің жаны, өнер – өткен мен болашақты жалғайтын жанды көпір. Сіздердің арқаларыңызда дала данышпандарының ұлы мұрасы жалғасып келеді, ал біздің өңір елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де өзін сенімді танытып отыр. Баршаңызға ісіңізге адалдық пен қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Денсаулық, шабыт, береке және ұлттық мәдениет пен өнердің одан әрі өркендеуін тілеймін», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Іс-шара аясында өңірдің рухани мұрасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін сала үздіктері мемлекеттік наградалар және құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталды. Облыс аумағында жарияланған «Өнер – халық қазынасы» байқауының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар, Гран-при иегерлеріне – Chevrolet Cobalt автокөліктерін сатып алуға сертификаттар табысталды. Олардың қатарында Целиноград, Бурабай ауданы және Степногорск пен Қосшы қалалары бар.
Жалпы Көкше өңірі Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай секілді сал серілер, Құлагерді баптаған атбегі, белдескенді бет қаратпаған Балуан Шолақ сияқты балуандар мекені. Жас буындар арқылы осы өнердің ізі жалғасып, дамып барады. «Мәдениет – ұлттық болмыстың айнасы, өнер – адам бойындағы тума таланттың табиғи көзі. Осы екі қасиет ұштасса өткенді саралап, болашақты бағамдап, өткенді келер шаққа жалғайтын жанды көпір. Сол жанды көпірдің бір парасының куәсі Ақмола облыстық Қазақ драма театры деп білген жөн. 1996 жылы орнаған Көкшетау (бүгінгі Ақмола) облыстық қазақ драма театрына биыл тура отыз жыл. Бұл солтүстік өңірде ашылған алғашқы ұлттық өнер ордасы.
Алматыда өнер институтын бітірген бір топ жас әртістер Жарас Қалдаров, Қайрат Мырзаболатов, Жанар Құсайынова, Төлеубек Көңбайұлы, Құмарбек Қалқатаев, Ербай Дүнгененов, Сафуан Шаймерденов орыс тілді Көкшетауға ұлттық өнермен қатар, қазақ тілімен, рухын, қаласымен, сахнасына алғаш әкелген болатын. Осылай кербез Көкшенің сал мен серілік дәурені қайтадан жаңғырып, бүгінге жалғасты. Театр алғашқы шымылдығын 1996 жылы 6 наурыз күні Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен ашқан екен.
Театр актерлері 2001 жылы қыркүйек айында Мысырда өткен әлемдік театр фестивалінен жүлде алған, абыройлары күні бүгінге дейін асқақтап, шеберліктері шыңдалып, аяғынан нық тұрған ұжым.
Ұжымды алғаш ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов, 2022 жылдан талантты өнер жұлдызы, іскер азамат Жарас Қалдаров басқарып келеді. Театрда Қазақстанның Халық әртісі Жәмила Бағысова, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Қайрат Мырзаболатов, Төлеубек Көңбайұлы бастаған талант иелері еңбек етуде.
Кеше өткен Мәдениет және өнер қызметкерлері күні осы театрдың негізін қалаушылардың бірі, театр және кино актері Төлеубек Көңбайұлы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен сыйланып, марапатты Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов салтанатпен табыстаған болатын.
Дахан ШӨКШИРҰЛЫ,
Ақмола облысы














