Ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау – қоғамдық мәселе, бұл адамзат денсаулығының кепілі және мал шаруашылығы дамуының негізі болып есептеледі. Сондықтан, жыл сайын мемлекет есебінен қаржы бөлініп ветеринариялық іс-шаралар атқарылуда. Республикалық бюджет есебінен бекітілген жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларына аса қауіпті ауруларға қарсы егу және диагностикалық тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақ халқы үшін ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, тұтынса – бұйымы, берсе – сыйы, дауласа – құны болған төрт түлігін түгел өргізіп, тіршілігін төрт түлікпен тығыз байланыстырған. Десек те, бүгінгі таңда мал иелерінің өз меншігіндегі төрт түлігіне бей-жай қарауы мәселе туындатып отыр.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабы бойынша «Жеке және Заңды тұлғалардың жануарлар ауруларының, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөніндегі міндеттері» туралы жазылған:
- Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз ету.
- Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақтылы вакцина егуге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге;
- Жануарлар өлген, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануға;
- Жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға жануарларды сатқанда және сатып алғанда немесе орнын ауыстырғанда хабарлау және ілеспе құжаттары болуы міндетті.
- Союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды өткiзу үшiн союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермеуге;
- Ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезінде оларға жәрдем көрсетуге;
Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодексінің 406-бабы бойынша Жеке және заңды тұлғалар тарапынан ветеринария саласында заңбұзушылықтар орын алған жағдайда қолданылатын әкімшілік шаралар қолданылады.