Маңғыстау облысының делегациясы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиге Жоғары мәртебелі шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянның шақыруымен іссапармен барды.
Кездесу барысында туризм, көлік және логистика, мұнайды терең өңдеу және өзге де перспективалы салаларға инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Тараптар аталған бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату жөнінде өзара түсіністікке қол жеткізді.
Сонымен қатар Жоғары мәртебелі шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян алдағы уақытта Маңғыстау облысына арнайы сапармен келуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында облыс әкімдеріне өңірлерге инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырған болатын. Осыған орай, Маңғыстау облысының әкімдігі берілген тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында алғашқы қадамдарын бастап кетті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі