МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАР ҚУАТЫ АРТА ТҮСЕДІ

МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАР ҚУАТЫ АРТА ТҮСЕДІ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен және журналистермен бірге облыс орталығында  салынып жатқан экономикалық және әлеуметтік маңыздағы нысандардың жұмысымен танысты.

Өндіріс орындарына жеткенше, облыс әкімі Құмар Ақсақалов атқарылып жатқан істер жайлы әңгімеледі. Баспасөз турына қатысушылар алдымен «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қағаз шығаратын зауытының құрылыс алаңына аялдады. Өңірімізге ғана емес, ел көлемінде танылған компания биыл тың істі қолға алуды жоспарлап отыр.

 

– Бес жыл бұрын бос тұрған ғимаратты байқап, оны сатып алуға ұсыныс жасадық. Облыс басшылығының қолдауымен бұл жерде жаңа зауыт ашуға бел будық. Бір жарым жылдың ішінде нысанды қалыпқа келтірдік. Ендігі мақсатымыз – тұрмыста қолданылатын қағаз шығару. Полиэтилен қапшықтар экологиямызға кері әсерін тигізіп, қоршаған ортаны ластайтыны бәрімізге мәлім. Бүгіндері Еуропада оның орнын қағаз қапшықтар басуда. Дүкендерде де пайдаланады. Қазақстанда бұл затты жасауды қолға аламыз, – деді «Радуга» ЖШС-ның бас директоры Дмитрий Шарапаев.

Зауытқа қағаз шығаруға арналған қажетті техника жеткізіліпті. Мамандар оны орнатуға кірісіп кеткен. Дмитрий Анатольевичтің  айтуынша, кәсіпорын биыл қыркүйек айында ашылады. Негізгі шикізат – макулатура. Ол Қазақстанның түкпір-түкпірінен жеткізіледі, бұдан бөлек, кейбір өнім түрлерін шығаруға сабан пайдаланылады. Баспасөз туры барысында қоғам белсенділері елімізде А4 форматындағы кеңселік қағаздың жеткіліксіздігін алға тартты.

– Бұл жайттан хабардармыз. Кейін зауытымызда сабаннан картон мен А4 форматындағы қағаз шығаруды қолға алмақпыз. Өкінішке қарай, облыста кеңселік қағаздың аздығы айқын сезіледі. Бүгінгі күні бұл өнім өңірімізге Ресейден жеткізіледі. Сондықтан оны шығару маңызды болып отыр. Алғашында айына А4 қағазының 30 мың бумасын әзірлейміз. Нәтижесінде импорттың 25 пайызын жабамыз деген ой бар, – дей келіп, Дмитрий Шарапаев жылына 5 мың тоннаға жуық дайын өнім шығару жоспарланып отырғанын алға тартты.

Қағаз шығару зауытының құны 2,2 млрд теңгені құрап отырғанын атап өткен жөн. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған жоба «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Жаңа өндіріс ошағы ашылған кезде 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, «Радуга» серіктестігі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып отыр.

– Пандемия салдарынан жаңа зауыттың уақытында ашылатынына сенген жоқпыз. Алайда биыл карантиндік талаптар жеңілдетіліп, қажетті техника дер кезінде жетті. 16 контейнерге тиелген қондырғылар орнатылып жатыр. Күзде қағаз шығаратын өндіріс ошағы есігін айқара ашады деген сенімдеміз, – деді Құмар Іргебайұлы.

«Радуга» серіктестігінің басшылығы көкөністерге арналған жылыжай кешенін салуды жоспарлап отырғанын да жеткізді. Жоба құны – 7 млрд теңге. Компания тиісті қаражатты «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан алмақшы. Нәтижесінде кәсіпорын облыс тұрғындарының 30 пайызын қажетті көкөніспен қамтамасыз етпек.

– Қараша айынан жаз уақытына дейін көкөністер еліміздің оңтүстік аймақтарынан жеткізіледі. Бағасы да қымбаттайды. Ал біздің жылыжыжайдың іске қосылуымен өнім құны бір қалыпта болады. Сауда орындарында баға негізсіз көтерілмейді. Жалпы біздің кешен 3,7 гектар аумақты қамтиды. Онда автоматтандырылған жылыту және суару жүйесі орнатылады. Жоспарлаған қондырғылардың тең жартысын сатып алдық. Бұл жерде тек өңір тұрғындары жұмыс істейтін болады. Қазірдің өзінде қарамағымыздағы колледжде жылыжайда еңбек ететін мамандар даярлықтан өтіп жатыр. Студенттеріміз диплом алысымен, бізде жұмыс істейді. Шамамен бұл кәсіпорнда 60  шақты жаңа жұмыс орны ашылады, – деді серіктестік басшысы.

Баспасөз турына қатысушылар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаңадан салынып жатқан оқу-зертхана корпусына барды. Заманауи ғимаратта 70 зертхана болады. Мұнда аграрлық және техникалық бағытта оқып жүрген студенттер тәжірибелік сабақтарын өткізбек. Жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Шулановтың айтуынша, алдағы оқу жылында университет кей мамандықтар бойынша 2 дипломдық жүйеге көшеді. Білім ошағының түлектері Аризона университетімен әріптестік байланыстың арқасында шетелдік дипломға ие болады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы маңда оқу кампусының құрылысын бастау жоспары бар екенін жеткізді.

– Университеттің жанында жеке тұрғын үй секторы бар. Алдағы уақытта ондағы ескі үйлерді сүріп, орнына университеттің кампусын тұрғызуды ойластырып жатырмыз. Әрине, ол бір жылдың ішінде істелетін жұмыс емес, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңірдегі озық жобалардың бірі – «Петропавл электртехникалық зауыты». Биыл ашылған өндіріс ошағының жұмысымен «Alageum Group» компаниясының бас директоры Серғазы Күнтуаров таныстырды.

– 2022 жылдың соңына дейін 4 мың трансформатор шығаруды жоспарлап отырмыз. Әзірге зауытымызда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дені – Алматы, Шымкент, Кентаудағы филиалдардан келген қызметкерлер. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасының түлектері де екі қолға бір күрек тауып отыр. Келер жылдан бастап, зауытымыздың қуатын арттырып, трансформатордың 13 мың данасын құрастырмақ ойымыз бар. Ал жұмысшылар санын 350-ге дейін жеткізбекпіз. Өніміміздің 90 пайыздан астамын экспортқа шығарамыз. Қалғанын жергілікті нарықта саудалаймыз, – деді Серғазы Нұртазаұлы.

«Петропавл электртехникалық зауыты» жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына да ерекше мән беріліп отыр. Отбасында 4-6 баласы барларға көтерме ақы қарастырылған. Биыл  қаладағы ескі ғимаратты жаңартып, ондағы пәтерлерге кәсіпорын басшыларының 40 отбасы қоныстанды. Бұл мақсатқа зауыт 650 млн теңге қаржы жұмсаған. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Петропавлда компания қызметкерлеріне арналған 104 пәтерлік көпқабатты үй тұрғызылып жатыр.

Сапар соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде бос тұрған 300 мың шаршы метр өндірістік ғимарат болғанын, бүгіндері соның тең жартысына инвесторлар табылып, жаңадан өндіріс ашуға мүмкіндік жасалғанын айтты. Өңір басшысы машинажасау кәсіпорындарының биылғы жоспарларымен де бөлісті. Мәселен «Мұнаймаш» зауыты жыл соңына дейін 5,5 млрд теңгенің, «ЗИКСТО» – 20 млрд. теңгенің, Киров атындағы зауыт – 11 млрд теңгенің тауарын шығармақ. «Class» концернінің филиалы былтыр 92 комбайн құрастырса, осы жылы 150 комбайн мен 30 егіс кешенін жасауды жоспарлап отырғанын атап айтты.

Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы
26.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8776
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8176
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11405
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9159
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10390