Таразда 48 жаңа үй салынып, жүздеген үй жөнделмек

Таразда 48 жаңа үй салынып,  жүздеген үй жөнделмек

Тараз қаласында тұрғын үй қорын жаңарту мен жаңа үйлер салу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуда. Бүгінде қалада 1438 көпқабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 151-і – барак үлгісіндегі ескі ғимараттар, ал 1287-сі – екі қабаттан жоғары ғимараттар. Уақыт сынынан өткен бұл үйлердің басым бөлігі қайта жөндеуді қажет етеді. 

Қала аумағындағы 1103 үй 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Олардың 553-іне күрделі жөндеу жүргізілгенімен, әлі де 550 үйді қалпына келтіру қажет. 2024 жылы 73 көпқабатты үйді жөндеуге қала бюджеті есебінен 7,8 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл қаржы қасбеттерді, шатырларды және инженерлік жүйелерді жаңартуға бағытталмақ.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, қала орталығының сәулеттік бейнесін жаңарту жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында өткен жылы Төле би даңғылындағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары қайта жөнделсе, биылғы жылы Абай даңғылы мен Айтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі тағы 16 үйде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұндай шаралар қаланың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыстық жағдайына да оң әсерін тигізеді.

Тұрғын үй қорын жаңғыртумен қатар қалада жаңа құрылыстар қарқынды жүруде. 2025 жылдың соңына дейін Таразда 48 жаңа көпқабатты үй пайдалануға берілмек. Оның сегізі биылғы жылдың алғашқы жартысында, ал қалғаны екінші жартысында аяқталады деп күтілуде. Әулие-Ата шағынауданында ірі құрылыс жобасы жүзеге асырылып, 22 бесқабатты үйдің құрылысы басталды. Қазірдің өзінде жеті мердігер компаниямен келісім жасалған. Сонымен бірге бұл ауданда 145 тұрғын үй салу көзделіп отыр. Оның ішінде 64-і таунхаус түрінде, 81-і көпқабатты үй болмақ. Бұдан бөлек, екі мектеп, үш балабақша, көпсалалы аурухана, мамандандырылған емхана, лицей-интернат, шығармашылық орталық, спорт кешені, Той сарайы және толық инженерлік инфрақұрылым құрылысы да жобада қамтылған. Жыл соңына дейін негізгі жұмыстарды аяқтау жоспарланған.

Ұлы Дала шағынауданында да 22 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның төртеуі жалдамалы, қалғаны несиелік тұрғын үйлер. Асқаров көшесінің соңындағы 16-шы шағынауданда төрт бесқабатты, 180 пәтерлі үй жаңғыртылуда. Жоба мердігері – «Агроспецстрой» ЖШС. Мұнда қасбеттер мен шатырлар жаңартылып, ғимараттарға заманауи сипат берілуде. Сонымен қатар, 66 жаңа тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалған, бұл қала тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтуға ықпал етпек.

Ауқымды жобалардың бірі Шапағат шағынауданында жүзеге асырылуда. Мұнда 351 жеке тұрғын үй және 82 бесқабатты көпқабатты үй салу жоспарланған. Жалпы тұрғын үй қоры 478,5 мың шаршы метрді құрап, 16 720 адамды қамтитын болады. Жаңа қалашықта тұрғындарға қажет барлық әлеуметтік және әкімшілік нысандар қарастырылған. Мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимараттар, сауда орындары, дәріханалар, перзентхана, спорт кешені, Мәдениет үйі мен мешіт бой көтереді. Сондай-ақ демалыс үшін қалалық парк салу көзделген. Қазіргі уақытта бұл аумақта базар, автовокзал, кәріздік-сорап станциясы, электр және трансформаторлық қосалқы станциялар, мектеп пен онкологиялық диспансер жұмыс істеп тұр.

Тараздағы тұрғын үй құрылысы мен жаңғырту шаралары қаланың инфрақұрылымын кеңейтіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Ескі үйлер жөнделіп, жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қатар дамып жатқан бұл жобалар шаһардың келешегіне тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасамақ.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Тараз қаласы

 

12.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17450
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17294
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32476
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31066
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34715