Өткен жыл Жамбылдағы қант қызылшасы шаруашылығымен айналысатын диқандар үшін оңайға соққан жоқ. Былтырғы қиындықтардан енді ғана ес жия бастаған шаруаларға келер жылдан бастап түбегейлі өзгерістер уәде етілуде. Мамандардың болжамы бойынша қант қызылшасын өңдеу көлемі үш есеге ұлғаймақ.
Бұл тек егістік көлеміне қойылған шектеулердің алынуын ғана емес, сонымен қатар тәтті түбірге арналған алқаптардың кеңейтілуін ынталандыруды білдіреді. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бұл саланың келешегі зор екеніне сенімді.
– Қазір Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, жабдықтарға да тапсырыс берілді. Келер жылы қызылша қабылдау желісін іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар қытайлық инвесторлармен бірлесіп, қуаттылығы бір млн тонна болатын жаңа зауыт салу жобасы талқылануда, – деді басқарма басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев. Оның айтуынша, ҚХР-дан арнайы делегация алдағы апталарда келмек. Құжаттар толық дайын, егер бәрі жоспарға сай өтсе, кәсіпорын келесі жылы іске қосылады.
– Жаңа зауыт жылына бір млн тоннаға дейін қызылша қабылдай алады, ал Тараз және Мерке зауыттары қосымша 500 мың тоннаны өңдейді. Осылайша, зауыттың жалпы қуаттылығы 1,5 млн тоннаға жетеді. Былтыр шаруалар шамамен 600 мың тонна өнім жинады, бірақ алдағы уақытта әлдеқайда көп өнім қажет болады. Қазір субсидиялау және басқа да қолдаулар мәселесі қаралуда. Мысалы, зауыттар қызылшаны алқаптан өздері тасымалдап, фермерлердің шығынын азайтатын қабылдау механизмін енгізу жоспарлануда, – деп түсіндірді Әбдірасыл Желеубаев.
Алайда шаруалардың өздері бұл мәселеге әлдеқайда сақтықпен қарайды. Көптеген фермерлер қызылша өсіруден мүлде бас тартып, басқа дақылдарға көшуде.
– Биыл маған 1 500 тонна лимит береміз деп уәде еткен, бірақ тек 1 000 тонна ғана берді. Оның өзін сақтау қажет пе, жоқ па – белгісіз. Көптеген әріптестеріме де лимит бөлінді, бірақ олар қызылша егуден мүлде бас тартты. Тараз қант зауыты расымен жаңғыртылып жатыр, Германиядан жабдықтар әкелінді, мерзімі бойынша үлгеріп жатқан сияқты. Бірақ Байзақ ауданындағы жаңа жобаға сену қиын: бір жылдың ішінде инвестор тауып, зауыт салып үлгереміз дейді. Қызылша егістігін кеңейтеміз бе, жоқ па – бұл сұрақ ашық күйде тұр, өйткені барлығы қаржыға тіреледі, – дейді «КЭМА-АГРО» шаруа қожалығының басшысы Махамаджан Курбанов.
Мәселе мынада: егер өндіріс көлемін күрт ұлғайту қажет болса, онда оған дайындықты қазірден бастау керек. Ал қызылша өсірушілер алдағы уақыттағы ахуалдың қалай қарай мойын бұрып кетерін болжай алмай отыр. Бірақ фермерлердің пессимистік көзқарасымен Жамбыл облысы қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы Саха Манатов келіспейді. Ол Байзақ ауданындағы жаңа зауыттың ашылатынына сенімді, тіпті алғашқы жылы жарты қуатында болса да жұмыс істейтінін айтады.
– Қазір біз өзімізді қорғағымыз келеді. Енді келісімшартсыз жұмыс істемейміз. Қыркүйек айынан бастап Тараз қант зауыты келесі жылға өнім қабылдауға келісімшарттар жасай бастайтынына көз жеткіздік. Алайда қызылшаны тек кепілдік алғаннан кейін ғана егін егеміз, – дейді ол.
Баға өсіп жатқанымен, фермерлер былтырғы бағасына да келісуге дайын, өйткені шын мәнінде, 2024 жылы (шикізат артық болғандықтан) зауыт бағаны қатты төмендетіп жіберді, ал биыл тіпті сол бағаға да жете алмадық дейді олар.
– Егер жаңа зауыт толық қуатымен іске қосылса, мен теориялық тұрғыда 1000 гектар жерге қызылша еге аламын, бұл биылғыдан бес есе көп. Барлық қажетті техника мен жұмыс күші бар. Бірақ мемлекет инфрақұрылым мәселесін шешуге көмектесуі керек, өйткені мұны өз күшімізбен шеше алмаймыз. Өнім көлемі күрт өсетінін ескерсек, Қырғызстаннан келетін суға сенуге болмайды. Олар биылдың өзінде су жіберуді тағы қысқартты, бізге су жетпей жатыр. Сондықтан бүкіл үміт – жерасты суларында. Шұғыл түрде ұңғымалар қазуымыз керек. Әйтпесе, тек жаңа зауыт емес, терең өңдейтін жүгері зауыты да іске аспайды, – деді фермер.
Алдағы үш жыл ішінде жүгері мен қызылшаға 25 мың гектар жер бөлінеді деген жоспар бар. Бұл мақсатта тек ұңғымалардың өзіне кем дегенде 17 млрд теңге қажет.
– 200 метр тереңдікке бір ұңғыма қазу шамамен 200 млн теңге тұрады, ол бар болғаны 30 гектар жерді сумен қамтамасыз ете алады. Қазір біз әкімдікпен әр ауданда 2 000 гектар жердің инфрақұрылымын мемлекет есебінен қамтамасыз ету нұсқасын талқылап жатырмыз. Қалған техника мен жабдықты фермерлер өздері сатып алады, – дейді Саха Манатов.
Қазіргі басты мәселе – бюджеттен қаржы табу. Қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы айтқандай, субсидия беру жағдайында мемлекет шығынның 80 пайызын өтейді, оның 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Фермерлердің пікірінше, бұл мәселені үш жыл бұрын су үнемдейтін жүйелерді орнатуды ынталандырғандай, аванс төлеу арқылы шешуге болады. Сонымен қатар Саха Манатовтың айтуынша, бұл бағыттағы несиелердің пайыздық мөлшерлемесін 12,6 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету қажет.
А. ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы