Маңызы ауқымды «AUYL FEST»

Маңызы ауқымды  «AUYL FEST»

Осы аптада Батыс Қазақстан облысында тұңғыш халықаралық «AUYL FEST» фестивалі ұйымдастырылды.

Ауылшаруашылығы саласындағы маңызды іс-шаралардың айтулысы болған фестивальдің мақсаты – ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, заманауи технологияларды енгізу арқылы отандық қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. 

Фестиваль аясындағы «Auyl fest. Қой шаруашылығы – 2025» атты халықаралық форумға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Аграрлық комитет» төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоқжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, сондай-ақ отандық сарапшылармен қатар Ресей, Қытай, Венгрия, Франция және Иран Ислам елдерінен келген шетелдік қонақтар, ғалымдар мен ауылшаруашылығы саласының мамандары қатысты. 

Форумда сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы: 

– Мемлекет басшысы өз сөздерінде ауылдың әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып жүргені белгілі. Оған қоса биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы»деп жариялады. Бұл бастама – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, нақты өндіріс пен кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа серпін беруге бағытталған маңызды қадам, – деді. 

«Батыс Қазақстан – қазақтың еділбай қойының отаны» деген «Ауыл» партиясының төрағасы С.Егізбаев қой шаруашылығына арналған форумның осы өңірде өту себебіне де назар аудартты. Форум жұмысына қатысушылар қой шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу, мал шаруашылығындағы инновациялық тәсілдер, экологиялық тұрақтылық пен экспорттық әлеуетті кеңейту бағыттарын талқылады. Фестиваль барысында ғылыми-практикалық конференциялар, қой тұқымдарының көрмелері, тәжірибе алмасу алаңдары, ұлттық қолөнерден шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. 

Көрменің басы-қасында жүрген Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіндегі «Аграрлық инновациялық-технологиялық паркінің» ғалымдары халықаралық деңгейдегі бұл фестивальдің қой шаруашылығының тиімділігін тағы бір мәрте айшықтағанын атап өтті. 

– «Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп, ата-бабамыз текке айтпаса керек. Форум барысында Шопан ата тұқымының санын арттырып қана қоймай, терісі мен жүнін өңдеу, осы салаға инвестиция тарту мәселелері айтылды. Біздің өңір – әлемге әйгілі ақбас сиырдың, Көшім жылқысының, Еділбай және Ақжайық қойларының отаны. Облысымызда қой басы 1 миллион 300 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай көрсеткішке қол жеткіздік. Соңғы он жылда шопандарға 5 млрд теңге демеуқаржы төленген екен. Демек, аталған іс-шара бұл саланы әлі де дамытып, инвестиция тарту қажеттігін айғақтады. Қой көрмесіне қазақтың еділбай, құйрықты қылшық жүнді, ұяң жүнді, Ақжайық етті-жүнді тұқымдарымен қатар цигай, Волгоград, гиссар, арашан сынды қой тұқымдары шығарылды. Сосын қой қырқудан жарысқа төреші болдық, – дейді қой саласының ғалымы, PhD Айнұр Давлетова. 

«AUYL FEST» халықаралық фестивалінде ғалым Айнұр Мәлікқызына етті-майлы өнімділік бағытындағы қылшық және ұяң жүн типті қой шаруашылығының республикалық палатасы атынан «Қой шаруашылығының үздік маманы» төсбелгісі табысталды. Сонымен бірге «Ауыл» партиясы төрағасының дипломымен марапатталды. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы 

 

21.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17686
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17531
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32717
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31290
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34960