«Қайсар жүрек» қоғамдық қоры 2015 жылдың 28 шілдесінде Әділет департаментінде тіркеліп, содан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта біз Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік жобаларын атқарып жатырмыз. Қала колледждерінде Қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік - патриоттық жобалары аясында кездесулер мен ашық тәрбие сағаттары ұйымдастырылуда.
Алматының 15 колледждерінде кездесулер мен дәрістер өтіп жатыр. Қараша айының басында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған жобасының аясында Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технологиялар колледжінде студент жастар мен Желтоқсан ардагерлерінің кездесуі болып өтті. Онда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихынан бейнеролик көрсетілді. Батырларымыз Ербол Сыпатаев атындағы көшеде және Ләззат Асанованы еске алуға арналған «Рухы биік қоғам – таза табиғат үшін» экологиялық акциясы бойынша Желтоқсан саябағында қала жастарымен сенбіліктер ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары арасында патриоттық әндер байқауы мен желтоқсан тақырыбында Эссе жазудан конкурс өтті. Сондай-ақ Сәбира Мұхамеджанова мен Ербол Сыпатаевтың құрметіне арналған жоба аясында Алматы автомеханика колледжінде, Авиация колледжінде студент жастармен кездесу өткізілді. Желтоқсан ардагерлерінің сұхбаттары Sector X интернет радиосында жазылып, әлеуметтік желілерге таратылды. Биыл 12 желтоқсаншыдан сұхбат алдық. Оны Фб мен Ютуб арнасында жариялап, Тик-ток пен инстаграмға салдық. «Қайсар Жүрек» қоғамдық қоры осындай жұмыстарды бірнеше жылдан бері атқарып келеді.
Қарттар мен мүгедектерге, жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттерге, балалар үйлері мен интернаттарға және «Алтын жүрек» қарттар мен мүгедектерге арналған күтім үйі, «Демеу» қарттар мен мүгедектер үйі, «Биікке самғар» студенттер жатақханасы, сондай-ақ Нашар еститін балаларға арналған арнайы оңалту 5-мектеп интернаттың оқушыларына барып қайырымдылық іс-шараларын өткіздік. Республика күніне орай Түрксіб ауданының Жастар комьюнити орталығында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаҺарманы Сәбира Мұхамеджанованың құрметіне арналған патриоттық әндер байқауын жарияладық, «Желтоқсан оқиғасының тәрбиелік маңызы» тақырыбымен оқушылар арасында эссе жазудан байқаудың жеңімпаздарын марапаттадық. Принтмедиа технологиялар, Қонаев атындағы және Алматы автомобиль жол колледждерінің студенттері және Желтоқсан ардагерлерінің қатысуымен сенбіліктер өткіздік. Өткізіліп жатқан іс-шараға барлық қоғамдық ұйымдар қатысады. Оның ішінде «Тәуелсіздік – 1986 – Желтоқсан», «Желтоқсан көтерілісі», «Тәуелсіздік қырандары», «Өршіл рух», «Желтоқсан жұлдыздары», «Желтоқсан зейнеткерлері»,т.б. ұйымдары белсене атсалысуда. Осындай еңбектері үшін «Қайсар жүрек» қоры үкіметтік емес ұйымдардың Республикалық 12-форумында «Таңдау» сыйлығының лауреаты атанды.
Міне, аталған игі шаруаларды атқарудағы басты мақсатымыз – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру және Желтоқсан батырларының жанқиярлық істерін жеткізу, ерліктерін ұмыттырмай насихаттап отыру.
Шара ЕРГЕБАЕВА,
«Қайсар жүрек» қоғамдық қорының директоры














