Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің 2023 жылғы 10 сәуірдегі бұйрығымен мұз астына түскен екі баланы құтқарудағы батылдығы мен жанқиярлығы үшін Тараз қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Қайрат Тұрлыбаев «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінде өткен марапаттау рәсімінде департамент бастығы Ермек Момбаев полиция қызметкеріне өзінің кәсіби міндеттеріне жауапкершілікпен қарағаны және азаматтық борышын орындағаны, қырағылық,табандылық және игі іс жасағаны үшін алғыс білдірді. Еске сала кетсек, биылғы 31 наурызда бұқаралық ақпарат құралдарында учаскелік полицейдің ерлігі туралы мақала жарияланып, өткен жылдың 28 желтоқсанында Қайрат Тұрлыбаевтың мұз астына түскен екі баланы құтқарғаны белгілі болған еді.
Сол күні кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор Қ.Тұрлыбаев әдеттегідей жұмысына бара жатқан. Қаланың Саңырық батыр көшесіндегі каналдың жанынан өтіп бара жатып, көліктің ашық терезесі арқылы балалардың көмек сұрап айқайлағанын естиді. Ол ойланбастан дереу көліктен шығып, каналға қарай жүгірген. Полиция қызметкері жылдам суға түсіп, балаларды бірінен соң бірін шығарып, үйіне апарып, ата-анасына тапсырған. Содан соң үсті-басы су болған Қайрат Тұрлыбаев киімін ауыстырып, болған оқиға туралы ешкімге айтпастан қызметін жалғастырады. Полиция қызметкерінің бұл азаматтық әрекеті туралы құтқарылған балалардың ата- аналары айтқан.
– Мен канал маңынан шамамен 9-10 жас аралығындағы екі ұл баланың суық суда тұрып, мұздың шетінен ұстап, айқайлағанын көрдім. Содан оларға көмекке ұмтылдым. Бәрі жақсы аяқталғанына қуаныштымын, – дейді «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалінің иегері Қайрат Қыдырбайұлы.