Масадан туған мәселе

Масадан туған мәселе

Күн жылынғанда атыраулықтарды масаның мәселесі алаңдата бастайды. Жаз айларында күндіз қапырықпен, түнде қансорғышпен алысатын тұрғындардың да жанайқайын түсінуге болады. Себебі, жыл сайын сол баяғы сұрықсыз көрініс қайталана береді. Жертөлелерді «тұрақты мекен етіп», аулаларды «меншіктеп» алған масалар көпшіліктің мазасын қашырады. Атырауда қансорғышпен күрес жұмыстарының көктем айларында басталатыны да сондықтан. Конкурс нәтижесі бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістеріне дәрілеу жұмыстарын мердігер «AG Disinfection Services» ЖШС жүргізіп жатыр. Шаһарда қансорғышпен күрес жұмыстары үшін жергілікті қазынадан 101 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Десек те, оған «пысқырып» жатқан маса жоқ сияқты.

 

Сенімнен гөрі күдік көп

Шын мәнінде, жұртшылықтың өкпе-реніші орынды. Жаз мезгілінде далаға шығып, таза ауамен демалудың өзі мұңға айналатынын Атырау тұрғындары жақсы біледі. Қаланың орталығында да, оған қарасты елді мекендерде де маса көбейеді.  Жыл сайын қайталанатын «картинадан» мезі болған жұртшылықтың күдігі сейілер емес. 

– Жаз айлары басталса ауа райының жылынғанына қуанасың. Екінші жағынан қансорғыш жәндіктің жайы алаңдатады. Каникулда күндіз ыстықтан, кешке масадан мазасы қашқан балалар да асыр салып далада ойнай алмайды. Күні бойы төрт  қабырғада телміріп отырған оларды аяйсың. Негізі, жазда еліміздің әр өңірінде маса кездеседі. Бірақ, дезинфекциялық шаралар тұрақты жүргізілгендіктен, жағдай дәл біздегідей емес, – дейді қала тұрғыны Ләйла Қуанбаева. 

 

Дезинсекциялық жұмыстар күшейтілді

Атырауда соңғы күндері жауын-шашынның жиі жаууы мен теңізден соққан желдің әсерінен маса көбейіп, дезинсекциялық жұмыстар күшейтілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, дезинсекциялау күн сайын кешкі сағат 22:00-ден түнгі 02:00-ге дейін жалғасады. Қазір жұмыстар күшейтілген режимде ұйымдастырылып, күн сайын 3-4 рейспен жүргізіліп жатқан көрінеді.

Иә, жері сортаңдау аймақта жаз мезгілінде қансорғыштың шамадан тыс көбейіп кетуі – маусым сайын қайталанатын жағдай. Әр жылда онымен күрес жұмыстарына қазынадан қомақты қаражат та бөлінеді. Алайда, қансорғыштар біздің климатқа әбден бейімделіп алған. Бұған дейін қолданылып келген дезинсекциялық құралдарды «пысқырмайтын» да көрінеді. Биолог-энтомолог мамандардың айтуынша, бұған дейін бізде Кремльдің айналасындағы масаларды улайтын дәрілер пайдаланылған. Өкінішке қарай, қансорғыштар оған да бой үйретіп алыпты.  

– Масамен күрес үш кезең бойынша жүзеге асады. Дезинсекция кезінде «Агран», «Мистраль», «Фаскон», «Сольфак» және «Циперметрин» препараттары қолданылады. Бұл құралдар адам денсаулығы мен үй жануарларына зиянсыз. Барлық ерітінділер арнайы зертханада дайындалып, тиісті тексеруден өтеді, – деді «AG Disinfection Services» ЖШС директорының орынбасары Гүлсара Махметқызы.

Ерік көпірі мен Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы «Сасық сай» учаскесі масаның көбею ошағы ретінде белгілі. Осыған байланысты бұл аумақта дронның көмегімен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Дрон арқылы шашылатын ерітінді 300 метр радиусқа таралып, әсер ету аумағы 2 шақырымға дейін жетеді. Мұндай жұмыстар масаның көбею деңгейіне қарай аптасына 1-2 рет атқарылады.

Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістерінде, су айдындары мен ылғалды аумақтары да залалсыздандырылуда. Жұмыстар жаз бойы жалғасады. Ал, дезинсекция жұмыстары қатты жел немесе жауын-шашын кезінде уақытша тоқтатылады екен.

 

Арнайы техника мен жұмысшы топтары құрылды

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Назерке Махметованың айтуынша, биыл шіркейлердің көбеюіне ауа райы жағдайы себеп болған.

– Көктем мен жаздың алғашқы айларында жауын-шашынның жиі түсуі мен ауа ылғалдылығының артуы су жиналатын аумақтардың көбеюіне ықпал етті. Бұл масалардың көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастырды. Сондай-ақ өңірдің өзен-көлдерге жақын орналасуы да әсер етеді. Масалардың жаппай көбею кезеңі мамыр-маусым айларына сәйкес келеді, – дейді маман.

Ғалымдардың мәліметінше, соңғы уақытта тұрғындарды алаңдатқан ұсақ қара шыбындардың саны да жақын арада азая бастайды. Өйткені олардың жаппай таралу кезеңі аяқталуға жақын.

Қазір өңірде, әсіресе су айдындарына жақын аумақтарда дезинсекциялық жұмыстар жалғасып жатыр. Залалсыздандыру шараларына арнайы техника мен жұмысшы топтары жұмылдырылған. Жұмыстар күн сайын кешкі сағат 21:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүргізіледі.

Р.S: Жыл сайын әлемде 700 миллионнан астам адам маса шаққаннан кейін ауруға шалдығады. Оның 750 мыңы қансорғыштар арқылы берілетін індеттен көз жұмады екен. Кейбір елдерде мутацияға ұшыраған масалар түрлі аурудың негізгі таратушысы саналып отыр. Мәселен, Бразилияда қансорғыштан тарайтын «Зика» (Zika) деген ауру пайда болған. Яғни, жүкті әйелді маса шағып алса, оның құрсағындағы сәбидің дамуында ақау пайда болып, өмірге келгеннен кейін 6-7 ай ғана жарық дүниені көреді екен. Мамандардың айтуынша, бізде қыс мезгілі болғанының арқасында ондай жағдай жоқ. Бірақ, қазірдің өзінде ғалымдар 8-10 жылдан кейін Еуропада қар жаумайды деген болжам жасап отыр. Демек, ғаламдық жылыну барлық мемлекетке әсерін тигізетіні анық.  Сондықтан, өзімізде де биологиялық зертхана ашатын кез жетті. 

Десек те, тері аурулары дәрігерлері көшеге шығарда немесе далалық жерге барған кезде міндетті түрде арнайы спрей, гельдерді жағып жүруге кеңес береді. Ал, жәндік шағып алған жағдайда «псилобальзам» секілді жақпамай, гельді қолданған абзал. Бұл – басқа препараттарға қарағанда тиімдірек. Егер аллергиялық қышыну, ісу реакциялары байқалса, өз бетінше емделмей, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.  

 

А. ХАМИТТЕГІ
18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43181