Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов өңірге жұмыс сапары барысында Алтай ауданы активімен кездесті. Сонымен қатар, халық қалаулылары Алтай қаласының орталық және батыс бөліктерінде жүргізіліп жатқан су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Аталған жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын жоба бойынша 110,5 шақырым су құбыры тартылып, 9 420 абонентті орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу көзделген. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталды.

Өз кезегінде су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша Алтай ауданы әкімінің орынбасары пікір білдірді.
«Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда негізгі желілер толық тартылып, құбырларды шаю және дезинфекциялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Жобаны сапалы әрі уақытында аяқтау – біздің басты міндетіміз. Барлық жұмыстар техникалық талаптар мен қолданыстағы нормаларға сәйкес орындалуда. Дегенмен, бұл нысандарды құрылыстың 3-кезеңін аяқтамай пайдалануға беру мүмкін болмайды. Өйткені, ескі су құбырлары 1960 жылдары салынған шойын құбырлардан тұрады, және оны ауыстырмай қаланың жаңартылған су жүйесін іске қосу мүмкін емес. Бұл жұмыстарға шамамен 2,0 млрд.теңге қажет», – дейді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Заңғар Шаухин.
Мәжіліс депутаттары құрылыс алаңын аралау барысында атқарылған жұмыстардың сапасына, қолданылып жатқан материалдардың стандарттарға сәйкестігіне және жобаның белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, туындап отырған мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
«Бұл – тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Мыңдаған отбасы таза ауыз сумен қамтылады. Сондықтан, бүгін көтерілген мәселе бойынша да жұмыс жасаймыз. Ең бастысы – бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі және жұмыстардың сапалы орындалуы. Осы бағытта партиялық бақылау күшейтіледі», – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында су құбыры құрылысы мен реконструкциясы бойынша 10 нысан жоспарланған. Бүгінде 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды, атап айтқанда: Өскемен қаласында – 2 нысан, Ұлан ауданында – 3 нысан (Отрадное, Асубұлақ және Бозанбай ауылдарында), Шемонаиха ауданында – 2 нысан (Березовка және Большая Речка ауылдарында).
Аталған жобалардың нәтижесінде мыңдаған тұрғын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтылып, өңірдегі елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарады.
Қазіргі уақытта қалған 2 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Мәжіліс депутаттары мен «AMANAT» партиясының өкілдері бұл жобалардың да уақытылы әрі сапалы аяқталуын тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өтті. Тәттімбек Асханұлы
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің
ШҚО бойынша меншікті тілшісі














