23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Алматы облысында дәстүрлі XVIII спартакиада 12-13 маусым күндері Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі спартакиаданың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, ұжымдық байланысты нығайту және қызметкерлердің дене белсенділігін арттыру. Биылғы жарысқа облыстың барлық өңірлерінен келген 21 құрама команда қатысып, 600-ден астам мемлекеттік қызметші спорттың тоғыз түрі бойынша өзара бақ сынады. Атап айтқанда, шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, қазақ күресі, киберспорт және баскетболдан үздіктер анықталды.
Бұл спартакиада жеңімпаздарды анықтайтын спорттық жарыс қана емес, мемлекеттік қызметшілердің өзара тәжірибе алмасуына, әріптестік байланысты нығайтуына және командалық рухты қалыптастыруына ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Жарыс барысында табандылық, тәртіп, жауапкершілік пен мақсатқа ұмтылу секілді қалыптасқан қасиеттер мемлекеттік қызмет саласында да аса маңызды орын алады.
Мемлекеттік қызмет жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін сала болып табылады. Көптеген қызметкерлердің жұмыс уақытының басым бөлігі кеңседе, компьютер алдында өтетіні белгілі. Сондықтан денсаулықты нығайту, белсенді өмір салтын қалыптастыру және спортпен тұрақты айналысу – уақыт талабы. Осындай спорттық іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын жақсартып қана қоймай, олардың еңбек өнімділігін арттыруға, жұмысқа деген ынтасын күшейтуге және эмоционалдық серпін алуға мүмкіндік береді.
Мемлекетке қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен сенім. Ал сол сенімді абыроймен ақтау үшін мемлекеттік қызметкердің кәсіби біліктілігімен қатар, денсаулығы мықты, рухы сергек болуы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, спорт – тек дене шынықтыру құралы ғана емес, қызмет тиімділігін арттырып, өмір сапасын жақсартатын маңызды фактор.
Жарыс қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер арасындағы жалпы командалық есепте:
І орын – Кеген ауданы;
ІІ орын – Балқаш ауданы;
ІІІ орын – Іле ауданы.
Ал құқық қорғау органдары арасындағы жалпы командалық есепте:
І орын – Алматы облысы Полиция департаменті;
ІІ орын – Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті;
ІІІ орын – Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Айта кету керек, жарыста топ жарған команда 10-18 шілде аралығында Көкшетау қаласында өтетін республикалық деңгейдегі спартакиадада Алматы облысының намысын қорғайтын болады. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында өткен бұл жарыс барлық қатысушылар үшін үлкен мотивация мен жігер көзі болды. Спорттағы жеңіс пен табандылық әрбір мемлекеттік қызметшіге кәсіби қызметінде де жаңа белестерді бағындыруға серпін берді. Осы орайда барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Спорт пен салауатты өмір салтын серік етіп, қызметте де, өмірде де биік белестерді бағындыра беріңіздер! Еліміздің өркендеуі жолындағы адал еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы














