Мемлекеттік қызметшілер билік пен халықтың арасындағы көпір рөлін атқарып келеді. Мемлекеттік саясат пен реформалардың тиімді жүзеге асырылуында мемлекеттік қызметшілердің орны зор. Осы орайда, олардан кәсіби білім, жоғары жауапкершілік, әділдік пен адалдық талап етіледі. Бұл – уақыт талабы. Осы бағытта мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен құқықтарының қорғалуы – басты назарда. Бұл ретте, Әдеп жөніндегі кеңестің атқаратын рөлі айрықша.
Әдеп жөніндегі кеңес – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерінің жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау.
Кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, мәслихат депутаттары, журналистер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысады. Кеңес отырыстарына БАҚ өкілдері шақырылып отырады. Бұл қаралып жатқан мәселелердің ашықтығын, объективтілігін қамтамасыз етеді.
Жыл басынан бастап Ақтөбе облысында Әдеп жөніндегі кеңестің 5 отырысы өткізілді. Осы отырыстарда профилактикалық сипаттағы мәселелердің жылдан-жылға өсуінен қаралатын тәртіптік істердің азайғаны байқалады.
Атап айтқанда, 2023 жылдың 1-жартыжылдығында 12 іс қаралса, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде – 10, ал биылғы жылдың осы уақытына дейін 6 тәртіптік іс тіркелді. Олардың барлығы әдеп нормаларын бұзуға қатысты.
Мәселен, әлеуметтік желіде Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімінің тарапынан жергілікті тұрғынға дөрекі сөйлеу бойынша жағымсыз материал жарияланып, қоғамдық резонанс тудырған жағдайға әкеліп соқты. Осы жағдай бойынша лауазымды тұлғаның іс-әрекеті Кеңес отырысында қаралып, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеруге бағытталған шаралар қабылдап, белсенді жұмыс жасауда. Кеңес мүшелері отырысқа қатысып қана қоймай, мемлекеттік органдар арасында, оның ішінде аудандарға барып мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, азаматтарға жеке қабылдау жүргізді. Мәселен, осындай іс-шаралар биыл Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде және Мұғалжар ауданында өткізілді.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Осы ретте, азаматтармен қоса мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау, олар бұзылған жағдайда қалпына келтіру Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметінің басым бағыттарының біріне жатады.
Осы бағытты жүзеге асыру барысында Ақтөбе облысы бойынша Департаментімен мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша бірқатар талдаулар жүргізілді, оның бірі мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындарын төлеу мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижесінде 2025 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірдегі мемлекеттік органдардың 52 мемлекеттік қызметшісінің құқықтары бұзылған.
Дәлірек айтқанда, Департаментпен жүргізілген талдаудың нәтижесінде мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындары заңнамада бекітілген мөлшерге сәйкес толық төленбегендігі анықталды. Осы талдау нәтижелері Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, нәтижесімен 52 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысымен (29) салыстырғанда көбейген.
Осындай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өңірдегі мемлекеттік органдар арасында көптеген түсіндіру жұмыстары (семинарлар, лекция, мақала жазу, интернет-конференция және т.б.) жүргізілді. Алдағы уақытта аталған жұмыстар жалғасын табатын болады.
Мемлекеттік қызметшілердің мүддесін қорғаудың тағы бір түрі – үстеме жұмыстарға тартуға жол бермеу. Осы мақсатта 2023 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік органдарға бару, қол жеткізуді бақылау және басқару жүйесі арқылы мониторинг жүргізу функциясы берілді.
2025 жылдың 1-жартыжылдығы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 93 мемлекеттік қызметшінің тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы құқықтары қалпына келтірілді.
Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында қызметшілер үшін икемді жұмыс уақыты режимі белгілену мүмкіндігі қарастырылған. Осы режимді өңірде 36 мемлекеттік қызметші қолдануда. Жалпы, икемді жұмыс уақыты режимін қолдану мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмыс атқаруына септігін тигізері сөзсіз.
Сондай-ақ, Департаментпен азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды қарап, тексеру жүргізу нәтижесінде де олардың құқықтары қорғалуда.
Көбіне тексеруге түрткі болатын жайттар – азаматтардың мемлекеттік органдардағы бос лауазымдарға өткізілген конкурстарға шағымдануы. 2025 жылдың 1-жартыжылдығында конкурс бойынша 7 шағым түсіп, нәтижесінде 2 конкурстың шешімінің күші жойылып, 2 азаматтың құқығы қорғалды, ал бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға айыппұл салынды.
Айбек ШІЛМАНОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы