Мемлекеттің беделіне күйе жағылмасын десек...

Мемлекеттің беделіне күйе  жағылмасын десек...

Әлеуметтік желіде жылдам таралған Петропавл қаласында құрылған «Халық кеңесі» туралы видео, сайлаудың соңынан қарша борап жатқан қалың базынаны басып тастағандай болды. 

«Біз, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының жұмыс істейтін еркін тұрғындары, ерлер мен әйелдер Қазақстан Республикасы корпорациясының жалған заңдық негізде өмір сүруге қолайсыз жағдайлардың туындауына байланысты, сондай-ақ оның агенттерінің дәрменсіздігі мен абыройсыздығына байланысты біз өзіміздің мүлкіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшылары мен қызметкерлеріне толық сенімсіздік жариялаймыз. Біз өзімізді тәуелсіз және егемен деп жариялаймыз», – дейді мәлімдеме жасаушылар. Бұл оқиға 19 наурыз күні, елімізде ҚР Парламенті Мәжілісінің және Мәслихаттарының депутаттарын сайлауы күні болған. Белсенді топ осы күні «Халық кеңесін» құрып, оның «жарғысын» жасап, «декларациясын» қабылдап, төрағасы мен хатшылығын да сайлап үлгерген. Неліктен осы күнді таңдап алғандарының өзі біраз жайды аңғартқандай...

Бүкіл елдің ызасын тудырған бұл бейнежазба содан бері жұрттың аузына түспей тұр. Қазір аталған іс СҚО Полиция департаментінде қаралып жатқандығы айтылып жатыр. Ал, сонан бері осы оқиға туралы бірнеше жаңалық жұртқа белгілі болды. Оның алғашқысы Парламент мәжілісінің бір топ депутаты ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың атына хат жолдап, осы іске қатысушыларды жауапкершілікке тартуды сұрағандығы еді. Екінші бір дерек «Халық кеңесі» туралы Петропавл қаласындағы «Информ Вес» газетінің №12 санында хабарландыру жарияланғандығы болды. Бұл жерде Ішкі саясат басқармасы мен өзге де құзырлы орындар неліктен үнсіз қалды деген сұрақ көпшілікті таңғалдырып отыр. Соңғы жаңалық жұрттың қызу пікірінен кейін осы топтың белсенді мүшелері видео үндеу жолдап, ақталуды бастағандығы еді. Алайда сөздерінің ауаны осы видеоны алғаш рет жариялаған «Бәсе» атты каналға қарата реніш білдіргендей болып шығыпты. Әзірше Полиция департаменті іс қозғағандығы ғана айтылып жатыр. «Бұдан өзге ақпараттар тергеу құпиялылығына байланысты айтылмайды», – дейді ресми мекеме өкілдері. 

Тыныш отырған елдің іргесін сөгіп, үй ішінен үй тігуді мақсат еткен сатқындардың әрекетіне қарата пікір білдірген азаматтар бірауыздан заң бойынша қатаң жазаға тартылуын талап етіп жатыр. Оны алдағы күннің еншісіне қалдырамыз. Дегенмен бүкіл қоғам осы істі бақылауда ұстап отырғандығын құзырлы мекемелер назардан тыс қалдырмайды деп сенеміз.

Осы тұста тұшымды ойлар айтқан азаматтардың ең алдымен еске алғаны Украина тағдыры болды. Донбастан бықсып жанған ұлтшылдықтың шаласы біртіндеп қоздай келе қанды қасап соғысқа ұласқанын кім ұмыта алсын? Онда да «тәуелсіздік, автономия, орыс тілінің мәртебесі, құқықтың тапталуы...» сынды мәселелер біртіндеп көтерілген еді. Қазақстан Халқы Ассамблеясы сынды ұйымдар бірден дабыл қағып, пікірлерін білдіріп жатыр. Көптеген адамдар елдің тыныштығы мен халықтың татулығы туралы айтып жатқанда, жаны күйінген бір орыс азаматы өз қандастарына видеоүндеу жолдап: «Қазақстан ұнамаса, үндемей ғана Ресейге көшіп кетсеңдерші. Керек болса жолға билет алып көмектесейік», – депті.

Мәселеге басқа қырынан үңілген журналист Айбар Олжаев өзінің фейсбук парақшасында экономикалық тұрғыдан біраз талдау жасапты. «Инвестициялық рейтинг, Төле би және сепаратизм» деген тақырыппен жазған шағын сараптамасында автор мынадай ой айтқан екен. 

«Қазақстан ТМД аумағы бойынша инвестициялық рейтингке ие жалғыз мемлекет болып отыр. S&P бойынша «трипл би» бізде ғана бар. Өткенде ғана Standard & Poor’s рейтинг агенттігі Қазақстанның суверенді кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растап, болжамды «негативтен» «тұрақтыға» көтеріп берген болатын. Кредиттік рейтинг – елге тікелей инвестициялар келуінің негізгі кепілі. Инвестиция құярда қаржы конгламераттары ең алдымен рейтингке қарайды. Егер суверенді рейтинг инвестициялық статусқа ие болса (S&P бойынша BBB-ден бастап), онда инвесторлар ұзақмерзімді жобаларға қаржы құюға әзір болады.

Инвестициялық рейтингке ие болғанымыздың арқасында біз 2022 жылы шамамен 27 миллиард доллар тікелей инвестиция тарттық. Бұл – ТМД бойынша үздік көрсеткіш. Осы қарқынды сақтап қала аламыз ба?

Рейтинг берерде халықаралық агенттіктер ең алдымен тұрақтылық тәуекеліне баса назар аударады. 2022 жылы бізде Каспий құбыр консорциумында «проблемалар» басталғанда рейтинг бойынша болжам «тұрақтыдан» «негативке» түсіп кеткен болатын. Сепаратизм бойынша тәуекелдер, жалпы Қазақстанның солтүстігінде проблемалардың орын алу ықтималдығының өзі кредиттік рейтингке жағымсыз әсер ете алады. Бір сөзбен айтқанда, әлдекімдердің ютубтағы әңгімесі біздің биыл кем дегенде 5 миллиард доллар тікелей инвестиция жоғалтуымызға себеп болуы мүмкін. Мұндай нәрселерде жедел қимылдау керек. Әлем Қазақстанның сигналын күтіп отыр. Егер Қазақстан сепаратизм ошағын бірден талқандап, ол туралы бас көтергендерді қатаң соттап жіберетін болса, демек болашақ тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз деген сигнал бере алады. Онда инвесторлар алаңдамайды», – дейді Айбар Олжаев. 

Бұл сөздің де жаны бар деуге болады. Қазақстан қоғамы бейбітшілікті жақтайтын ұстанымымен айналаға танылып келе жатқан ел. Көптеген халықаралық шарттарға, келісімдерге қол қойған Қазақстан, осындай ұстанымдарының арқасында инвестиция салуға қолайлы ел ретінде белгілі абыройға жеткенін мойындау керек. Басқасын айтпағанда, «Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын бекіту туралы» заңға қол қойғандығының өзі неге тұрады?

Ендеше, «Халық кеңесін» құрып, Қазақстаннан тәуелсіздік алғалы жүрген ат төбеліндей бүлікші сатқындарды қатаң жазаға тартып, еліміздің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресте ештеңеден аянып қалмайтындығын дәлелдейтін сыналар сәті келді. Ал бұлай жасай алмасақ, мемлекетіміздің беделіне қара күйе болып жағылары сөзсіз. 

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
06.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 869
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6938
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10776
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7010
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7149