Осы тіл мәселесіне келгенде менде бір қорқыныш бар. Не деген сорлы халықпыз а?! Әсіресе ер-азаматтарымыз орысша сайрап тұрғанда тіптен, мыналарда намыс қалмаған ба деген ой келеді. Жердің, елдің егесі сол еркектер емес пе?!
Тіл құрыды дегенше, еліміз жойылды десейші. Кезінде ата бабамыз осы жер үшін жаумен күрескенде, әйел қазанын асып үйде отырған.
Ана тілінде сөйлемесе, өздерін элита санайды. Сорлылық қой бұл.
1. Тұрғын үй чатын ашсаң, менен басқа бір адам қазақша жазбайды. Айт дастарқанында кездестік, бір орыс жоқ ішінде, бәрі қазақша сайрап отыр! Сонда басқаның көзінше қазақша жазуға, сөйлеуге намыс көреді ме?
2. Индрайвер такси шақыртып, қызыма зат беріп жіберейін деп хабарласып жатырмын, шүлдірлеп орысша сөйлейді. Орысша сұрақ қойып, мекенжай сұрап жатыр. Тілім жетпеген соң қазақша сөйлесем, таксист қарағым қап-қазақ, қазақша сайрап тұр.
3. Кез келген сауда орталығына кірсең, орысша тілі келмейтін сіңлілеріміз «здраствуйте» деп орысша амандасады, мен қай ұлттың өкілі болса да өз ана тілімізде «саламатсыз ба» деп амандасамын. Ойлайды-ау, орысша сөйлесем «городская» болып кетемін, күшті болып «элита» боламын деп.
4. Қызмет көрсетудің қай бөліміне де телефон шалсаң, бәрі орысша сөйлейді.
5. Балабақша мен мектептен бастап балаларымызға өз тілін толық үйрете алмай отырмыз. Қазақ баласы қазақша ойын жеткізе алмай қиналатын деңгейге жеттік. Бұл ертеңгі ұлттың әлсіреуі емес пе?
6. Жұмысқа орналасуда да тіл мәселесі көзге ұрады: қазақша білмесең де жұмыс табасың, ал орысша білмесең, біртүрлі менсінбей қарайды. Сонда мемлекеттік тілдің қадірі қайда қалды?
7. Қазақша қызмет сұрасаң, кейбіреулер қабағын түйеді, ал орысша сөйлесең – бірден «сервис» жақсара қалады. Бұл тұтынушыны тіл арқылы бөлу емес пе?
8. Әлеуметтік желілерде де сол көрініс: қазақтар өзара орысша жазып, пікір алмасады. Өз тілінде сөйлеуге ұялатындай күйге жеткенбіз бе?
9. Ең сорақысы – ата-ананың өзі баласымен орысша сөйлесуді «престиж» көреді. Өз тілін өзі менсінбеген ұлттан қандай болашақ күтеміз?
10. Мемлекеттік мекемеге барсаң, алдымен орысша жауап береді. Қазақша сөйлесең ғана амалсыз ауысады. Толтыратын «бланк» орысша, қазақша сұрасаң, бізде тек орысша дейді.
11. Көшедегі жарнамаларға қараңыз: атауы қазақша болғанымен, мазмұны орысша. Қазақтың жерінде қазақ тілі тек «әшекей» үшін ғана тұрғандай әсер қалдырады. Орысша қате кетіп қалса үлкен дау. Ал қазақша қате кетсе, енжар қабылдай саламыз.
12. Қазақша сөйлеген адамды кейбірі «ауылдан келген», «қарапайым» деп менсінбей қарайды. Ал орысша сөйлегенді бірден «мәдениетті», «білімді» деп қабылдайды. Бұл – санамыздың қай деңгейге түскенінің айғағы.
13. Қазақша контент жасаушылар әлі де күресіп жүр, ал орысша контент автоматты түрде «норма» болып тұр. Неге өз тілімізде сапалы дүние көп болмауы керек?
Ең ауыр сұрақ: біз тілді шынымен жоғалтып жатырмыз ба, әлде оны өз қолымызбен ысырып тастап жатырмыз ба?
Ең қауіптісі – біз бұған үйреніп барамыз. Үндемейміз, шыдаймыз.
Ал үнсіздік – жоғалудың басы.
Алмагүл ЖЕТКЕРГЕН













