23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Ұлытау облысында салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы қатысып, елге қызметтің – абыройлы міндет екенін жеткізді.
– Бүгінгі таңда облыс аумағында құрылған орталық мемлекеттік органдардың 30 департаментінде 490, жергілікті атқарушы органдарда барлығы 715 мемлекеттік қызметші ел игілігіне еңбек етуде. Барлығы дерлік өз міндетін адал атқарып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жаңа құрылған облыста көп жұмыс жаңадан басталатыны, соған сай жұмыс көлемі мен жауапкершілік жүгі әдеттегіден бірнеше есе артық екені айтпаса да түсінікті, – дей келіп өңір басшысы елге қызмет ету мемлекеттік қызметші үшін абыройлы міндет екенін айтты.
Салтанатты кеште Берік Әбдіғалиұлы бірқатар қызметкерге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Медеғалиұлының «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тақты.
Одан бөлек, жиын барысында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің грамотасымен өңірдің мемлекеттік қызметшілері мен ардагерлері марапатталды.
Қазіргі уақытта Ұлытау облысы бойынша 1000-нан аса мемлекеттік қызметші халыққа қызмет көрсетуде. Ал, олардың 19 пайызы жас мамандар. Кеш барысында сол, қызметіне жаңадан кіріскен жас мамандар ел алдынад салтанатты түрде ант берді.
Мерекелік шарада жергідікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, мерейлі мерекенің сәнін келтірді.