Еліміздің іргелі салаларының бірі әрі бірегейі бұл - энергетика саласы. Аса жауапкершілікпен қатар абыройлы міндетті қатар алып жүру, елмен етене жақын болып, шаш етектен келетін шаруаларды мінсіз атқарып жүрген сала мамандарының еңбегі ерен.
Желтоқсан айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімі Сәкен Мамытов қаламыздағы орталық жылыту қазандығына арнайы барып, сала мамандарын құттықтады. Әдетте әр мерекеде жеке қабылдау өткізіп, марапаттайтын аудан әкімінің бұл жолы қазандыққа арнайы баруы сала мамандарының еңбегіне құрмет көрсеткені.
Алдымен қазандықтың жылу жағдайын көріп, танысқан аудан басшысы «Жаңатас Су жылу» мекемесінің телім бастығы Құттыбаев Серік пен аталмыш мекеменің қазандық операторы Расулова Татьянаны аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, мекеме есепшісі Айтақова Ақмаралды Алғыс хатпен марапаттады.
Мерейлі мереке күнінде күтпеген қуанышқа қауышқан сала мамандары өз кезегінде жылы лебіздерін білдіріп, аудан әкіміне алғыс айтты.