Парламент отырысында сенаторлардың бірі үкіметті отставкаға жіберу туралы бастама көтерді. Себебі, Асқар Мамин басқарған министрлер азық-түлік бағасының өсуіне жол беріп алған.
Бұл туралы Orda.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
1,5 жылдан кейін журналистердің қатысуымен өткен парламент отырысында депутаттар 3 жылдық есептерін өткізді. Жиынға депутаттар мен министрлер қатысты.
Онда қаржының тиімсіз жұмсалғандығы сынға алынды.
– Біз өзгенің ақшасын – еліміздің әлі туылмаған ұрпақтарының ақшасын жеп жатырмыз. Сонымен қатар, осы жылы есеп комиссиясының тексеру қорытындысы бойынша бюджет қаражатының триллион теңгесі тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Құрметті аудиторлар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері! Келесі жолы мұндай әрекет үшін жәй ғана түрмеге қамап ғана қоймай, қолын кесу секілді жазалар қолдану керек, – деді ҚР мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Депутаттар сондай-ақ елдегі көкөніс, ет пен нан бағасының белгісіз себептермен шамадан тыс қымбаттағаны туралы айтты.
– Қазіргі уақытта бидай бағасының төмендеуіне байланысты өнімдер арзандайды деп үміттенудің қажеті жоқ, өйткені шикізат қымбат бағамен сатып алынып және содан қазір қымбат саналатын өнімдер жасалады, – деді ҚР астық өңдеушілер одағының вице-президенті Таисия Колегова.
Астық өңдеушілер одағы болашақта қандай өзгерістер күтуге болатынын нақты айта алмады. Бірақ ҚР Ауыл шаруашылық министрі «нан бағасы әлі де қымбаттайды» деп мәлімдеді.
– Бірқатар өңірлерде егін өнімдерінің өсімі төмен болғанын ескерсек, шаруалардың шығыны көп болды. Ал бұл өз кезегінде астық құнының өсуіне әкелді. Осы себепті әрине, астық бағасының қымбаттауы, бір жағынан, диқандарымыздың қаржылық жағдайына оң әсерін тигізді. Олардың келесі жылға да дайындалулары қажет қой, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Отырысқа қатысқандар қазіргі министрлер кабинетінің мүмкіндіктеріне күмәнмен қарады. Тіпті, отырыс кезінде үкіметті отставкаға жіберу туралы сөз қозғалды.
– Биліктің басты міндеті – азық-түлік бағасын төмендету. Бірақ өндірушілер тарапынан әдейі жасалып жатқан әрекет секілді көрінеді. Егер министрлер кабинеті инфляцияны тоқтата алмаса, оны басқа адамдар істеу керек. Менің ойымша егер билік берілген тапсырманы дұрыс орындай алмаса, онда отставкаға кетуі қажет. Ал әзірге олардың жұмысын 3 деп бағалаймыз, – деді ҚР сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед.