Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (МИТУ) түлектерге диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараның құрметті қонағы Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халықаралық инженерлік академияның академигі Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров болды.
Тоқтар Оңғарбайұлы – Қазақстан тарихындағы және әлемдік ғарыш қауымдастығындағы көрнекті тұлға. Оның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсіби шеберліктің, батылдық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Қазақстанның тұңғыш ғарышкерінің университетке келуі салтанатты рәсімге ерекше мән мен маңыз берді. Өйткені МИТУ түлектері өздерінің кәсіби жолын инженерия, технология, ғылым және инновациялар саласында бастайды.
Сапар аясында Тоқтар Оңғарбайұлы университеттің заманауи зертханаларымен, ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен, білім беру кеңістіктерімен және ғылыми-техникалық әзірлемелерімен танысты. Әсіресе, Жетілдірілген технологиялар орталығында студенттер, оқытушылар мен жас ғалымдардың робототехника, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инженерия және өнеркәсіпті автоматтандыру бағытындағы жобалары таныстырылды.
Ұсынылған ғылыми әзірлемелер университеттің жоғары ғылыми және инженерлік әлеуетін, сондай-ақ өндірістің өзекті мәселелерін шешуге және еліміздің технологиялық дамуына бағытталған қолданбалы зерттеулердің маңызын көрсетті.
«МИТУ-да жүргізіліп жатқан озық ғылыми жобалар нәтижелері Қазақстан ғылымына аса қажет», – деп атап өтті Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров университеттің Жетілдірілген технологиялар орталығы мен зертханаларында ұсынылған ғылыми зерттеулер мен инженерлік әзірлемелердің жоғары деңгейіне оң бағасын беріп.
Салтанатты рәсім барысында Тоқтар Оңғарбайұлы оқуымен қатар ғылыми, қоғамдық және шығармашылық қызметте белсенділік танытқан үздік түлектерге дипломдарын табыстады. Қазақстанның тұңғыш ғарышкерінің қолынан диплом алу түлектер үшін ерекше есте қалатын әрі шабыт сыйлаған сәттердің бірі болды.
Түлектерді құттықтай отырып, құрметті қонақ сапалы білімнің, табандылықтың, тәртіптің және таңдаған мамандыққа адал болудың маңыздылығына тоқталды. Оның ақжарма тілегі жас мамандарды кәсіби өсуге, ғылыми ізденістерге және ел игілігі жолындағы жасампаз еңбекке жігерлендірді.
МИТУ-дегі диплом тапсыру рәсімі түлектер үшін ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсеткен тағылымды кездесу болды. Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен жүздесу студенттер мен жас мамандарды ғылымда, инженерияда және инновациялық қызметте жаңа белестерді бағындыруға жігерлендірді.
Бүгінде Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, талантты жастардың әлеуетін дамытуға және Қазақстанның технологиялық болашағына үлес қосатын жоғары білікті инженер мамандарды даярлауды жалғастыруда.
















