Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына мониторингтік топ барды.
Бұл туралы «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы Зарина Каирова хабарлады. Айтуынша, бұл іс-шара «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасының 2025 жылға арналған республикалық жұмыс жоспарының 4-тармағына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін қызметтердің сапасына, материалдық-техникалық жарақтандыруға және тұру жағдайларына мониторинг жасау мақсатында ұйымдастырылды.
Мониторингтік топ құрамында партияның облыстық филиалы жанындағы «Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңес» мүшелері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері болды.
Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазіргі таңда 537 тұрғын қоныстанған. Әр санаттағы қызмет алушылармен орталықта 326 қызметкер, оның ішінде арнайы әлеуметтік қызметкерлер, психолог мамандар, дефектолог, логопед, дәрігер мамандар жұмыстанады. Тұрғындардың жатын бөлмелері, тамақтану аймақтары, бос уақыт өткізу, кездесу бөлмелері мен жаттығу залдары, спортпен шұғылдану аймақтары, сонымен қатар қолөнер, тігін тігу, сурет салумен айналысуға арналған үйірме бөлмелері де мониторингтік топ назарынан тыс қалмады. Тұрғындарға уақтылы дайындалатын тағамдар, олардың сақталу орны, сақтау мерзімі белгіленген ережелерге сәйкес әзірленеді.
- Осы саладағы екінші орталыққа мониторинг өткіздік. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына көңіліміз толды. Қызметкерлер де өз жұмыстарын шын ниетпен атқаратыны көрініп тұр, себебі мүгедектегі бар, егде жастағы жандармен жұмыстану үшін үлкен күш керек, жылы жүрек керек. Орталықта тұрғындарға қолайлы орта жасалғанына көзіміз жетті, оның ішінде мүгедектегі барлар мен үлкен кісілерге арнайы монша жасалғаны қуантып отыр, – деді мониторинг топ мүшесі Гүлмира Батпақұлова.
Мониторинг нәтижесінде тұрғындарға жайлы жағдай жасауды күшейту мақсатында мемлекеттік мекемелерге ұсынбалар дайындалады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО Орал қаласы