Мүгедек қарт анаға дем берген

Мүгедек қарт анаға дем берген

Өмірде дүниеге келген сәттен, я болмаса, жазатайым мүгедектікке ұшырап, қимыл-қозғалысы қиындап қалатын ұрпақтың қатары күннен-күнге көбейе бастағаны көңілге қаяу түсіреді. Баласының орнынан тұрмақ түгілі қарыс адым аттағанын көруді армандаған отбасылар қаншама десеңізші!.. Әлеуметтік желіде шетелге апарып емдету үшін көмек сұрап отыратындарға да күнделікті куә болып жүрміз. Жалпы, медициналық терминде «ДЦП» диагнозымен белгілі  тірек-қимылы ауыр, жүйке жүйесі ақауға ұшырауы салдарынан ақыл-ой дамуы да тежелетін балаларды тағдыр тауқыметінен құтқару бұл саладағы кез келген дәрігердің қолынан келе бермейді. Ол үшін біліктілікпен біте қайнасқан күш-қайрат, психологиялық сезімталдық ауадай қажет. 

Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Данияр Болатов еркін жүре алмай жігері құм болған балалардың жүрегіне жол тауып, оларды қалыпты өмірге жетелеу үшін барын салып жүрген айтулы азамат. Ордабұзар отызға енді келген оның әлеуметтік желідегі парақшасына көз салсаңыз, мүмкіндігі шектеулі қаншама жас буынды алға жетелеп, өмірге құштарлығын арттыруға аянбай еңбектеніп жатқан сәтіне куә боласыз. 

 

 

Жақында өз кәсібіне беріліп, күрделі қызметін қажымай-талмай атқарып жүрген  Данияр Нұрбекұлымен жүздесіп, аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. 

– Менің бұл кәсіпті игеруге құлшынысым 2013 жылдан басталды. Бала кезде өзім де жарақаттар алып, реабилитациялық қызметке жүгінуге мәжбүр болғаным бар еді. Басымдағы қиындықты жеңуге ұмтылып, интернетте осыған қатысты ақпараттарды, арнайы кітаптарды оқып, анатомияны да біршама меңгердім. Сөйте жүріп медициналық массажды игеруге қызығушылығым артып, онымен айналысуға ден қойдым. Негізі өзім Семейдегі Д. Қалматаев атындағы медицина колледжінің түлегімін. Қаладағы жергілікті емханада алты жыл қызметте жүргенімде де осы саланың қыр-сырын зерттеумен болдым. Қазір мүмкіндігі шектеулі, жүріп-тұруы өзгеріске ұшыраған балалармен жұмысты бастағаныма екі жылға жуықтап қалды, – дейді Данияр. 

Білікті маманның айтуынша, медицина саласының қайсы болсын, жыл сайын түрлі жаңалығымен, үздіксіз дамып отыратындығымен ерекшеленеді. Сондықтан, үнемі ізденіс үстінде жүрген дұрыс. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, әдіс-тәсілдерді үйренуге барын салып жүр. Айтпақшы, Даниярдан сөзіміздің басында айтып өткен «ДЦП» дертіне ұшыраған балалардың көбею себебін сұрауға тура келді.

– Мұндай қиындыққа тап болудың нақты себептерін тап басып айту мүмкін емес. Мысалға баланың дүниеге келу сәтіндегі босандыру процесіндегі қателіктен болуы мүмкін. Инфекциялық аурулардан да шалдығуы мүмкін. Шындығына келсек, сәбидің денсаулығы қырқынан шыға белгілі болады. Тонустардың жоғары болуы сияқты себептер де бар. Бірде қабылдауыма 63 жастағы ана келді. Расында, сал ауруына шалдыққан. Сенесіз бе, туғаннан бастап осындай халде!.. Қазір өмір сүру деңгейі мүмкіндігінше жақсы жағына өзгерді. Өзгергені былай тұрсын, ол қазір Ақсуат ауданында дүкен ұстап отыр. Отбасын құрған, немерелерін өрбітіп, шаңырақ ұйытқысы болған жан. «Мен әлі шетелге барып демаламын. Мен әлі өзімнің қандай екенімді дәлелдеймін» дейді жігерленіп. Ұстанымына әлі күнге дейін берік. Ал, ұрпақтарының толықтай денсаулығы жақсы, – дейді Данияр. 

Даниярмен әңгіме барысында түсінгеніміз – балалардың туа сала сал ауруына ұшырауы тағдырдың нақты сынағы емес. Өз сөзімен айтқанда, бұл – бала денсаулығы үшін қатып қалған үкім емес. Бір жағынан жұқпалы, тұқымқуалаушылыққа да жатпайды. Бұл – тірек-қимыл қозғалысының бұзылуынан туған жағдай. Мұндай дертке тағдыры тап келгендердің дені сау балаларға қарағанда ойлау, байқау қабілеті жоғары болады. 

Данияр Нұрбекұлының айтуынша, шетелдік болсын, отандық болсын, медицинаның бұл саласын дамытуда айырмашылық жоқ. Мұндай «қайғы» бәріне бірдей.  Тек, «ДЦП» диагнозы қойылған баласы бар отбасылар ешқашан да «ол жазылмайды» деген ұғымнан аулақ болуы тиіс. 

 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Абай облысы 

 

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Тәуекел картасы –  әділдіктің айнасы
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 31.10.2024 537
Ұлт ұясы – Ұлытау, жаңарған Жаңаарқа
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ - 31.10.2024 543
Орман  шаруашылығын оңалтуда оң нәтиже бар
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 27.10.2024 741
Тігінмен  тірлігін түзеген
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы - 27.10.2024 811

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 7733
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 7151
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 10365
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 8128
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 9363