Асыра айтқандық емес, шынында да, Меркі ауданы – мол мүмкіндіктер мекені. Жері құнарлы, шөбі шалғын, табиғаты төрт түліктің, егіншіліктің қай түріне болсын жайлы, қай кезде де толағай табыстарымен оң қырынан танылып жүрген ауданның жыл санап экономикасы алға басып, әлеуметінің әлеуеті артып келеді.
Аумағынан халықаралық автомобиль жолы мен теміржол өтетін өңірде бүгінде қызу тірліктің бойына қан жүгіргендей. Көп шаруа мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың арқасында өз арнасына түскен.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін статистиканы алға тартсақ, былтырдың өзінде Меркі ауданындағы өнеркәсіп орындарымен 19364,7 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Есепті кезеңде бөлшек сауда айналымының көлемі 13928,9 миллион теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға өскен. Аудан бюджетін толықтыруға сеп болатын инвестиция тарту бойынша ауданда орасан жұмыс атқарылуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 16386,2 миллион теңге көлемінде қалыптасыпты. Инвесторлар да Меркіге қаржы салса, ісі ілгерілейтініне сенімді. Ауылшаруашылық саласы бойынша өндірілген өнім көлемі де ұлғайып, көрсеткіш 55 миллиард 705 миллион теңгеге жеткен.