Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма
Ақын Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр жинағы хақында
Қазақстанның көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» атты таңдамалы жыр жинағына негізінен соңғы уақытта жазған жаңа жырлары, дастандары, поэтикалық драмалары еніпті. Жинақ 2023 жылы «Мерекенің баспалар үйінен» жарық көрген. Шағын емес, 30 баспа табақ дүние. Осы дүние мемлекеттік сыйлық додасына ұсынылыпты. Әдебиет саласында мұндай айтулы додаға түскен жинақтың тағдырын оның тек көркемдік деңгейі ғана шешеді. Осы тұрғыдан алғанда «Құланиек, құба таң» қандай деңгейде? Біз жинаққа осы тұрғыдан үңілдік.
Жинаққа үңілген сайын Қасымханның шайырлық тақырыбы кең көлемді екеніне көзің жетеді. Ол ең алдымен махаббат пен ғадауат, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, жалғыздық, достық пен сатқындық сияқты поэзияның мәңгілік тақырыптарымен бірге өріліп жатыр.
Ғабит Мүсірепов: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркек-әйелге, кәрі-жасқа… ғарышқа дейінгі биіктік те, Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ», – дейді ғой. Ғұлама қаламгер айтпақшы, адамдық, адалдық тақырыптары Қасымхан шығармашылығының басты арқауы.
Ол осы төңіректе тебіренеді, толқиды, ақиқатты іздейді, ақыл таразысына тартады. Жасандылықты, сатқындықты, жағымпаздықты сезсе, поэзия карабинін өз шындығымен оқтап, оқырман аспанына қарата бұрқ еткізеді. Оқыс үн қалғып бара жатқандарды селт еткізеді, оятады, тыныш күнде шырқымызды бұзған бұл кім еді дегізіп, авторын іздетеді. Сөйткен авторы Қасымхан Бегманов төбелес тәсілдерімен әйтеуір ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Мұны шайыр «Ұрпаққа хат» (6 бет) деген өлеңінде:
«Із түспеген жаңа соқпақ салғым бар,
Миллиондардың жүрегінде қалғым бар.
Қанша ғасыр таппаған армандарды,
Арыстанның апанынан алғым бар», –
деп ақындық мұратын батыл алға тартады. Әрі өзінің шайырлық шумақтарын дауылпаз Қасымның жырларымен үндестіреді. Қасымның жыр әлемі өзінің шыншылдығымен, өмірге деген шексіз ғашықтығымен ерекшеленсе, Қасымхан да өзінің ақиқатын айтып қалғысы бар. Ұлт пен намыс жолында аянатын түгі жоқ екендігін аңғартады. Ұлт рухын ту еткендер ешқашан ұмытылмауға тиіс. «Ақын зиратындағы ой» циклында:
«Өлмейді мәңгі рухы күшті асылдар,
Қалады олар алмасқанмен ғасырлар.
Маған да бір сәт көз салып өтсін ертеңгі,
Қазақ деп туған қара көз, жап-жас Қасымдар», –
деп (294 бет) өзінің де өмірге бекер келмегендігін, ұлт мұратын алға ұстаған Қасымдар өмірге әлі де келе беретініне сенім білдіреді.
Әдетте әр ақын табиғатына белгілі бір психологиялық құбылыс себеп болып, мотивациялық тұтқаға айналады. Қасым Аманжолов жырларына – дауылпаздық, Қадыр жырларына – ойшылдық, Тұманбай жырларына – махаббат, Мұхтар Шаханов жырларына – азаматтық пафос тән болса, Қасымханның жырларындағы сондай бір психологиялық тұтқа бұл – мұң.
Қасымхан Бегманов өлеңдерінің психологиялық мотивациясы мұң болса, негізгі мотивациясы – азаттық мұраты, ұлттық болмыс және адами құндылықтар мен сағыныш сазы. Оның поэзиясы құрғақ ұраннан ада, ішкі терең тебіреніс пен азаматтық жауапкершіліктен туындап жатады. «Қазақ деп мұңға баттым мен, қазақ деп жылап жаттым мен» дейді ол өз болмысын түйіндесе.
«Зымырайды замандар,
Өзгереді қоғамдар.
Аруақтар ертеңгі,
Бүгінгі барлық адамдар.
Теңеспейді ешқашан
Жақсы менен жамандар
Менің мұңым – жер бетінде жоқ қала мен жоқ ұрпақ,
Аманаттап тастап кеткен сол ұрпақ.
Осындай елді ешкім де сала алмас ағаш табытқа,
Талпынған сонау себездеп түскен жарыққа», –
дейді (295 бет) ол өз мұңын жарыққа талпындырып.
Аристотель өзінің «Поэтика» деген еңбегінде «Поэзия – өмірдің өзіне еліктеу» деп түсіндірсе, әйгілі неміс философы Мартин Хайдеггер: «Поэзия өнерде ақиқат тудырады» деген пікірді алға тартады. Қасымхан да поэзиядан өзіндік ақиқат іздейді. Ақын үшін жер бетіндегі барлық өнер түрі – поэзия.
Қасымхан мұңмен дос, мұңмен жолдас, мұңмен сырлас. Өйткені мұң ақын шығармашылығының басты мотиваторы. Бірақ мұңның да мұңы бар. Қасымханның өлеңдеріндегі тәтті махаббат мұңы кезінде жастық шақтың серігі болса, Алаш қайраткерлерінің тағдыры, Мұстафа Шоқайдың тағдыры азаматтық мұңын оятады, азамат мұңы ұлт мұңына ұласады:
«Тербетеді, әлдилейді асыл мұң,
Әр жолыма ойларымды жасырдым.
Қанша менің қимастарым қап қойды,
Құшағында өтіп кеткен ғасырдың.
Сыйласымды дұшпанына бермедім,
Қимасымды қыраттарға жерледім.
Бұл дүниенің әңгімесін көрдік қой,
О дүниеде өз ұлтымнан бөлмегін....» (72 бет)
Шумағының әр жолына ойларын жасырған ақын бұл дүниені қойып, о дүниеде қазағынан ажырағысы жоқ. Өйткені ақын өз елінің ақыны, өз елінің патриоты. Оның жүрегі өз халқымен мәңгі бірге соққысы келеді.
«Сана сезер сұрапыл ой салмағын,
Орындалмас, орындалар арманың.
Бақыт деген – ерні емес қыздардың,
Бақыт деген – қазақ болып қалғаның.
Иә, сезгенмін иығымның талғанын,
Басқа жырдан табарсыңдар қалғанын.
Неге керек сендер барда абырой,
Абырой ол – қазақ болып қалғаның!»
(133 бет)
Ақын үнемі өз соқпағын, өз жолын, өз биігін іздеумен жүр. Сондықтан да оған мектепте оқыған классиктеріңнің өзі тамсанар тұлғалар емес. Әлгілердің бәрінен өз ұлты, өз халқы биік:
«Заманымда кейде рас, тасып, төктім,
Аяғын біреулердің басып кеттім.
Иван Бунин секілді жат жерге бір,
Тастап елді келмейді қашып кеткім.
Басқаша іздеп тағы, жырла күнім,
Қажет пе, жұлдыз сана, ұрла түнін.
Үлгі емес Пушкин мен Гете маған,
Үлгі емес, Распутин, Булгаковың.
Мен бір шерлі шайырмын тірегі жоқ,
Сөніп қалған ошаққа тіледім от.
Байбөрінің менде рас, байлығы мен,
Ер бабамның кеудемде жүрегі жоқ, – деп өкінішін ақтарады ақын.
Қасымхан – жан-жақты, көп оқыған, көп білетін, тарихтан хабары мол, сезімі нәзік, табиғаты ұлтшыл тұлға. Қазақ халқының соқтықпалы, соқпақты жолында отаршылықтан қаншама опық жегені, әділетсіздіктерге ұшырағаны үнемі жан дүниесін толқытып сыздатады. Оның жүрегінде Мұстафа Шоқайдың армандары жатыр:
«Бала кезден көкірегімді жайлап ең,
Сезем бүгін зор қайғыңды сенің де.
Қазағымды қырмағанда айламен,
Қырық миллион болар едік кемінде», –деп ақындық мұңын демографиялық өкінішке ұластырады. Иә, бәрін шешетін табиғи өсім болатын. Алайда тарихшылар айтып жүрген қолдан жасалған геноцид талай армандарға балта шапты. Ақын басын сілкіп тастап ары қарай үміт жарығын сеніммен білтелейді:
«Менің халқым жаралған жоқ тозаққа,
Жадырасын жайып көрпе, жастығын.
Берсін Алла, шашсын нұрын қазаққа,
Аяласын салты менен дәстүрін!», – (35 бет) дейді ол ұлтына арнаған пейіл-дұғасында. Отанға, туған ел мен туған жерге деген махаббат шумақтарында шүпілдеп тұр:
«Көп пе адамдар, сырымды парықтаған,
Парықтаған көгімде қалықтаған.
Көктемдерден алыстап бара жатқан,
Мен бір мұңлы ақынмын, жарық ғалам.
Жарық дүние, әз
ғалам, асыл ғалам,
Шерлі жанмын сырларын жасырмаған.
Ардақтысың, әр қазақ, елім деген,
Қандай қымбат, әр түйір тасың маған» (150 бет).
Мұндай жыр жолдарын шынайы патриот қана жаза алады.
Қасымхан өте сезімтал, алаңсыз аңғал, өмірдің кейбір келеңсіздіктерін жан дүниесімен қабылдап күйреп кете жаздайды.
«Мен дүниеге бақыт іздеп келгенмін,
Өн-бойыма аямай-ақ берген мұң.
Айбатты едім, адал едім, ақын ем,
Ғайбаттардан өлгенмін...» (63 бет).
Ақынның бүкіл табиғаты осы бір шумаққа сыйып кеткендей. Осындағы «ғайбаттардан өлгенмін» деген метафора шумақтың салмағы жойқын. Шайыр талай рет қардай бораған дұшпандық жебесінің астында қалды. Өсек, өтірік, ғайбат сөз желдей есті. Соның бәрінде елі ғана тірек бола алды. Сондықтан да ол:
«Елім дейтін...
Шексіз сүйер ұлың бар,
Ел қорғауға сапқа келіп тұрыңдар.
Басқыншыдан мәңгі-бақи аман бол,
Қайран елім, басқа сенер кімім бар...» (123 бет) дейді. Шынымен де ақында өз елінен басқа сенер ешкім болмайды.
Оны алға жетелейтін үміт пен сенім. Қаламын мұңға малып алып жүрегін тербеген жырларын ақ қағазға төгілтіп отырғаны.
«Біздің елдің қиындау ғой өткені,
Жасырмаймын кемшілігі көп тегі.
Көктетеді көңіліңе бір үміт,
Қайта айналып келетұғын көктемі» (186 бет).
Міне сол келер көктемдерден біз де үміттіміз. Осындай үміт шамын жаққан ақын да үмітті.
Жалпы ақынның «Құланиек, құба таң» жинағы жоғары көркемдік деңгейі үшін Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп есептеймін.
Қасымхан Бегманов тек ақын ғана емес, ол – Қоғам қайраткері. Ол – этнограф. Алаш рухын аспандату жолында әйгілі «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясын ұйымдастыруы, екі томдық кітабы мен фильмін шығаруы, шовинистік дұшпандармен талмай тайталасып, ақыры сотта жеңіп шығуы, ұлттың рухани әрі жәдігерлік мұрасына қамқорлық жасау ниетімен «Дәстүр» журналын шығаруы, Жағда Бабалық ағамен құны баға жеткісіз «Этнографпен әңгіме» сияқты кітап жазуы – оның азаматтық ерлігі. «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» төрт томдығы бүгінде қазақ халқының қазынасына айналып отыр. Қорытындылай келе, жоғарыдағы рет-ретімен келтірген мысалдар мен дәлелдерді басшылыққа ала отырып, Қасымхан Бегмановтың "Құланиек, құба таң" таңдамалы жыр жинағын Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деген ойды түйіндегім келеді. Оның жыры халықтық сыйпат алған классикалық поэзияның ажырамас үлгісі ретінде ғасырдан-ғасырға жылжи бермек.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
академик, профессор
















