Гималайдағы алапат тасқын

Гималайдағы алапат тасқын

26 тамызда Непал мен Қытайдың Тибет автономиялы өлкесін жалғап жатқан Гималай тауларында жойқын тасқын болып, ауыр дәрежеде адам және материалдық шығындар болғаны мәлім болды. Алдын ала болжам бойынша биік таудағы мұз бен тау жыныстарының жаппай опырылуы өзен аңғарына орасан зор көлемдегі су, мұз, тас пен лайды жіберіп, бірнеше минуттың ішінде елді мекендерді, жолдар мен көпірлерді, гидроэнергетикалық нысандарды шайып кетті.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ең ауыр апат Непалдың Расува ауданындағы Лхендэ-Кхола өзені аңғарында болған. Бұл өзен таудан ағып келіп, Бхоте-Коси және Тришули өзендері жүйесіне қосылады екен. Құлаған тау-мұз өзен арнасын бөгеп, артынша жиналған су мен тау жыныстарының қоспасы аса үлкен жылдамдықпен төмен қарай ұмтылған. 

 

Апаттың ауқымы қандай?

Непалдың Ұлттық апат қаупін азайту басқармасы 31 тамызда жариялаған мәліметтерге сәйкес, апат 903 адамның қазасына және 4247 адамның із-түзсіз жоғалуына әкеп соққанын хабарлады. Қытайдың Тибет автономиялы өлкесінің Гиронг шекара өткелі және оның айналасындағы аудандар ауыр шығынға ұшырған. Қытай Гиронгтағы апат аймағынан 499 адамның қауіпсіз жерге көшірілгенін, іздеу-құтқару және тексеру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Қытай БАҚ-тарының хабарына сенсек, Тибеттің Гиронг өңірінде 16 адам қаза болып 546 адамның хабарсыз кеткен. Осылайша екі аумақтағы ресми көрсеткіштерді қосқанда, кемінде 919 адам қаза болып, 4793 адам із-түзсіз кеткен болып отыр. 

Бұл сандар әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі таулы аймақтардағы көптеген елді мекендерге баратын жол қатынасы үзілген, кейбір адамдармен байланыс жоқ, ал құтқарушылар лай мен үйінді астынан мәйіттерді әлі де шығарып жатыр. Непал билігінің алдын ала бағалауынша, апаттан келген инфрақұрылымдық шығын шамамен 1,3 млрд АҚШ долларынан асқан. 

Апаттың тағы бір ерекшелігі – оның трансшекаралық сипатта болуы. Непалдағы тау-мұз көшкіні мен сел ағыны Тибет аумағындағы Гиронг уезіне де жетіп, шекаралық инфрақұрылымды қиратып тастады. Қытай тарапы ондаған шетелдік азаматтың да хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған.

 

Оқиғаның шығу себебі неде?

Ғалымдар апаттың тікелей физикалық себебі мен оның түпкілікті күшеюіне әсер еткен климаттық фактор бір нәрсе емес дегенді айтып жатыр.

АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) жүргізген бастапқы талдау бойынша, таудың бір бөлігі мұздықпен бірге опырылып түскен. Бұл қозғалыс энергиясы шамамен 5,2 магнитудалы жер сілкінісіне тең болған. Үйінді кейін өзен арнасына түсіп, мұз, су, тас және топырақты араластырып, шамамен 100 шақырымға дейін жеткен жойқын сел-тасқын ағынын қалыптастырған. Үш сағаттан кейін тағы бір ірі сейсмикалық оқиға тіркелген, оның энергиясы шамамен 4,2 магнитудалы жер сілкінісіне тең болған.

Демек, бұл жағдайды қарапайым тілмен «мұздық еріп, су тасқыны болды» деп түсіндіру дұрыс емес. Нақтырақ айтқанда, тау беткейінің мұздық пен тау жыныстарымен бірге жаппай опырылуы → өзеннің бөгелуі → су мен үйіндінің жиналуы → бөгеттің бұзылуы → алып лай-тасқынның төмен қарай ұмтылуы деген тізбек қалыптасқан. Ғылыми тұрғыдан апаттың жер сілкінісі емес, мұздық аралас тау беткейінің опырылуы болғанын сейсмикалық деректер арқылы Колумбия университетінің Ламонт-Догерти Жер обсерваториясының сейсмологы Горан Экстрём бастаған зерттеушілер де анықтаған. Колумбия университеті Экстрёмнің осы апатқа қатысты зерттеуін арнайы атап өткен. Сонымен бірге USGS әзірге бастапқы опырылуды нақты «мұздықтың өздігінен құлауы» немесе «мұздық аралас ірі жер көшкіні» деп түпкілікті ажырату үшін зерттеу жалғасуы керектігін атап отыр.

Гималайдағы температураның ұзақ мерзімді көтерілуі мұздықтардың шегінуіне, мәңгі тоңның еруіне және тау беткейлерінің тұрақтылығының әлсіреуіне алып келеді. Мұз бен қатқан топырақ бұрын тау жыныстарын бір-біріне ұстап тұратын табиғи «цемент» тәрізді қызмет атқарса, температура көтерілген сайын бұл байланыс әлсірейді.

Осы себепті биылғы апатқа дейінгі ерекше жылы кезең мұздық пен тау жыныстарының тұрақтылығын әлсіретіп, оқиғаның басталу ықтималдығын арттырған болуы мүмкін. Бірақ ғалымдар климаттың өзгеруі осы нақты опырылуды «жалғыз өзі тудырды» деп кесіп айтпайды. Бұл – ұзақ мерзімді климаттық өзгеріс пен таулы аймақтың табиғи геологиялық тұрақсыздығы қабаттасқан жағдай. 

Яғни мәселе тек 2026 жылғы жаздың ыстығында емес. Гималайда мұздықтардың шегінуі мен мұздық көлдерінің ұлғаюы бірнеше онжылдық бойы жүріп келе жатқан процесс.

 

Мұндай апат бұған дейін де болған ба?

Гималай үшін мұздықтардың құлауы, мұздық көлдерінің жарылуы және сел-тасқындар бұрыннан белгілі табиғи қауіп. Мысалы, 1985 жылы Непалдың Эверест аймағындағы Диг-Цхо мұздық көлі жарылып, шамамен 5 млн текше метр су төмен қарай аққан. Ол кезде жаңа салынып жатқан гидроэлектр станциясы, 14 көпір, шамамен 30 үй және ауылшаруашылығы алқаптары қираған. Бұл оқиға Непалдағы мұздық көлдерінің қауіптілігін ғылыми тұрғыдан зерттеуге үлкен түрткі болды. 

Тағы бір мысал – 2024 жылғы Тхаме апаты. Сол кезде Эверест аймағындағы екі мұздық көлдің тізбекті түрде жарылуы нәтижесінде Тхаме ауылы қатты зардап шекті. 135 адам баспанасыз қалып, ондаған үй мен инфрақұрылым қираған. Халықаралық Таулы аймақтарды кешенді дамыту орталығының (ICIMOD) зерттеуі бұл апатқа мұздық көлінің үстіндегі ірі тау-үйіндісінің құлауы түрткі болғанын көрсетті. 

Демек, 2026 жылғы апат – бұрын-соңды болмаған табиғи құбылыс емес. Бірақ оның ауқымы, құрбандар саны және бір мезетте Непал мен Тибетке әсер етуі оны ерекше ауыр апаттардың қатарына шығарады.

Мұндай қауіптің күшеюіне климаттың жылынуы да әсер етіп отыр. Ғалымдар жылынған сайын мұздықтардың шегініп, жаңа мұздық көлдерінің пайда болатынын, бұрын тұрақты болған тау беткейлерінің әлсірейтінін ескертеді. Сондықтан болашақта мұндай оқиғалардың қаупі төмендемейді, керісінше, кейбір аудандарда артуы мүмкін. 

 

Қазақстандықтарға қатысты ақпарат

Апаттан кейін әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында Қазақстан азаматының қаза болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметті Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзірге растаған жоқ.

Керісінше, СІМ-нің 28 тамыздағы мәліметіне сәйкес, Непал–Қытай шекарасындағы апат аймағында болуы мүмкін екі Қазақстан азаматын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік жергілікті мемлекеттік органдармен байланыста екенін және жоғалған азаматтардың туыстарымен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Ал, соңғы деректе 3 қазақстандықтың іздестіріліп жатқандығы айтылуда. Қытай БАҚ-тарында Қытай шекарасының Тибет жағында жоғалып кеткен 23 елден келген 261 шетелдік азамат туралы ақпаратты жариялады.

PS: Непал мен Тибеттегі 26 тамыздағы апат – жай ғана нөсерден болған су тасқыны емес. Оның негізінде мұздық пен тау жыныстарының алып массасының опырылуы, өзен арнасының бөгелуі және сол бөгеттің бұзылуы нәтижесінде пайда болған жойқын мұз-су-тасқын ағыны жатыр.

Ғалымдардың назарын аудартып отырған ең маңызды мәселе – осы апаттың өзі ғана емес, оның Гималайдағы климат өзгерісінің жаңа қауіптерін көрсетіп беруі. Жылыну мұздықтарды ерітіп қана қоймайды: ол таудың жоғары бөліктеріндегі бұрын тұрақты болып келген мұз, тас және мәңгі тоң жүйесін әлсіретеді. Сондықтан алдағы жылдары Непал, Тибет, Үндістан және Бутан сияқты Гималай елдерінде мұздыққа байланысты апаттардың алдын ала болжануы мен ерте ескерту жүйелерін күшейту аса маңызды болмақ.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

02.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27369
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26878
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44208
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39962
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44549