Жақында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктер мен құқық қорғау органдары басшылығының қатысуымен сыртқы факторлардың ықпалын ескере отырып, мұнай өнімдері нарығындағы қазіргі жағдай бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы «https://primeminister.kz» сайты хабарлады.
Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің баяндамасы тыңдалды.
Бүгінде Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете отырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Еліміздегі бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 млн тоннадан асады, бұл тұтынушылардың қазіргі сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді. Мұнай өнімдерімен автожанармай құю стансалары, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер және отандық әуе тасымалдаушыларына басымдықпен қамтамасыз етілуде. Жанар-жағармай материалдарының тапшылығы байқалмайды. Өндіріс көлеміне, жөнелтуге және қорларға тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Кеңес барысында мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің алдын алу шараларына ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін және теміржол көлігімен жеңіл дистилляттарды шығаруға тыйым салу туралы Энергетика министрлігінің бұйрығы қолданыста. Сонымен қатар автокөліктердің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу енгізілген.
Сондай-ақ ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың және Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың баяндамалары тыңдалды.
Премьер-министр Олжас Бектенов ішкі мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді:
- жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу және ел қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында шекарадағы бақылауды күшейтіп, барлық қажетті шаралар қабылдау;
- ҰҚК Шекара қызметіне Қаржы министрлігімен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың барлық схемасын анықтап, жолын кесу;
- Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін өндіру, қорлар және тұтыну теңгеріміне тұрақты мониторинг жүргізуді және қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдау жөнінде жедел ұсыныстар енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұл қазіргі таңда маңызды тақырыптардың бірі саналады. Ақпарат құралдары хабарлағанындай, қазіргі таңда Украина қарулы күштері Ресейдің Мұнай өңдеу зауыттарына қарата дрон шабуылдарын көбейтіп жатыр. Тіпті Мәскеудегі МӨЗ-та бағытталған шабуылдан, инфрақұрылымда аса ауыр зақымдану болғаны айтылуда. Мұндайда жанар-жағармайға тапшылықтың туындайтыны сөзсіз. Ендеше мұның салмағы көршілес жатқан Қазақстанға түспеуіне кім кепіл бола алады? Осындай сын сағаттардың алдын алу мақсатында ашылған бұл жиналыстың маңыздылығы зор дер едік. Осы мәселеге байланысты қазір ІІМ тарапынан бақылау көшейіп келеді. Бұл туралы 22 маусым күні ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Онда: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдері мен жанар-жағармайды ел аумағынан заңсыз шығарудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Жанар-жағармайды заңсыз әкету фактілері жиі тіркелетін шекара маңындағы аймақтарда патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істейді. Бұл бекеттерде заңсыз жанар-жағармай тасымалдауды, оның ішінде жол талғамайтын көліктерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын заңсыз әрекеттерді анықтауға ерекше назар аударылады.
Көлемі ұлғайтылған жанармай бактарымен жабдықталған көлік құралдарының басым бөлігі Жамбыл облысында тіркелген. Қордай ауданында конструкциясы өз бетінше өзгертілген автобус анықталды. Тексеру барысында әрқайсысының сыйымдылығы 600 литр болатын жасырын қосымша бактар табылды. Тек соңғы екі айдың ішінде полиция қызметкерлері шамамен 17 тонна жанар-жағармайдың заңсыз шығарылуына тосқауыл қойды. Қайта жабдықталған жанармай бактары бар 87 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар көліктерді заңсыз қайта жабдықтаумен айналысатын техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен бірлесіп, қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын 16 техникалық қызмет көрсету станциясын тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша алты нысан иесіне қатысты әкімшілік материалдар жиналды.
Ішкі істер министрлігі мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастырады, оның ішінде мұнай өнімдері мен жанар-жағармай материалдарының ел аумағынан заңсыз шығарылуына жол бермеу де бар. Бұл жұмыс Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында, – делінген.














