Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қабырғасында өткен дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мыңдаған келушінің басын қосты. Алғаш рет ұйымдастырылған TikTok LIVE тікелей эфирі 700 мыңға жуық қаралым жинап, музейдің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігін айқын аңғартты. Онлайн көрермендер музей экспозицияларымен танысып, мерекелік кештің ерекше атмосферасын қашықтан тамашалады.

Акцияның ресми ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау жолындағы еңбегін ерекше атап өтті. Ол мұндай мәдени шаралардың ел тарихына деген қызығушылықты арттырудағы маңызы зор екенін айтты. Кеш барысында қонақтарға театрландырылған экскурсиялар, интерактивті бағдарламалар, квест сабақтары ұсынылып, тарихи кезеңдер атмосферасына саяхат жасауға мүмкіндік берілді. Әсіресе, кішкентай келушілерге арналған дәстүрлі «Балдырған гид» жобасы көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. 4-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер музей залдары бойынша экскурсия жүргізіп, қазақ және орыс тілдерінде тарихи жәдігерлер жайлы еркін баяндады. Олар динозаврлардан бастап әйгілі Алтын адам, Сармат көсемі мен Тақсай ханшайымы туралы қызықты деректермен бөлісті.

Кештің ерекше жобаларының бірі – «Жұлдызды гид» бастамасы болды. Танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлері музей залдарында экскурсия өткізіп, ұлттық мұраны жаңа қырынан таныстырды. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Алтын залында» Есік қорғанынан табылған Алтын адам тарихы туралы әңгімелесе, Нартай Аралбайұлы көшпелі өркениет жайлы тағылымды экскурсия өткізді. Сонымен бірге, спортшы әрі депутат Ардақ Назаров Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен мұрасы жайлы кеңінен баяндады.

Бұдан бөлек кеш барысында өнер мен технологияны ұштастырған ерекше шоу ұсынылды. Гуманоид-робот пен бионикалық робот-иттің қатысуымен өткен көрініс, скрипкашы Назым Мұстафина орындаған музыкалық шығармалар көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

Музей қонақтары отандық және халықаралық көрмелерді тамашалап, өнер әлемінің сан қырлы бағыттарымен танысты. Олардың қатарында суретші Аңсаған Мұстафа ұсынған «Сөйле, сурет» көрмесі, жапондық манга форматындағы «Орталық Азия тағамдары» көрмесі, сондай-ақ корейлік жаңа медиа суретшісі Хван Сонджон жұмыстары ерекше қызығушылық тудырды.

Кеш соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Наз мемлекеттік би театры, Қазақ Ұлттық хореография академиясы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен «Heart Hor» хоры өнер көрсетті. Әсем би, сырлы әуен және жарық шоуы көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Осылайша, «Музей түні – 2026» акциясы Ұлттық музейдің тек тарихи жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, руханият, мәдениет, ғылым мен шығармашылық тоғысқан заманауи кеңістік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
















