Биыл Қазақстанда жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» 1993 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңымен өкілді және атқарушы билік органдарының өкілеттіктері бөлінді. Халық кеңестерінің депутаттары мәслихаттар-депутаттар жиналыстары болып қайта құрылды. 1994 жылдан бастап мәслихаттар өз жұмысын бастады. Дәл сол кезден бастап Егемен Қазақстанның өкілді билік органдарының қызметі есептеліп келеді. Биыл Қазақстан мәслихаттары 30 жылдығын атап өтуде. Мерейтойлық датаға орай елордада бірқатар мәдени, ғылыми және спорттық іс-шаралар өткізілді. Алдағы уақытта да өте бермек. Олардың қатарында «Күшті мәслихаттар – жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың негізгі институты» ғылыми-практикалық конференциясы бар. Бұл жайлы өзгеше айтуға туралы келеді. Себебі 30 жылдың барлық көрсеткіші осы жерде айтылды. Халыққа есеп берілді. Мәслихаттың көтеретін жүгі мен ел алдындағы абыройы да осы жиында нақтыланды.
Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының жұмысындағы бағыттарды атағаны ел есінде. Президент Мәслихаттар жұмысын тіпті жіліктеп-жіліктеп берген болатын. «Бірінші. Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет. Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды», – деді Тоқаев.
Тоқаев осылай мәслихат «саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналуы тиіс» дейді. Сонымен қатар, Президент атап өткендей, мәслихат депутаттары азаматтар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстауы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдаланып, мәжілістен үлгі алу керек».
«Екінші. Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару керек. Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзінөзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзінөзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет. Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс. Біз «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сай жұмыс істеуіміз керек. Сіздер мұның маңызы зор екенін жақсы білесіздер. Сондықтан әр депутат өз ауданын өркендетуге атсалысады деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев форумда. Ал үшіншіден, Президент атап өткендей, мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы керек. «Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутаттар қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды. Осы орайда AMANAT партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ерекше атап өткім келеді. Сондықтан жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер. Мен Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырдым. Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияладым. Осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы мен кәсіби біліктіліктің орнығуына ықпал етеміз деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев. Міне, Мәслихаттың ұстанымы осы болуы тиіс. Астанада Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Мықты мәслихаттар – мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың негізгі институты» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Оған барлық шақырылымдағы депутаттар қатысты. Конференцияда үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, университет профессорлары, қоғамдық кеңестердің мүшелері және басқа тұлғалар сөз сөйледі. Ғылыми-практикалық конференциядан бөлек, іс-шара қонақтарына мұрағаттық фотосуреттер мен құжаттар көрмесі дайындалды.
Конференция Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатымен ашылды. «Мәслихат – жергілікті өзін-өзі басқару саласында маңызды рөлге ие. Ол халық пен билік арасындағы алтын көпір. Қоғамның сөзін айтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сенімді саяси институт. Биыл ел мәслихаттарының құрылғанына мерейлі 30 жыл. Астана қаласының мәслихаты елордамыздың өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Мәслихат депутаттары қала халқының тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысып, ел мүддесі жолында тындырымды еңбек етуде. Қабылданған әрбір шешімнің халықтың мүддесі, елдің болашағы басты назарда», – деп жазылған құттықтау хатта.
Шара модераторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ректоры Ерлан Сыдықов күн тәртібінде мәслихаттардың өңірлердің тұрақты дамуындағы және жергілікті басқарудағы рөліне басымдық бере сөйледі.
– Мәслихаттар – өңірлердің дамуына тікелей ықпал ететін негізгі институт. Бұл залда жиналған мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, мәслихаттардың жұмысына қатысты нақты шешімдер ұсынуға дайын. Бүгінгі пікірталасымыз жергілікті басқаруды нығайтып, еліміздің дамуына үлес қосады деген сенімдеміз. Бүгін біз мәслихаттардың жергілікті басқарудың негізгі элементі ретіндегі маңызды рөлін талқылаймыз. Күшті мәслихаттар – тек өңірлердің тірегі емес, елдің тұрақты дамуының маңызды факторы. Бұл залда жергілікті басқаруды нығайтуға шешімдер ұсынуға дайын түрлі сала мамандары жиналды. Біздің пікірталастарымыз жергілікті билік алдында тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді тереңірек түсінуге көмектеседі, – деп атап өтті Е. Сыдықов.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов халық сайлайтын жергілікті өкілді орган жұмысының қорытындылары туралы айтып берді. – Бүгін біз конференцияға қатысып, депутаттардың жұмысын қорытындылаймыз. Біздің басты міндетіміз – ел өмірін жайлы әрі қауіпсіз ету, ол үшін барлық мемлекеттік органдармен белсенді ынтымақтастық орнату. Мәслихаттар азаматтардың өтініштерін қабылдайды және оларға үнемі ден қояды. Биылғы жыл ең алдымен елорда тұрғындары мен бүкіл ел үшін пайдалы істермен есте қалды деп үміттенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бұрынғы және қазіргі әріптестерімді мәслихаттардың 30 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Ел заңнамасына сәйкес, бүгінгі мәслихат – Астана халқының еркін білдіретін және мемлекеттік мүдделерді ескеріп, оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды анықтап, олардың орындалуын қадағалайтын өкілді орган. Елордалық мәслихат мерейтойға оң нәтижелермен жетті. Басты міндетіміз – еліміздің бас қаласындағы өмірді жайлы әрі қауіпсіз ету. Осы мақсатта барлық мемлекеттік органдармен белсенді ынтымақтастық орнатылды. Мәслихаттар азаматтардың өтініштерін қабылдап, оларға жедел жауап береді. Биылғы жыл да елорда мен бүкіл ел тұрғындары үшін ең алдымен пайдалы істермен есте қалады деп сенемін, – деді ол. «Қазақстан мәслихат депутаттары» РҚҚ төрағасы Төлеубек Мұқашев 30 жылда барлық мәслихаттар ықпалды билік органдарына айналғанын атап өтті. – Үш онжылдық ішінде барлық мәслихаттар ықпалды билік органдарына айналды. Онсыз өңірлер мен қалалардың тұрақты дамуын елестету мүмкін емес. Сіздердің қызметтеріңіз Астананың әр тұрғынының аманатын арқалап, қаланы абаттандыруға қатысты шешімдер қабылдаудан бастап, түрлі әлеуметтік, экономикалық, саяси салаларда маңызға ие. Жыл басындағы су тасқыны кезінде, одан кейінгі қаншама сындарлы шақта мәслихаттың барлық буындары өздерін көрсете білді. Жер-жердегі әріптестеріміз халық пен атқарушы билік арасында көпір болып, әр алуан елдік жобалардың жүзеге асуына жол ашты. Онсыз өңірлер мен қалалардың тұрақты дамуын елестету мүмкін емес. Сіздердің қызметтеріңіз Астананың әр тұрғынының аманатын арқалап, қаланы абаттандыруға қатысты шешімдер қабылдаудан бастап, түрлі әлеуметтік, экономикалық, саяси салаларда маңызға ие. Жыл басындағы су тасқыны кезінде, одан кейінгі қаншама сындарлы шақта мәслихаттың барлық буындары өздерін көрсете білді. Жер-жердегі әріптестеріміз халық пен атқарушы билік арасында көпір болып, әр алуан елдік жобалардың жүзеге асуына жол ашты, – деді Т. Мұқашев. Конференцияда Астана қаласы мәслихатының I-VIII шақырылымының бірқатар депутатына ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, «Еңбек ардагері», «Экология саласының үздігі», «Еңбек сіңірген энергетик», «Нашақорлықпен және есірткі қылмысымен күреске қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Алғыс хаттары табысталды. – 1994 жылы мәслихатта жұмыс істей бастағанымызға отыз жыл болды. Бұл маңызды сәт, өйткені мәслихат біздің қаламыз – Астананы құруда және қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Біз бірінші депутат болдық. Осы кезеңдегі жетістіктермен бөлісу үшін біздің рөлімізді ұмытпау және осындай іс-шараларға шақыру өте жағымды. Барлық депутаттарды осы айтулы оқиғамен құттықтағым келеді, – деп атап өтті Тияқбай Бектаев. Сондай-ақ іс-шара барысында I-VIII шақырылымдағы депутаттарды ведомстволық наградалармен және «Қазақстан мәслихатының Құрметті депутаттары» төсбелгісімен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
«Елорда тұрғындары өздері сайлаған депутаттарды біледі, мәслихатқа түрлі сауалмен және мәселелермен жүгінеді. Депутаттар өз кезегінде әкімдікпен бірлесіп, оларды шешу үшін жұмыс істейді. Сондықтан, менің ойымша, мәслихат депутаттары біздің мемлекетімізде шешуші рөл атқарады. Барлық шақырылған Астана қаласының депутаттарын айтулы мерекемен құттықтаймын. Сіздерге амандық пен денсаулық тілеймін. Бүгінгі іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын, – деді Бекбол Сағын. Конференция аяқталған соң, Мәңгілік Ел даңғылындағы скверде «Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы» аллеясы ашылып, көшет отырғызу рәсімі өтті.
Дайындағандар –
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,
Саяжан ҚАЙДАР