Намысшыл Нұржан

Намысшыл  Нұржан

Біздің аудан мұқым қазақ еліне Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері шыққан киелі өлке ретінде танымал. Әрине, оны тек дәстүрлі баспасөзде еңбек етіп жүрген журналистер ғана емес, YouTube-та түрлі подкасттар түсіріп жүрген әріптестер де айтып жүр. Негізінен, бұл – жаны бар сөз. Қарап отырсаңыз, Олимпиада ойындарында чемпион болған Ермахан Ибраимов пен Елдос Сметов біздің ауданның перзенттері. Бұл қатарға Ислам Байрамуков пен Ақжүрек Таңатаровты да қосыңыз. Елдосымыз Олимпиаданың 3 циклында да жүлде еншіледі. Біз бұның бәрін не үшін жазып отырмыз? Біз есімдерін атаған азаматтардың барлығы әлемдік ареналарда қазақ елінің абыройын асқақтатты. Ол, әрине, кейінгі толқын жастарымызға да үлгі болары анық.

Жастар дегеннен шығады, кейінгі жылдары ауданымыздан шыққан жастар да күрес түрлерінен ағалар салған сүрлеу жолды абыроймен жалғастырып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Сондай рухты жастың бірі – Нұржан Асан деп айтсақ жарасады. Жақында Нұржан Асан Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында өткен «Bill Farrell International» турнирінде 87 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, жүлделі екінші орын иеленді. Нұржан алғашқы айналымнан-ақ қарсыластарын таза жеңіспен ұтыпты. Естуімізше, финалдық белдесуде де жақсы күресіпті. Алайда бұл – спорт. Ақтық сында америкалық балуанға ұпай санымен ғана есе жіберген екен. Біз білетін Нұржан өте алғыр әрі еңбекқор спортшы. Оның көптеген белдесулерін бақылап, көріп жүрміз. Біз оның болашағына сенеміз. Өйткені оның күресі де ерекше. Ол әлі талай додаларда қазақ елінің намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз.

Айта кетейік, Нұржан Асан осымен екінші жыл қатарынан дәл осы турнирде жүлдегер атанып отыр.

Тақырыпқа орай Нұржан Асан туралы қысқаша ақпарат жаза өтсек дейміз. Нұржан Көгершін ауылында дүниеге келген спортшы. Ол жастайынан спортты жанына серік етті. Кейіннен Тараз қаласына қоныс аударып, грек-рим күресінен көптеген белестерді бағындырды. Нұржан Асан 2021 жылы сурдлимпиадада қола жүлде еншіледі. 2022 жылы әлем чемпионы атанды. Азия ойындарының екі дүркін чемпионы болды. Осыдан бір-екі жыл бұрын Көгершін ауылының тұрғындары жерлестерін арнайы шақырып, кездесу ұйымдастырып, балуанға құрмет көрсеткен еді. Естеріңізде болса, ол біздің газетте жарияланған болатын.

Нұржанның жеке бапкері Ринат Исмайлов: «Нұржан – өте еңбекқор жігіт. Ол ешқашан алған бетінен таймайды. Біз бірлесе еңбек етіп, жетістіктерге жеттік. Дегенмен біз бұған масаттанбай, әлі де еңбек ете беретін боламыз. Шәкіртім Нұржанның төзімділігін, еңбекқорлығын жоғары бағалаймын», – дейді.

Спортшылардың көбісі үй бетін көрмейтіні белгілі. Үнемі Қазақстанның өзге қалаларында болсын, шет мемлекеттерде жаттығу өткізеді. Нұржанның да графигі дәл солай. Ол 12 жылдан бері осылай үздіксіз жаттығып, шеберлігін шыңдап келеді. «Қазақ спорты – рухтың биігі. Менің өмірлік миссиям – сол рухты әлемге таныту», – дейді Нұржанның өзі. Жас спортшы жігіт қазірдің өзінде әлемге танымал десек болады. Осындай жұлдызды спортшы жігіттің біздің ауданның перзенті екені біз үшін зор мақтаныш.

 

Марат ДИХАНБАЙ,

Жамбыл облысы

Рысқұлов ауданы

04.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 558
«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 556

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20882
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20665
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35800
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34320
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38202