Мемлекет басшысы Бішкекке барды

Мемлекет басшысы Бішкекке барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 тамыз күні Бішкек қаласында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Биылғы халықаралық спорттық бәсекелер 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл облысында ұйымдастырылады. Жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 43 бағыты бойынша өзара мықтыны анықтайды. Олардың қатарында қазақ халқының дәстүрлі ұлттық спорт түрлері де бар.

Қазақстан құрамасы сапында 150-ден астам спортшы ел намысын қорғайды. Отандастарымыз ойындар бағдарламасына енгізілген 43 спорт түрінің барлығында бақ сынайды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің екіжақты кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу кезінде тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достыққа, тату көршілікке және одақтастыққа негізделген жан-жақты байланыстардың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады. Оның пікірінше, сайлау қорытындысы Мемлекет басшысының Қазақстанды одан әрі өркендету, елдегі саяси тұрақтылықты күшейту, экономикалық дамуды қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған стратегиялық бағытының қоғам тарапынан кең қолдау тапқанын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебізі үшін Ресей басшысына алғыс айтып, елімізде конституциялық реформа шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өзіңіз атап өткендей, сауда-саттық тез дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл үдерісті барынша қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владимир Путин екіжақты қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын жоғары бағалады.

– Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалады. Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар. Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеуде. Өзара уағдаластықтарды бұлжытпай орындағаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Әсіресе, гуманитарлық саладағы байланыстарымыздың жандана түскені қуантады. Қазақстандық 60 мың студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жуырда ғана Омбы қаласында Қазақстанның маңдайалды оқу орнының филиалы ашылды. Яғни барлық мәселе бойынша өзара түсіністік орнаған. Бүгін осы тақырыпты егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік туып отыр, – деді Ресей Президенті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективасын, сондай-ақ өзара мүддеге сай келетін салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды

Мемлекет басшысы көрсеткен қонақжайлығы мен жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына алғысын білдірді.

– Кездесуіміз бізге туыс елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу күндерімен тұспа-тұс өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, әріптестерім – құрметті Садыр Нургожоевич Жапаров пен қадірлі Шавкат Миромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құттықтаймын. Бауырлас халықтарға бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, 25 жылға жуық уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы бастапқыдағы «Шанхай бестігінен» Еуразияның басым бөлігін қамтып, әлем халқының жартысына жуығын біріктіретін ықпалды халықаралық ұйым деңгейіне көтерілді.

– ШЫҰ – әртүрлі, бірақ рухы бір елдердің бірегей бірлестігі ретінде ішкі мәселеге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Бүгінде ол шын мәнінде табысты, ықпалды әрі сұранысқа ие халықаралық құрылымға айналды. Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі. ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан «Шанхай рухына» сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қырғызстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткенін айрықша атап өтті.

– Қазақстан қырғыз ағайындарымыз бен серіктестеріміздің Ұйым бірлігін нығайту және оның сан қырлы әлеуетін ашу жолында атқарған мәнді де мазмұнды жұмысын жоғары бағалайды. Бүгінгі отырыстың қорытындысы ШЫҰ-ның халықаралық беделін одан әрі көтеріп, қызмет тиімділігінің артуына және жаһанның құбылмалы жағдайында нақты стратегиялық мүдделердің қалыптасуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы қол жеткен жетістіктерді алға тартып, «Шанхай ондығына» кіретін елдердің бәрі үшін айрықша маңызға ие басты бағыттарға тоқталды.

– Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту. ШЫҰ құрамында Еуразияның ірі мемлекеттері бар. Жаңадан сұлбаланып келе жатқан әлемдік тәртіптің тұрпаты қандай болмағы көбіне осы елдердің ұстанымына байланысты. Бұл ретте Ұйымға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады. Әсіресе, қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады. Сонымен қатар дағдарыстың трансшекаралық сипатта белең алу қаупі күшейіп келеді. Бұрыннан келе жатқан сын-қатерлер де өзектілігін жойған жоқ. «Үш зұлым күшпен» – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес өзара ықпалдастығымыздың басым бағыты болып қала береді. Олар трансұлттық қылмыспен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару айналымымен және киберқауіппен астасып жатыр. Қазақстан Сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықтың, сондай-ақ ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының мақсаттары мен міндеттерін қолдайды. Бұл құрылымдардың қызметі мемлекеттеріміздің құзырлы органдары арасындағы іс-әрекетті үйлестіруді жаңа деңгейге көтеріп, осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нәтижесін жақсартатынына сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту – стратегиялық тұрғыдан маңызды бағыт. Мемлекет басшысы бірлескен жұмыстардың нәтижесінде ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы өзара тауар айналымы бір триллион долларға жуықтағанын атап өтті. Сонымен қатар Президент экономикалық ықпалдастықтың әлеуеті әлі де толық игерілмей отырғанын айтты. Оның сөзінше, ұйымға мүше мемлекеттердің табиғи ресурстық, өндірістік және технологиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, экономикалық өсімнің жаңа бағыттарын қалыптастыру және тұрақты іскерлік байланыстарды дамыту қажет. Қазақстан ШЫҰ аясында ауқымды сауда-инвестициялық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Ол үшін саудадағы кедергілерді азайтып, цифрлық рәсімдерді енгізу, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және қол жеткізілген келісімдерді нақты жобаларға айналдыру маңызды. Осы ретте Мемлекет басшысы пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынды. Бұл тәсіл мемлекеттерге өзге қатысушылардың шешімін күтпей-ақ, дайын жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал нәтижелі бастамаларды кейіннен ШЫҰ-ға мүше елдердің барлығына ортақ тәжірибе ретінде кеңінен енгізуге болады. Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болады деп санайды.

– Осы арқылы тауар алмасудың оңтайланған тәсілін, цифрлық рәсімдерді және заманауи есеп айырысу тетіктерін сынап көруге болады. Тағы бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

02.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27369
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26878
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44208
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39962
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44549