Бүгін белгілі дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы Сарысу ауданына келді.
Алдымен Саудакент ауылында кездесу өткізген дінтанушы түстен кейін Жаңатас қаласында болып, тұрғындармен кездесті.
Бұл шара Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Сарысу ауданы тұрғындары арасында деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру, жастар арасында дәстүрлі діннің маңыздылығын кеңінен түсіндіру» жобасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткізіліп отыр.
"Қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру" тақырыбында өткен тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырушы «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі.
Нұрлан Байжігітұлы дінді қарапайым түрде қазақтың тілмен түсіндіріп жүрген имам. Ол әлеуметтік желі арқылы да тәлім-тәрбие беріп отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүр.
Әлеуметтік желі арқылы көпшілікке танымал болған Нұрлан имаммен кездесуге келгендердің қарасы көп болды.
Кездесу барысында дін мен дәстүр, дәстүрлі діннің маңызы тұрғысында ашық әңгіме айтылды. Ұрпақ тәрбиесі, үлкенге ізет, кішіге құрмет, өмірде өз жолын дұрыс таңдау тақырыбында насихаттар, қазақтың ырымдары мен тиымдарын қолдану тәртібі кеңінен түсіндірілді.
Тәрбие мен тағылымға толы бұл кездесу аудан тұрғындары үшін берері мол шара болды.
Кездесу соңында Нұрлан Байжігітұлы кішкентай сәбидің тұсауын кесіп, батасы берді.