Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Мерекелік шарада ардагер журналистер, телеарна директорлары мен түрлі деңгейдегі басылым басшылары, меншікті тілшілер, журналистер мен операторлар бас қосты.
Аймақ басшысы ақпарат саласының қоғамдағы рөліне тоқталып, сала мамандарына артылар жүктің салмағы ауыр екенін атап өтті.
- Сіздердің еңбектеріңіз арқылы елдің талабы мен тілегі, ойы мен пікірі, мұқтаж жандардың өмірі айқын көрініс тауып келеді.
Осы тұста Шерхан Мұртазаның «журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген ғұмырлы сөзі еріксіз еске түседі. Бұл ақпарат әлеміндегі журналистердің жұмысына берілген нағыз баға.
Әлеуметтік желінің ықпалы артқан кезеңде елге шынайы әрі сапалы ақпарат беру үшін кәсіби біліктілік пен батылдық керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі өңірден шыққан қазақ журналистикасының қара нарларын еске алды. Олардың өткен жолы мен еселі еңбегі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Сөз соңында БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жаңа «Масс-медиа туралы» заң журналистердің мәртебесін арттырады деп сенім білдірді.
Салтанатты шарада облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, Қазақстан журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов пен аға буын өкілдері сөз сөйлеп, жас журналистерге ақ батасын берді.
Жиында саланың бірқатар үздік маманына мерекелік марапаттар табысталды.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес белгілі журналист Оралхан Дәуіт «Құрмет» орденімен, «Ақ жол» газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмахан «Ерен еңбегі үшін» медалімен, аудандық басылымдардың бас директоры Олжас Иенберген «Шапағат» медалімен, сала ардагері Жарылқасын Нұралиев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Бұдан бөлек, Қазақстан журналистер одағының марапаттары берілді.
Шара соңында К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің мерекелік концерттік бағдарламасы қойылды.