Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізіп, журналистердің мәселелерін тыңдап, түрлі сауалдарына жауап берді.
Айта кету керек, бұған дейін өткен кездесуде аймақ басшысы журналистермен тоқсанына бір рет кездесіп тұруға уәде берген болатын. Соған сәйкес, ұйымдастырылған дәстүрлі басқосу барысында облыс әкімі алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларға қысқаша тоқталды.
- Өздеріңізбен бірге аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізуде әрі өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешуде бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Қай кезде де төртінші билік өкілдері саналатын – бұқаралық ақпарат өкілдеріне айрықша басымдық беріледі. Сіздер билік пен бұқараның арасындағы «алтын» көпір ретінде өз жұмыстарыңызды белсенді атқарып келесіздер. Үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, оқырмандарға мазмұны терең, тақырыбы тың материалдар ұсынып жүрсіздер. Сондықтан, қашанда ақиқаттан айнымайтын ақпарат өкілдеріне алғысымыз шексіз. Бүгін өздеріңізбен емен-жарқын әңгімелесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға дайынмын, - деді Ербол Қарашөкеев.
Басқосуға келген БАҚ өкілдері аймақ басшысына идеология, әлеумет, білім, спорт, экономика және ауыл шаруашылығы салаларындағы көкейде жүрген сауалдарын қойды.
Мәселен, кездесуде ҚР Журналистер Одағының облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов ақпарат саласындағы мамандарды тұрақты оқытудан өткізу, мал шаруашылығында жүн өндеу ісін қайта қолға алып, жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне күш салуға қатысты мәселелерді жеткізді.
Ал, белгілі қаламгер, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы облыстық мемлекеттік архиві орналасқан ғимараттың ескіргенін, жаңа нысан салу қажеттігін көтерді.
Сондай-ақ, белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық жайылым жерлердің аздығы мәселесін көтерсе, «Қазақстан» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл тілшілер қауымын ынталандыру бағытында түрлі шаралар өткізуді ұсынды.
Бұдан бөлек, бірқатар журналистер ақпараттық ашықтық, мемлекеттік тапсырыс беру, өңірдегі сала басшыларының тұрақты түрде журналистермен жүздесуін ұйымдастыруды айтып, өз ойларын ортаға салды.
Ербол Қарашөкеев барлық сұрақтарға атқарылып жатқан шаруалар мен жоспарлы жобаларды негізге ала отырып жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар, облыс әкімі БАҚ өкілдері тарапынан көтерілген барлық мәселе назарға алынатынын баса айтты.