Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдерімен бас қосып, мәселелерді талқылады.
–Өңірдегі халықтар достығы мен ауызбіршілігімізді сақтау, бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайту аясында бас қосып отырғанымыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру бастамасында ел дамуына әрқайсымыз үлесімізді қосуымыз керек екенін айтты. Осы тұста өңіріміздің, еліміздің өркендеуіне өздеріңіздің де қосар үлестеріңіз зор,-деп шараны ашып берген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, өңірде биыл татулықтың туын желбіреткен 724 іс-шара ұйымдастырылып, оған 42 мыңнан астам өзге ұлт өкілінің қамтылғанын, мұндай шаралардың барлығы ел бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін жеткізді.
Басқосу барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан сөз сөйлеп, 2022 жылдың 8-қарашасында Мемлекет басшысы ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесін құруды тапсырғанын, биыл наурызда 236 ақсақалдан құралған кеңестің өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан аймақтың сегіз ауданында жұмысын бастағанын жеткізді.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гулам Умаров «Қоғамдық келісім» мекемесінің жан-жақты жұмысына тоқталып өтіп, оны қаржыландыру мен штат бірлігін арттыру туралы ұсынысын ортаға салды.
Кездесуде этномәдени бірлестік өкілдері ел бірлігін нығайтуға қатысты бұдан басқа да бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Айтылған мәселелер бойынша аймақ басшысы жан-жақты жауап беріп, ұсыныстарды қолдайтындығын жеткізді.