Атырауда «Жарқыра» бағдарламасы аясында алғаш рет Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлер форумы ұйымдастырылды. Форумға облыс әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері, еліміздің әр өңірінен келген әлеуметтік кәсіпкерлер, бизнес қауымдастығы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Шара барысында әлеуметтік кәсіпкерлікке инвестиция тарту, әріптестікті дамыту, табысты жобаларды кеңейту және елімізде әлеуметтік кәсіпкерліктің тұрақты экожүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмаситовтың айтуынша, бүгінде өңірде 71 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 110 кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкер мәртебесіне ие. Мемлекеттік қолдау аясында бұл бағыттағы кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар қарастырылған.
– Бұл форум мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті нығайтуға, әлеуметтік кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына және инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашады, – деді Нұрдәулет Жұмаситов.
Форумды ұйымдастырушы Асқар Секербаевтың мәліметінше, соңғы он жыл ішінде «Жарқыра» бағдарламасы 84 әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсетіп, 350-ден астам жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпал еткен. Бағдарлама түлектерінің жобалары жыл сайын өңірдегі 50 мыңнан астам тұрғынның өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосып келеді.
Форумның тәжірибелік бөлімінде әлеуметтік кәсіпорындарды дамыту, бизнесті кеңейту, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Сарапшылар әлеуметтік жобаларды тиімді басқарудың заманауи тәсілдерімен бөлісті.
Форум аясында «Жарқыра» бағдарламасының жаңа маусымы ресми түрде бастау алды. Биыл өңір тұрғындары әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жобаларын жүзеге асыру үшін гранттар мен пайызсыз несие алуға арналған конкурсқа қатысып, сарапшылық қолдауға ие бола алады. Бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау 1-20 шілде аралығында жүргізіледі.
А. ХАМИТТЕГІ,
Атырау облысы














