Алдағы үш жылда Ақтөбе облысы халқының 99,6 пайызы көгілдір отынның игілігін көреді. Өткен жылы өңірде жалпы құны 12,2 млрд теңге болатын 23 газдандыру жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде 31 ауылдың тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді.
Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың мәліметінше, бүгінде Ақтөбе облысындағы 319 елді мекеннің 208-і табиғи газбен қамтылған.
– Өңірдің газбен қамту жүйесін одан әрі дамыту мақсатында республикалық бюджеттік комиссияға 5,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік өтінім жолданды. Бұл қаражат тағы 8 жаңа жобаны іске асыруға бағытталмақ. Аталған жобалар толық қаржыландырылған жағдайда облыста табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 225-ке жетіп, нәтижесінде 910,2 мың адам немесе облыс халқының 98 пайызы табиғи газға қол жеткізеді. Сонымен қатар жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда 5 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды, тағы 2 жоба бойынша құжаттама әзірленіп жатыр, – деді ол.

Ал 2027-2029 жылдары 40 ауылды қамтитын 15 жобаны дайындау жоспарланған. Бұл жобалар 12,4 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоспарланған барлық іс-шара жүзеге асқан жағдайда табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 274-ке жетеді. Бұл – облыстағы барлық елді мекеннің 85,9 пайызы. Ал өңір тұрғындарын табиғи газбен қамту деңгейі 99,6%-ға немесе 929,9 мың адамға дейін өседі.
– Биыл Әйтеке би, Мәртөк және Ойыл аудандарындағы тағы 8 ауылды газдандыру жоспарланған-ды. Бұл жобалар жалпы алғанда 3,7 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде 2 126 адам тұратын бес елді мекенге газ қосу жұмыстары толық аяқталды, – дейді Арысұлан Айтбаев.
Маусым айында Ойыл ауданындағы Қаракемер, Ақкемер, Ақшатау және Кемер ауылдары табиғи газға қосылды. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, көптен бері көтеріліп келген өзекті мәселенің түбегейлі шешілуіне жол ашты.
Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Қаракемер ауылында бүгінде 55 аула бар, 311 тұрғын тұрады. Елді мекенде мектеп, медициналық пункт және мәдениет ошағы жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін ауыл халқының басым бөлігі үйлерін қи және көмірмен жылытып келген. Алайда көмір бағасының жыл сайын қымбаттауы, оны жазда сақтау және қыс мезгілінде тасымалдаудың қиындығы тұрғындарға едәуір салмақ түсіріп келді. Енді көгілдір отынның келуі бұл түйткілдерді артта қалдырып, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңін бастады.
Кемер және Ақкемер ауылдарына газ құбырларын іске қосу рәсіміне Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол ауылдық жерлердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Екі ауылдағы үйлерге көгілдір отын беріліп, бұл елді мекендердің дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жаңа мүмкіндік ашты. Осыған дейін көптеген отбасы қысқа дайындықты ерте бастап, көмір мен отын дайындап, пеш тазалап, күн сайын күл шығаруға мәжбүр болатын. Енді бұл қиындықтар біртіндеп өткеннің еншісінде қалмақ. Көгілдір отын ауданның екі ауылына бірдей келіп, олардың дамуында жаңа кезеңнің басталуына жол ашты, – деді облыс басшысы.
Ақкемер ауылын газбен қамту жобасы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жобаны іске асыруға 65,5 млн теңге бөлінді. Мердігер ұйым – «GazMart» ЖШС. Нәтижесінде 378 адам тұратын 71 үй мен үш әлеуметтік нысан табиғи газға қосылды. Ақшатау ауылына газдың келуі де жергілікті халық үшін үлкен қуанышқа айналды. Енді тұрғындар үйлерін жылыту мен тұрмыстық қажеттіліктерін анағұрлым қолайлы әрі тиімді жолмен қамтамасыз ете алады.
Шілде айында Мәртөк ауданы Байторысай ауылдық округіне қарасты Полтавка ауылына табиғи газ берілді. Елді мекенде 99 аула, 316 тұрғын бар. Құрылыс барысында ұзындығы 6,4 шақырым болатын жеткізуші газ құбыры тартылып, қажетті инфрақұрылым толық салынған.

Ақтөбе облысында орталықтандырылған ауызсумен қамту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Жақында ғана Әйтеке би ауданындағы Ұлғайсын ауылы орталықтандырылған ауызсуға қосылып, тұрғындар қуанып қалды. Әйтеке би ауданы әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, бұған дейін аудандағы 27 елді мекеннің 25-і орталықтандырылған және арнайы фильтрленген ауызсумен қамтылған болса, енді бұл көрсеткіш елді мекендер саны бойынша 96 пайызға жеткен. Қазіргі таңда Аққұм ауылын орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу жұмыстары толық аяқталған. Бұл жоба жүзеге асқан кезде аталған аудандағы халықты сапалы ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді.
Бүгінде облыс аумағындағы 319 елді мекеннің 301-і, яғни 94,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл өңір халқының 99,9 пайызы немесе 927 мың адам сапалы ауызсуға қол жеткізгенін көрсетеді.














