Биыл көктем мезгілінің салқын болуына байланысты өңдеу жұмыстары жылдағыдан кеш басталып отыр. Себебі, көктемнің салқындығы шегірткелердің шығу және бірінші кезеңнен екінші кезеңге таралу мерзімін ұзартқан.
Ағымдағы жылы «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының болжамына сәйкес 115,0 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде, марокко шегірткесіне қарсы - 8 660 гектарға, итальяндық прусқа қарсы - 80 950 гектарға, азияттық шегірткеге қарсы - 25 400 гектарға жүргізіледі.
Бүгінгі күні алғашқы химиялық өңдеу шаралары Жамбыл ауданында басталды. Осыған орай ауданға арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ондағы өңдеу жұмыстарының барысымен танысып, зиянкестерге қарсы қолданылып жатқан улы химикаттарды көрді.
Жалпы биылғы жылы химиялық өңдеу жұмыстарына 28 дана арнайы техникалар, яғни 5 ұшақ, 23 жер үсті бүріккіштері жұмылдырылатын болады.