Омарәлі Әділбекұлы: Азат елдің қарапайым тұрғыны болу – зор бақыт!

Омарәлі Әділбекұлы:  Азат елдің қарапайым тұрғыны болу – зор бақыт!

  Омарәлі Әділбекұлы – белгілі қоғам қайраткері, әдебиетші, публицист, Бейжіңдегі орталық ұлттар институтын филолог-аудармашы мамандығы бойынша бітірген (1986 жылы). М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы аспирантурада оқыған (1994-1996 жылдары). 

1990 жылдардың басында атамекенге оралған Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне қызмет етуді мақсат еткен шетелден елге келген алғашқы топтағы қазақ интеллигенциясының өкілі. Елге келгеннен кейін қандастар мәселесімен түбегейлі айналысып жүрген саналы қоғам қайраткерлерінің бірі де, бірегейі осы Омарәлі Әділбекұлы екенін біреу білсе, біреу білмейтін. Жақында 60 жасқа толған қайраткер ағамызды мерейтойымен құттықтай барып, шетелдегі қазақтар мәселесі, ішкі-сыртқы көші-қон саясатына байланысты өзекті мәселелер төңірегінде сұхбаттасып қайтқан болатынмын. 

 

Мың жылда бір болатын тарихи оқиғаларды бастан кештім

 

«Алпысқа келдіңіздер,

Бәрін де көрдіңіздер,

Бәріне сендіңіздер,

Бәрін де бердіңіздер,

Алпысқа келсек екен енді біздер...» деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев армандаған алпысқа да толып отыр екенсіз. Аға, мерей жасыңыз құтты болсын! Артқа бұрылып қарағанда осынау өмір сапарыңызда неден ұтып, неден ұтылдым деп ойлайсыз?

   – Рақмет! Алпыс жеке адам үшін аз жас емес, ал уақыт, қоғам, кеңістік үшін қас пен көздің арасы екен, яғни көрген түстей өтіп бара жатыр. Қазір ойланып отырсам, мен тәлейі бар, бақытты буынның өкілі екенмін. Неге дейсіз ғой? Мен Қытайда аты шулы мәдениет төңкерісі кезінде дүниеге келіп, мектеп табалдырығын аттайтын кезім маршал Линь Бияо Кеңес Одағына қашам деп ұшағы құлап опат болып Қытай саясаты сәл жұмсарып өндіріс, ғылым, білім, денсаулық саласы қайтадан реттеле бастаған тұсқа тура келді. Сол жылдарда реформаторы  Дэн екінші рет билікке оралып, төңкеріс пен науқанның салдарын жоя бастады. Ал мен мектеп бітірген 1982 жылы Қытайда реформа басталып, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты толықтай өзгергеніне төрт жыл толған болатын, сондықтан да мен сол жылғы бүкіл мемлекеттік біртұтас тестілеуден жоғары балл жиып, Пекиндегі Орталық Ұлттар университетіне қабылдандым. Мен жоғары білім алып, Пекинде жұмысқа тұрып, оң-солымды тани бастағаныма 9 жыл толғанда Кеңес Одағы тарап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, әлемнің әр түкпіріне тарап кеткен қандастарын елге шақыра бастады. Осындай ғасырда, мың жылда бір болатын тарихи оқиғалардың куәсі әрі қатысушысы болғандықтан, әрине, өзімді  бақытты ұрпақ санаймын. Қаншама ұрпақ, тұлға осы күндерді армандап, аңсап қолы жетпей кетті. Қытай ойшылы Конфуцийдің «Қырыққа келгенде адаспайсың, елуіңде Алланың өзіңді не үшін жаратқанын сезінесің» деген керемет сөзі бар. Алпыс дегеніміз – Пайғамбар жасына бір табан болса да жақындай түсу деген сөз. Бүгіннің көзімен қарасам, өзімді Алланың сүйген құлының бірі болдым деп ойлаймын. Мейлі білім алайын, шәкірт тәрбиелейін, шығармашылықпен айналысайын, кәсіпкерлікті қолға алайын, қоғамдық жұмыспен айналысайын, соның бәрін де жан-тәніммен, жүрек қалауымен істедім. Рөлге енбедім, атақ қумадым, дүниеқоңыздыққа салынбадым. Сондықтан да өмірде болсын, қоғамдық орта да болсын ұтылғанымнан ұтқаным көп, алғаным аз емес, бергенім де жетерлік деп білемін. Алланың өзіме жүктеген миссиясын адал орындап жүрмін деп ойлаймын.                 

 –  Қазақтың классик қаламгері Рақымжан Отарбаевтың «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» деген сөзін білесіз. Сіз Қытай Халық Респ убликасының ШҰАР-на қарасты Іле қазақ автономиялы облысының Тоғызтарау ауданында туып-өскеніңізді, Бейжіңдегі ұлттар университетінде оқып, алғаш университеттің кітапханасында, кейіннен Шыңжаң гуманитарлық ғылымдар академиясының ғылыми журналында  жауапты редактор болғаныңызды, былайша айтқанда, жас кезіңізде Қытайдағы қазақ зиялыларының ортасында жүргеніңізді білеміз. Сонда жүріп тұлға болып қалыптастыңыз.

      – Мен ауылда туып, көшпелі өмірдің шет-жағасын көріп, кейін алып мегаполистің қорытуынан шыққан адаммын. Сондықтан ауылда қалыптасқан әдет-ғұрып, дүниетаным менің бойымнан әлі де кездеседі. Мысалы, кеңдікті, шынайылықты, қарапайымдықты аңсау, дәстүрге көбірек жүгіну т.б. Қала адамды ширатады. Бос қиялға берілмей, реалдық өмірге бойсұнуға, жатпай-тұрмай жұмыс істеуге, өзіңе қатал талап қоюға мәжбүрлейді. Оған шыдамасаң ішіп, бос сөз қуып кетесің. Адамның өсіп-жетілуі, толысып-кемелденуі үшін ортаның ролі өте зор. Пекинде оқып жүргенде атақты түркологтар  Гың Шымин, Ли Зынциан мырзалардан Түркология негіздері туралы дәріс тыңдау бақыты бұйырды, ерлі-зайыпты филолог Мәкен Ілекенов және Жұматай мұғалімдер тіл білімі  туралы ұғымды зердемізге құйды, профессор Би Шун халық ауыз әдебиеті және әдебиеттегі салыстыру бойынша лекциялар оқыды. Кейінгі буыннан Мұқтар, Еркін, Зейнеш Сымайыл, Семсер сынды ұстаздардан алған үлгіміз көп болды. Кейін Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясына ауысып келген соң әйгілі ғалым Нығмет Мыңжанидің аз уақыт болса да көзін көріп, тәлімін алдық. Жазушы, тарихшы Жақып Мырзақан және  тарихшы ағамыз Нәбижан Мұқаметқанұлымен қызметтес әрі шәкірті болған күндер өмірдегі ең шуақты, ұмытылмас күндеріміз десем болады. Бұл кісілер бізге шығармашылық және ғылыми зерттеу жағынан жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетіп берді, тіпті жеке тұрмыстық істерімізге дейін қамқорлық танытты. Қазір Қазақстанда Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясынан келген оннан астам адам бармыз. Бәріміз де өзімізді Жақаң мен Нәбеңнің шекпенінен шықтық деп санаймыз. Бұрын бізде туған жер болды, бірақ Отанымыз бар деп сезінбедік. Қазір Отанымыз бар, бірақ кіндік қанымыз төгілген жер шекараның сыртында қалды, бұл да тағдыр. Жазушы Р. Отарбаевтың тағдыры  бізге ұқсамайды, сондықтан пікіріміз бір жерден шыға қоймайды-ау деп білемін.      

 

«Әдебиеттен алыстатқан бизнеске қалай келдім?»

 

        Тәуелсіздіктің алаң-елең шағында елге оралған алғашқы қазақ зиялыларының бірісіз.

– Біз Пекинде оқып, қызмет істеп жүрген жылдарда Қытайда саяси, экономикалық өзгерістердің үдерісі басталып кеткен кез еді. Сол жылдарда «Азаттық» радиосының қазақ, қытай қызметтері, BBC радиoсы еркін таралатын, Қазақстанның «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты газет-журналдарын университет кітапханасынан еркін алып оқитынбыз. Батыстың классикалық философия, әдебиет және мәдениет тарихы аударылып, серия болып шықты, сонымен бірге жаңа заман құндылықтарын насихаттайтын кітаптар, газет-журналдар үзбей шығып, біздің санамызға әсер етті. Әсіресе, АҚШ-тың экс Президенті Ричард  Никсонның «2000 жыл соғыспай жеңеміз» атты кітабы қытай тілінде жарық көріп, қоғамда дүмпу тудырды. Біз де осы кітапты оқыған соң Кеңес Одағының тарайтынына көзіміз жетті. Қысқасы,  Қазақстан тәуелсіздігін жариялау қарсаңында біз елге келуге психикалық тұрғыда дайын болдық десек те болады.  1993 жылы Қазақстан ұлттық  ғылым академиясының делегациясы Үрімшіге іс-сапармен келгенде Нәбижан Мұқаматқанұлы ағаның үйінде академик Серік Қирабаев ақсақалмен танысудың реті келді. Әрине, ағаларым таныстырып дойбымды төрттен қойған соң, ол кісі де «Қазақстанға келсең, аспиранттыққа қабылдаймын» деп шешімін айтты. Шынын айтсам, мен ағадан, ұстаздан жолым болған адаммын. Елге келудің сәті осылай туды.                       

– Сіздің әдебиет зерттеушісі екеніңізді сол 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер туралы жазған мақалаларыңыз арқылы білдік. Шынын айту керек, Нұрпейісовті алғашқы Қытайдағы қазақтың әдеби ортасына таныстырған сіз екеніңізді біреу білсе, біреу білмейді. Нұрпейісов туралы мақалаңыз Шыңжаңдағы таралымы көп, бір журналдың екі бірдей нөмірінде басылғаны есімде.

      Әдебиетке қызығуыма туған ағам Оспанәлінің ықпалы көп болды. Арамыз жеті жас. Ол кісі ақкөңіл, ашық-жарқын, көпшіл еді. Кітап жиғанды жақсы көретін. Мен хат танығаннан бастап сол кісінің қолмен көшірген Таңжарықтың, Әсеттің, Жамбылдың өлеңдерін, айтыстарын қайталап оқып жаттап алдым. Алғаш оқыған кітабым Ғалым Қанапия деген ақынның «Қос қарағайын» оқи-оқи мәтінін жатқа айтатын болдым. Бірде сол кісінің қолынан Қазақстанның әңгімелер жинағын көріп қалып, өз бетіммен кириллица жазуын үйреніп алдым. Басында өлең жазып жүрдім. Аудандық журналда алғашқы өлеңдерім шықты.  Бірінші курста өлеңдерім жариялана бастады. Үшінші курста «Заман талабы тылсым қаһарман емес пе?», төртінші курста «Жусанды далаға» баға» атты екі сын мақалам «Шұғыла» журналында жарық көрді. Өзге ұлттарды қайдам, мен оқыған университет тарихында қазақтардан студент болып жүріп өлкелік журналда мақалалары шыққан менен басқа  ешкім жоқ екен, енді кейінгі буынды білмеймін. Сол жылдарда ең  сүйсініп, бас алмай оқыған екі кітабым «Қан мен тер» мен «Тынық Дон» болды. Осы кітаптарды оқыған соң көпке дейін қатты әсерленіп жүрдім. Соның нәтижесінде жаңағы өзің айтқан Ә. Нұрпейісов туралы «Қара сөздің қайығы», «Әуезов – Қытайда», «Мұқтар мен Шыңғыс» атты мақалаларым жарық көрді. Жоғарыда айтқан ұстазым Би Шун мырзаның ықпалымен халық ауыз әдебиеті және салыстырмалы әдебиет саласына қалам  тартқан алғашқы зерттеушілердің бірі болдым.

 

«Жебеу» қазақтың белсенді қолдаушысы болды

 

 – «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» (Абай) демей ме? Сізді де нарық кезінде бизнестің сиқыры арбағанын білеміз. Кәсіпкерлік пен іскерлік саласында жүргеніңізге де біраз жылдар болды. Ғылымнан кәсіпкерлікке кетуіңізге не себеп?

– Қытайда нарықтық  қатынас орнай бастағанда біз тек сырттай бақылаушы ғана болдық, ден қойып араласып кетуге батылымыз бармады, жүрегіміз дауаламады. 1991 жылы Дэн Сяопиннің Оңтүстік Қытайға сапарынан кейін бүкіл қытай қоғамы нарыққа ден қойды, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу орындарындағы  ынталы қызметкерлер жалақысын тоқтатып немесе штатын сақтай отырып жеке фирма ашып, бизнеске жол тартты. Біз осындай ақпараттарды газет-журналдан оқып, теледидардан көріп елеңдеп қана отырдық. Елге келіп аспирант атанғанымызбен, өлара шаққа тура келдік. Ақша күн санап құнсызданып, стипендия айды қойып, маусымдап қолымызға тимейді. Зауыт-фабрикалар шетінен жабылып жатыр. Ішіміздегі еті тірі пысық жігіттер базар жағалап, жағдайын түзеп, пәтер сатып ала бастады. Артымызда Қытай деген үлкен арзан өнімнің базасы тұр, оның тілін, жағыдайын жақсы біліп тұрмыз. Ендеше төгіліп жатқан нарықтан неге өз үлесімізді алмаймыз деген ойға келдік те, бизнестің иіріміне қойып кеттік. Басында басымызға пәтер алып, астымызға көлік мінсек тоқтаймыз деп ойлағанбыз. Бірақ бизнес деген де бір сиқыр екен, жолап кетсең, үйіріп алып, тереңіне тарта береді. Бұрын арманшыл, атаққа жақындау болсақ, бизнесте жүріп әр қадамды ойланып басатын болдық. Мәселенің мәніне, барысына әр қырынан үңілеміз. Өз жағдайымызды жасаған соң, арттағы бауыр-туыс, құда-жекжат, дос-жаранды көшіріп келу міндеті тұрды. Жан-дүниеміз шығармашылыққа жақын болғандықтан, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғымды жетемізбен түсіндік. Сонымен қоғамдық жұмыстарға жегіліп, ыстық-суығына төзуге тура келді. Маңдайға жазғанды көріп, азаматтық парызымызды атқарып жатқан жайымыз бар. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы, азат ел, азат ой-сана, ұрпағымыздың болашағы бізге қажыр-қайрат береді.    

     – 2014-2022 жылдары республикалық «Жебеу» қоғамдық қорын басқардыңыз. Сіздердің төңіректеріңізде осы жылдары әртүрлі алып-қашты әңгімелер айтылып жүрді. 

  «Жебеу» РҚБ 2009 жылы құрылды. Құрылтайшылары – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге сол жақтағы жайлы тұрмыс, болашағы зор қызметін тастап келген, бұл күнде әр салада белгілі табысқа жеткен зиялы азаматтар. Олар үшін елдің ішкі ынтымағы мен берекесі ең маңызды әрі қандастардың елге келіп сіңісіп кетуі үшін құқықтық-заңдық кеңес беруді мақсат етеді. Өзің айтқан алып-қашты әңгімеге келсек, қазақта «қой ақсақ-тоқсағыммен бір қора» деген аталы сөз бар. Сол жақта әлдебір таудың қуысындағы бастауыш мектепте директорсымақ болып пара жеп ұсталғанда, шолақ мансабынан айырылып артынан өтірік науқас болып зейнетке шыққан, бұл күнде көші-қонның делдалына айналған алаяқ ақсақ пен шыққан тегі белгісіз, жүрген жері күмәнді, ел ішіне іріткі салу үшін арнайы тәрбиеден өткен, бұл күнде мұхиттың арғы жағына барып алып қазақ құндылығына, игі жақсыларына қарап ұлып жатқан тоқсақ заманға күйлеп көшке ілесе келіп, біраз жылдың алдында ел ішін қырық пышақ қылған кезде, солардың сасық ауыз, пасық пейілінен шыққан ғой. Битке өкпелеп, тонымызды несін жыртайық! Уақыт бәрін дәлелдеп, орнына қойып жатыр.

– Іскерлік саласының таусылып бітпес мың сан шаруасын атқара жүріп, қоғам қайраткері ретінде қандастар мәселесімен, ішкі-сыртқы көші-қон саясатымен де түбегейлі айналысып келесіз. Осы салада қандай заңдық нормалардың енгізілуіне ықпал еттіңіздер?

     Мен қоғамдық ұйымның басшысы және өзіндік ой-пікірі қалыптасқан азамат ретінде не істесем де, қандай ұсыныстар айтсам да, еліміздің Конституциясына және басқа да заң тармақтарына негізделе әрекет еттім. Сондықтан ана бір алаяқтар сияқты «ананы өйтіп шештім, мынаны бүйтіп орнына қойдым» деп аңқау халықты алдаусыратқым келмейді. Шыңжаңдағы 2016 жылы басталған қысымдарға байланысты Парламентке, Парламенттің белсенді депутаттарына, Үкіметке, Президент аппаратына, ҚХР-ның Астанадағы Елшілігіне, Алматыдағы Консулдығына үзбей хат жаздым. Бұл хаттардың түпнұсқасы менде әлі сақтаулы. 2018 жылы құрамында қазіргі Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, қазіргі Ливандағы бас елші Расул Жұмалы бар 18  адамдық делегацияны бастап Қытайға барып, ҚХР СІМ секілд бірнеше министрлік басшыларының орынбасарларымен және ШҰАР-ның күнделікті жұмысқа жауапты орынбасары бұдан сырт 14 департамент басшыларымен кездесіп, сол жақтағы қазақтарға байланысты мәселелерді бетпе-бет отырып талқыладық. Осыдан кейін тұрақты тіркеуді өшіру, тоқтатылған зейнетақы, паспорт қию, саяси үйрену т. б. мәселелер ушықпай шешіле бастады. Қытай қазақтарының зейнетке шығуы да, сол елдегі еңбек өтілін есептеу мәселесі де өз шешімін тапты. Әрине, мұның бәріне  қоғамдағы белсенді азаматтар, депутаттар, сол саланың кәсіби мамандары үлес қосты.  Осы жылдардағы қоғамдық жұмыстарымның белсенді болуына «Жебеу» құрылтайшыларының бастан-аяқ қолдауы үлкен демеу болды. Одан кейін ҚР Президенті Аппараты  ішкі саясат бөлімінің сол кездегі орынбасары, ақын, журналист Талғат Ешенұлы, жазушы, журналист Дәурен Қуатұлы, ақын, журналист Жанарбек Әшімжанұлы қатарлы бауырларыма сол жылдарда азаматтық, моралдық, ақпараттық қолдаулары үшін ерекше алғыс айтамын. Қазақ-қытай қарым-қатынасы толық стратегиялық серіктестіктен тұрақты толық стратегиялық серіктестік қадамына өтті. Сондықтан да екі  ел арасындағы әрқандай мәселені үшінші елді араластырмай, дер кезінде дипломатиялық жолмен шешу керек деп көп жылдан бері айтып келемін. Сол үшін де алаяқ арандатушылардың жаласына қалдым, бірақ әлі де сол пікірдемін. Өмірде жолы болмаған, қоғамнан орын таппаған тобырлар қазір тарап кетті.

– Қазір Дүние жүзі қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар» қорының Алматыдағы қызметінің жетекшісісіз.

   2022 жылы наурызда мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековтың бұйрығымен Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы Алматы қалалық филиалының жауаптысы болып тағайындалдым. Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылып, мемлекет және қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев бастаған ел ағаларының қан-тері, зейін-зердесі сіңген бұл қарашаңырақ ел тарихында ерекше рөл атқарды. Алғаш Қазақстанға келгенімде осы қасиетті қарашаңырақтан қазақ деген куәлікке анықтама алған едім. Одан кейін Қалдарбек ағамен жақсы қарым-қатынаста болдым. Бесінші құрылтайдың өтуіне «Жебеу» ұйымы атынан демеуші болдық., Одан кейінгі Қауымдастық атынан өткен барлық маңызды шараларға демеуші болып келемін. «Отандастар» қорының Алматы қалалық фронт-офисінің жұмысын қоса атқардым. Қазір Алматы қалалық жұмыспен  қамту және әлеуметтік бағдармалар басқармасы жанындағы Қандас куәлігін беру және ұлтын анықтау сынды екі комиссияның мүшесімін. Елім деп келіп, ел ағаларының назарына ілінгеніме Аллаға мың мәрте шүкіршілік айтамын! Азат елде қарапайым тұрғын болып өмір сүрудің өзі бір ғанибет емес пе?!  

– Дүние жүзі қазақтарының алдыңғы құрылтайы ашылғалы да жеті-сегіз жыл болды. Дүние жүзі қазақтар қауымдастығының жауапты басшыларының бірі ретінде өтуге тиісті құрылтай неге ашылмай жатыр? Ашылса, кезекті құрылтай қашан ашылатыны туралы айтасыз ба?

– Бұл сұрағыңызға жауап беруге менің моралдық құқығым жоқ және этикаға да келмейді. Жауабын арысы ҚР Президент Аппараты және ҚР Мәдениет және Ақпарат минстрлігі, сондай-ақ Қауымдастық басшылары реті келгенде бере жатар.

 

«Отандастар» қорының көтеріп жүрген жүгі қандай?

 

 – «Отандастар» қоры тарапынан қандай да ауқымды мәдени-рухани бизнестік жобалар іске асырылып жатқанынан хабардармыз. Нақтырақ айтып кетесіз бе?

 Бұл сұраққа Қауымдастық пен «Отандастар» қорының атқарған шараларын қосып айта кетейін: «Отандастар» қоры жұмыс істегеннен бастап 1404  байланыс орталығы бүкіл Қазақстан бойынша тегін қызмет көрсетеді. Хабарласқан адам өзін мазалаған сұрақтар бойынша тегін кеңіс алады. Атажұртқа қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтарға арналған WEB платформа «Erulik.kz» жұмыс істеп жатыр. Осы платформа арқылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жаңа мәліметтер, қандастарды қабылдайтын 8 облыс жөнінде ақпараттар, қоныс аударушыларға қолайлы елді мекендер, көші-қонға байланысты ережелер, заңнамалар, жеңілдіктер және репатриацияның басқа шарттарымен таныса алады. Цифрлық дамудың талабымен дүниеге келген «Құтты мекен», «Ата жолы» карталары да қандастарға өз қызметін ұсынуда.

2019 жылы 28 қарашада Астанада «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы бірлесіп «Отандастар: болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізді. Жиынға сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаев,  ҚР Премьер-минстрінің орынбасары Б.М.Сапарбаев және басқа лауазымды тұлғалар мен Парламент, Сенат мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелге этникалық қазақтар тұратын 26 елден 150 делегат арнайы шақырумен келді.

2023 жылы 11 қазанда «Отандастар қоры» Астанада «Қазақстан және Отандастар: Ортақ мұрат жолында» атты  форум өткізді. Форумға ел Президенті құттықтау хат жолдады. Форумға 30-дан астам елден келген 200-ге таяу шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар еліміздегі саясат, ғылым, білім, өнер, мәдениет, бизнес, медия саласының көрнекті өкілдері қатысты. «Ел дамуындағы қандастардың рөлі» және басқа көкейкесті тақырыптар бойынша төрт сессияда пікір алмасу болды. Қор қаржысымен «Ұлы дала» кітаптар сериясымен шетелде тұратын 8 қандастың кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 2019 жылдан бері Бурабайда «Жас Қазақ» жазғы этнолагері өтіп келеді. Бұл лагерьде демалатын қандастардың ұрпағы тіл, домбыра, садақ ату, атқа міну сынды танымдық курстардан өтеді. «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестиваль қатарынан 4 жыл өтіп, 10 елден келген 3145 өнерпаз қатысып, олардың 100-ден астамы жүлдегер атанды. Шетелдегі қандас жастарға қаратылған «Киелі Қазақстан» экскурсиясы қатарынан 5 жыл өтті.

Дүниежүзі Казақтарының Қауымдастығы жергілікті тұрғындар мен қандастар үшін «Асар» әдісін қолданып, «Тұрғын үй және жұмыс» қағидасы бойынша Ақмола мен Түркістан облыстарында коттедждік қалашықтар салудың екі пилоттық жобасын ұсынған еді.

Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер сатып алынып, сондай-ақ, Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1282 (бір мың екі жүз сексен екі) коттедж салуға келісілді. Қазір бұл пилоттық жобаның құрылысы шетелдік инвесторлардың қаржысымен жүзеге аса бастады. Бәрі сәтті болса, бұл жобаны қалған 9 облыста біртіндеп жалпыластыруға болады. Қауымдастық Жыл сайын «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында 300 таяу шетелдегі қандастардың ұл-қыздарын екі апта демалтып келеді. Астана, Алматыда екі рет ел іші-сыртындағы қандас дәрігерлердің басын қосып «Қазақстанда дәстүрлі медицинаның дамуы және болашағы» атты форум өткізді. Биыл Астанада «Кәсіп иесі» атты халықаралық форум өтті. Осы арада еске сала кетейік, Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығының Алматыда 2000-2017 жылдар аралығында «Атажұрт» баспа орталығы жұмыс істеп, 570 баспа табақ кітап шығарды. Сыртта жүрген қандас ақын, жазушы, ғалым,  өнер қайраткерлерінің еңбектері арнаулы серия болып басылып шықты. Мысалы, Қажғұмар Шабданұлының әйгілі 6 томдық «Қылмыс» романын, Таңжарық Жолдыұлының шығармаларын және шетелдегі қазақтар туралы арнаулы монографияларды, көші-қон тарихындағы үкіметтің арнаулы қабылдаған құжаттарын, ғылыми-практикалық конференцияда жиналған материалдарды, 5 рет өткен Құрылтайдың құжаттарын жинап, сараптап, кітап етіп шығарды. Бұдан сырт «Алтын бесік», «Туған тіл», «Қазақ елі», «Шалқар-2», «Алтын тамыр» сияқты мерзімді газеттер мен журналдар шығып тұрды.

Қытайдағы қандастарды еңбек күші ретінде әкелу керек

– Осыдан біраз жыл бұрынғы сұхбатыңызда Қытайдағы 3 миллион қандасты Қазақстанға еңбеккүш ретінде тарту керек деген пікірді айтқан екенсіз.

– Иә, айтқанмын. Қытай біздің құдай қосқан көршіміз, ол жақта ресми есепте 1.700.000-ға таяу қандастарымыз өмір сүріп, тіршілік етіп жатыр. Қазақ – Қытай қарым-қатынасы 30 жылда аяқтап, келесі алтын 30 жылдыққа қадам басты. Қытайдың 57 кәсіпорны Қазақстанға келіп жатыр. Орта Азиядан бірінші болып, өзара визасыз қарым-қатынас орнаттық. Қытай қоғамының 21%-ға жуығы зейнеткерлер, ол жақта еңбек күші тапшылығы белең алып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен ұлттық корпорациядағы шенеуніктер Қытаймен әртүрлі келісімдер жасағанда, сол жақтағы қандастардың келуіне қолайлы тармақтар қосуы керек. Сонда ғана ұлттық бірегейлену үдерісі тынысты, өзімізге мүдделі ырғақпен дамиды. 

– Қазір елімізде жүргізіліп жатқан ішкі көші-қон мен сыртқы көші-қонға байланысты қандай өзекті мәселелер күн тәртібінде тұр деп ойлайсыз?

– Бірнеше жылдан бері еліміздің ішкі-сыртқы көші-қон саясатында біршама өзгерістер болып жатыр.  Ішкі көші-қон мен сыртқы көші-қонды сабақтастыра отырып, еліміздегі адамы аз, еңбек күші тапшы 8 облысқа көш бағытын бұру туралы қаулы қабылданып, тиісінше заңдар белгіленді. Бірақ жақсы бастамалар орындалу барысында науқандық шараларға айналып кетіп жатыр, тіпті кейбір пысықайлардың бизнес көзі болғаны да жалған емес. Сонымен бірге үгіт-насихат жұмыстары да ақсап жатыр. Сол белгіленген аймақтардағы алып кәсіп орындарға қандастардың жас отбасыларын қысқа мерзімді курстан өткізіп барып орналастырса жөн еді. Ал ауылға барған қандастарға салықтан жеңілдік жасалса, қызығушылар көбейер еді. Сол аймақтардағы жоғары оқу орындары мен колледждерге Қандастардың перзенттеріне арналған  тегін грант берілсе көшке серпін бере түсер.  

– Жиырма неше жылдан бері осы саланы жіті қадағалап жүрген маман ретінде сіздің ұсынысыңыз қалай?

  Қазақ көші Тәуелсіздік қарсаңынан бері тыңғылықты, жоспарлы жүргізіліп, бұл күнде хақықаралық құбылысқа айналды. Қазір көш бағыты үлкен өзгеріс алдында тұр, іркіліс жоқ емес, ізденістің көкжиегі кеңеюде. Бюрократия мен коррупцияда тамырын тереңге жайған бірақ цифрлық даму екі дерттің тынысын тарылтуда. Сондықтан «Көш тоқтады» деген байбаламнан гөрі нақты зерттеп мәселені шешудің жолын қарастырайық.

Қазіргі қолданыстағы «Отбасын біріктіру» қосымшасы ТМД елдерінен басқа елдерде өмір сүріп сүріп жатқан қандастар үшін тиімсіз екені нақты дәлелденді.

Ал өз аяғымен келіп, еліміздегі үш ірі қалаға, басқа да облыс орталықтарына қоныстанғысы келетін қандастар қазіргі заңның кей тармағы бойынша Қандас куәлігін ала алмайды. Ол болмаса азаматтықтың жолы жабық. Осындай себеппен қаншама қандастың жолы жабылып, келген жағына қайтып жатыр. Осы мәселе дер кезінде шешімін тапса деймін.

 

Сұхбаттасқан – Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ

 

14.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14158
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14100
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29246
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27888
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31409