"Алдағы қадамың оң болсын, өмір жолың ақ, түзу болсын, Санжар балапан!"
Осындай ақжарма тілекпен басталған «Ауылым – алтын бесігім» атты іс-шарамыз келесі ауылда жалғасын тапты!
Тұсаукесермен ашылған бұл жолғы шара сонау ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан бай тарихы бар, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келген, тұрғындары келісім, ынтымақ пен бірлік, достық пен сыйластықта өмір сүріп келе жатқан Гродиково және Қызылдихан ауылдарында өтті. ️
Бұл ауылдардың тарихы құрылғанына 95 жыл толып отырған аудан тарихымен өзектесіп жатыр. Сонау бағзы заманнан «Ақтоғай», «Бұлақты», «Мыңбұлақ» деп аталып келген Талас өзенінің жағасындағы табиғаты ғажайып бұл өңір жергілікті халықтың тіршілігіне нәр беріп келеді.
Тарихи деректерге жүгінсек, Гродиково ауылының пайда болу тарихы он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. 1872 жылы осы аумаққа орыс әскерінің запасқа шыққан солдаттары қоныстана бастаған. 1903 жылы жаңадан салынып біткен село алғашында «Солдатское» деп аталып, кейіннен генерал-губернатор Гродиковтың есімі берілген.
Жамбыл ауданы құрылған кезде бұл ауылда ең алдымен «Союзқосшы» артелі құрылып, ол көп өтпей Сталин атындағы колхоз болып аталды. Ал, елуінші жылдардың аяғында XXII партсъезд атындағы колхоз атауын алып, өте қуатты құрылымға айналды. Ұжымшардың аты бүкіл республикаға тарап, ауданымыздың абыройын асырды.