Бір кездері «Түгіскен» асыл тұқымды мал кеңшары ауданның атын аспандатты. Асыл тұқымды мал зауытының даңқы жер жарды. Ауданымыздағы осы кеңшардың орнына құрылған «Тоғызкент» ауылдық округі іргелі аймақ.
Тоғызкенттіктер толайым табыстарға толы еңбектің қара қазанын қайнатып келеді. Өрісі малға толып, ауылдың да ажары айшықталған. Қауын-қарбызы мен қауыншегінің дәмі тіл үйіріп, талайдың таңдайын қақтыруда.
Өткен жұма күні ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы аясында апта сайын өткізіліп келе жатқан «Саялы өлкем – Сарысуым» атты мәдениет және өнер фестивалі Тоғызкент ауылында жалғасты.
Ауыл өнерпаздары әсем ән мен күмбірлеген күйге, мың бұралған биге толы мерекелік шарада өз өнерлерін көрсетті.
Өнер фестивалі аясында өткен тоғызкенттіктердің тартуын аудан басшысы Сәкен Мамытов және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары бірге тамашалады.
Шара барысында ауыл тұрғындарына түрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жарыс жеңімпаздары марапатталды.
Шалқар шабытқа толы шарада өнерпаздар көпшілікке тамаша көңіл күй сыйлады.