Түркістан облысының индустриялық аймақтарында құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Бұл туралы 9 желтоқсан күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров айтып берді. Халық санының молдығы, ауылшаруашылығы мен көкөніс, бау-бақша шаруашылығы жақсы дамыған бұл аймақта ауылшаруашылығы саласында атқарылған шаралар өз жемісін көрсетуде. 10 ай қорытындысына қарағанда 1 трлн теңгеден астам өнім өндірілген екен. Осы арада ерекше назар аударарлық тағы бір жағдай – Түркістан облысы аумағында ауылшаруашылығы саласынан бөлек өнеркәсіп саласы да жақсы дамып келе жатыр.
«Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриялық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Өндірісті дамыту мақсатында өңірге сырттан келетін тауарларға талдау жүргізілді. Жалпы импорт көлемі 98 млрд теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде 53 млрд теңгеге жуық импорт тауарларын алмастыруға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жалпы өнеркәсіп саласында 2025 жылы 107 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылған екен. Оның ішінде – Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені, Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауыты, Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі-түсті сусын шығаратын зауыт, Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты, Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт секілді маңызды ірі жобалар бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін 103,5 млрд теңгеге қосымша 8 жоба іске қосылатын көрінеді.
«Отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында Түркістан облысының барлық аймағында «Шағын өндірістік парк» жобасы іске асырылуда. Облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Аумағы – 238 га. Жоба аясында 248 ғимарат салып, 5 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңға 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын өндірістер ашылды. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиһаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Салада атқарылған жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн теңгені құрап, өсім деңгейі 113,4%-ды құрады. Өңір өсім қарқыны бойынша республикада алғашқы бестікке кірді», – деді аймақ басшысы.
Түркістан облысында қажетті электр қуатының 75 пайызы сырттан алынады екен. Осы түйткілді шешу мақсатында облыс әкімшілігі 6 маңызды жобаны қолға алыпты. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қорымен Сайрам ауданында қуаттылығы 1 000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталған. Нысан құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады екен. «Түлкібас ауданында 320 МВт-тық бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт-тық 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі – 2027 жыл. Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026-2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 трлн теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде, жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз», – деді Нұралхан Көшеров.













