ӨҢІРДЕ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖАЛҒАСУДА

ӨҢІРДЕ ЖЫЛЫТУ   МАУСЫМЫНА   ДАЙЫНДЫҚ ЖАЛҒАСУДА

Ақтөбеде алдағы жылыту маусымына тұрғын үй қорын дайындау жұмыстары жалғасуда. Міндетті талаптардың бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік жүйелерінің техникалық дайындығы мен қажетті іс-шаралардың толық орындалғанын растайтын дайындық паспорттарын алуы.

Қаладағы тұрғын үй қоры 2100 көппәтерлі тұрғын үйден тұрады. Оларға 46 пәтер иелері кооперативі (КСК), 43 тұтыну кооперативі және 322 меншік иелері бірлестігі (ОСИ) қызмет көрсетіп, басқаруды жүзеге асырады.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің 1556-сы «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Ал 544 көппәтерлі тұрғын үй автономды жылыту жүйелері мен құрылыс салушылар және басқарушы ұйымдардың теңгеріміндегі қазандықтар арқылы жылумен қамтамасыз етіледі.

Қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерге барлығы 131 қазандық қызмет көрсетеді. Оның ішінде 27 қазандық «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның теңгерімінде болса, қалған 104 қазандық басқарушы ұйымдардың меншігінде.

Өткен жылыту маусымында магистральдық желілерде ірі ақаулар тіркелмеген. Дегенмен мамандар құбырлардың жартысынан астамының тозғанын айтады.

– Мамыр айында жоғары қысыммен сынақ жүргізген кезде 17 ақау анықталды. Соның бірі Әбілқайыр хан даңғылы, 69-үйдің маңындағы диаметрі 300 миллиметрлік құбырдан шықты. Сол учаскені биылғы күрделі жөндеу жоспарына енгіздік. Сондай-ақ Нұр Ақтөбе шағын ауданындағы қазандықтың жылу жүйесіне гидравликалық сынақ жүргіздік. Онда үш әлсіз орын анықталып, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазір жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр, – дейді «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ жылумен жабдықтау жөніндегі бас инженері Олжас Мектепбаев.

Өткен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның мамандары қалалық қызметтермен бірлесіп, қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу және үйлерді келесі жылыту маусымына дайындау қажеттілігі туралы хабарламалар табыстады. Аталған мекеме биыл тарифтік және инвестициялық бағдарламалар аясында тозығы жеткен 9 шақырым жылу құбырын ауыстыруды жоспарлап отыр. Жөндеу аяқталғаннан кейін қыркүйек айында жылу желілері қайтадан жоғары қысыммен сынақтан өткізіледі.

Қазіргі уақытта «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның мамандары КСК, ОСИ және тікелей бірлесіп басқару ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлер мен жертөле үй-жайларын тексеріп жатыр. Тексеру барысында үйішілік жылу жүйелерінің техникалық жай-күйі бағаланып, тұрғын үйлердің қысқы кезеңдегі пайдалануға дайындығы анықталып жатыр.

 М. ТАБЫН, Ақтөбе

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26654
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26087
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43479
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39258
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43883