Оңтүстік – шаруасы шалқыған өңір

Оңтүстік – шаруасы шалқыған өңір

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің республикалық «Nur Otan» партиясы және Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Павлодар мен Түркістан облыстарында

 

Экспедиция құрамында аталған басылымның бас директоры, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының өкілі Жанзақ Алжанов болды. 

«Курорттық аймақ болғанын қалаймыз»

Сарыағаш ауданы жайлы оқырмандарымыз біз таныстырмай-ақ біледі деп ойлаймыз. Суы шипалы ауданда ауылшаруашылығы саласы да жақсы дамыған. Осыдан 3 жыл бұрын аудан екіге бөлінгеніне қарамастан бүгінде халық саны 200 мыңнан асты. 

– Сарыағаш ерекше аудан, халқы еңбекқор, тыныс-тіршілігі шаруашылықпен тікелей байланысты, – дейді аудан әкімі Мұхит Отаршиев бізбен әңгімесінде, – 5 мыңнан астам мұғалім шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Мұғалімдер өте керемет, мемлекеттік саясатты түсінетін, көзі ашық, белсенді азаматтар. Олар онлайн жағдайда да жақсы жұмыс істеді. Аудан аумағында интернет жүйесі жаман емес. Әрине проблемалық аймақтар бар, олар көбінесе шекара маңында орналасқан елді мекендерге қатысты. Дәрігерлерге де көп рахмет! Кешегі карантин кезінде жанкешті жағдайда жұмыс істеді. Соңғы 3-4 айда жағдай қалыпты болды. Бірақ орталықтандырылған аурухана болғандықтан, көрші бірнеше ауданның науқастары да бізге келіп түседі. 

Жуырда Сарыағаш ауданында болып, артықшылығы мен кемшілігін өз көзімен көрген Сәуле Мешітбайқызы ем алу барысында мазалаған бірқатар сауалдарды алға тартты. 

 – Сарыағаш курорттық аймақ болып есептеле ме? Мұнда қанша шипажай бар? Олардың салығы қайда түседі? Әрине шипажайдың көп екені қуантады, бірақ медициналық қызметі сапасыз сияқты. Инфрактурасы төмендеу, жарығы да жиі сөнеді екен. Бәлкім мұның барлығы ауданның емес, облыстың, тіпті Республиканың мәселесі шығар, дегенмен жалпы курорттың жай-күйін айтып өтсеңіз, – деді Сәуле Мешітбайқызы. 

– Сарыағаш Республикаға ғана емес, жақын көрші мемлекеттерге де танымал. Мұнда жылына шамамен 100 мыңнан аса азамат денсаулығын түзетуге келеді. Қазіргі таңда 51 курорт бар, әрине барлығының сапасы біркелкі жоғары немесе біркелгі төмен деңгейде деп айта алмаймыз. Орта және шағын нысандар өте көп, оның ішінде сақталып қалған мемлекеттік мекемелер де бар. Сонымен қоса жоғары деңгейлі «Арай де люкс», «Алтын бұлақ» «Арман» секілді санаторийлер бар. Былайша айтқанда әркім өзінің қаражат мүмкіндігіне қарай курорт таңдауға жағдай жасалған. Карантин кезінде шекара жабылып, нәтижесінде еліміздің ішкі туризмі дами бастады. Шыны керек өткен жылы «Көлсай», «Қайыңды» деген жерлерде болып, табиғатына тамсанып қайттым. Пандемияның бір пайдасы осы болды. Санаторийге еліміздің әр түкпірінен адамдар келгеннен кейін сақтық шараларына өте жоғары деңгейде көңіл бөлінді. 

Әрине бес саусақ бірдей емес, сапасы төмен санаторийлер жоқ дей алмаймыз. Бірақ біз олардың жұмысын тексеріп, шара көріп немесе жауып тастай алмаймыз. Олардың әрқайсысы аз болса да ортақ қазынаға салық түсіреді. Ең бастысы онда 6 мыңға жуық жұмыс орындары бар. Жергілікті «Көктерек» ауылдық округінің тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар кафе, дүңгіршектер, ресторандар да осы демалушылардың есебінен кәсібін дамытып жатыр. 

Екі жылдан бері санаторийлердің кәріз жүйесі қиындау болып тұр. Оны шешу бойынша жұмыстар атқарылуда. Мердігер мекеме жұмысты созбалаңдыққа салып кетті. Осыны қолға алып, ертерек бітірсек деп отырмыз. Шипажайдың ең басты артықшылығы – минералды суы. Пайдаланып жатқан су үш скважинадан алынады. Қалған суды тасымалдап алып келеді. Сол сумен ем-дом шаралары жүргізіледі. Республикадан арнайы курорттық аймақ деп қаражат бөлінбейді. Оны қажет етеміз. Қалыпты инфраструктура керек. Егер де ішкі туризмді дамытамыз десек, онда үлкен қаражат керек, – деген ойын жеткізді аудан басшысы Мұхит Баймұханбетұлы. 

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылған екен. Айталық биыл 8 көшеге асфальт төселіпті. Дербісек ауылдық округінде елді мекендерді газдандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда газ бар, бірақ қысым аз. Атамекен елді мекеніне көгілдір отын жеке сектор арқылы тартылған, қазір мемлекет тарапынан газ құбырлары жүргізілуде. Әрбір ауылдық округте аталған бағдарлама бойынша электр бағаналары жаңартылып, халыққа сапалы электр энергиясын беру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Құдірет Қыстаубаев айтып берді.  

Экспедиция жиынына ауданның зиялы қауым өкілдері мен аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері де қатысып, өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Жуырда алғаш рет ауыл тұрғындары сайлаған ауыл әкімдерінің ішінде «Дарбаза» ауылдық округінің әкімі Бақыт Әуезов облыстағы ең жас әкім екен. Округтегі 7 елді мекен тұрғындарының басым бөлігі ауылшаруашылығы саласын кәсіп етеді. «Ауылдағы ең басты мәселе – ауыз су мен жол болып тұр. Мұны 2024 жылға дейінгі өзімнің сайлауалды жобама қосқан болатынмын. Сарысу және Ер Дәуіт елді мекеніне келесі жылы шағал жол мен асфальт жол төсеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар облыстық құрылыс басқармасында Елбасы бастамасымен соғылатын мың мектеп аясында үш жобамыз өтті. Құрылыс басқармасы облыстық мәслихатқа ұсынып, қаржы бөлінген жағдайда жұмыс басталатын болады», – дейді ауыл әкімі.

 

Кітапхана жүйесі сақталып қалған аудан

 Сарыағаш ауданында бірнеше жылдан бері «Аруана» аналар ансамблі жұмыс істейді. Оның мүшелері, яғни ақжаулықты аналарымыз ұлт, ұрпақ тәрбиелеуде көп еңбек етіп келеді. «Бізді мазалайтын жайт – ұлттық тәрбие. Біз заман өзгерді дейміз, бірақ олай емес. Заман орнында, өзгеріп жатқан адам. Балалар телефонға қатты үйір болып кетті. Мүмкіншілігі болса балаларға 10 сыныпқа дейін мектепте телефон ұстатпаса деген ой келеді. Өйткені телефондағы көргендерін өмірде де қайталап, ерсі қылықтарға барып жатады. Тіпті отбасылардың ойран болып, ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуіне де осы телефонның әсері көп деп ойлаймын. Мектептерде ана мектебін ашсақ деген арман-мақсатымыз бар. Онда қариялар жастарға ақыл-кеңестерін беріп, шаңырақтың шайқалмауына, жастардың ажыраспауына, отбасыларды аман сақтап қалуына көмек қолын созса деймін. Рас, қазір жалпы жағдай жаман емес, тұрмыс-тіршілігіміз жеңілдеп келеді, бірақ, тәлім-тәрбие төмендеп барады», – дейді «Аруана» аналар ансамблінің жетекшісі Кәтепкүл Мергенбаева.  

Сондай-ақ жиынға қатысқан мектеп директорлары да ұялы телефонның жастар тәрбиесіне зияны көп екенін растап, одан құтқаратын арнайы заң қабылданса деген ұсыныстарын білдірді. Ұсыныстардың орынды екенін атап өткен Сәуле Мешітбайқызы қоғамдық ұйымдарды ашу аса көп қаражатты қажет етпейтінін ескертіп, ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін барлық жұмыстарды қолдайтынын айтты.      

Бүгінде кітап оқу, әсіресе жас буынның кітаппен дос болуы қиындап барады. Әрине бұл жақсылықтың нышаны емес. Дегенмен мұны жаппай қалыптасқан үрдіс деуге болмайды. Сарыағаш ауданында балалармен жұмыс істеудің нәтижесінде кітапханаға ұдайы бас сұғатын балалардың қатары қалыптасқан. Кітапхана табалдырығын аттайтын қариялар да аз емес. Олардың арасында, 80 жасты алқымдап қалған ақсақалдар да кездеседі. Кітапты дорбамен толтырып алып кететін олар небәрі екі-үш аптада қайта әкеліп, жаңа кітаптармен алмастырады екен. Орталық кітапханада тұрақты  оқырмандар кітап-журналдар оқумен қатар, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат секілді ойындарды ойнап, ойын да, бойын да сергітіп қайтады. Оқырман қатарын көбейту мақсатында жергілікті шығармашыл адамдармен де жиі кездесулер ұйымдастырылып тұрады.  

 

– Оқырман тартудың түрлі амалдарын жасаймыз. Қызығушылықты арттыру мақсатында байқаулар жариялап, колледждерге барып, спорт мектептерінің шәкірттерін осында алып келеміз. Кітап қорын сақтап қалып, жаңартып отырудың арқасында қазіргі кезде 300 мыңға жуық кітап қоры бар. Алайда, балаларға арналған кітап қоры аз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл кітап сатып алуға бөлінген 2 миллион теңгенің тең жартысынан астамын балаларға арналған кітаптар алуға жұмсадық. Ауылдардағы кітапханаларды да сақтап қалдық. 2016-18 жылдар аралығында 9 ауылдық кітапхана ғимараттары салынды. Келесі жылы Мәдени ауылындағы кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек, – дейді Сарыағаш аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің меңгерушісі Әбіләзім Жаншақов.

 

Жылыжайларға субсидия ауадай қажет

Көрші жатқан Сарыағаш пен Келес аудандарында жылыжай шаруашылығы жақсы дамыған. Өйткені жер жағдайы мен ауа райы қолайлы. 

Экспедиция мүшелері «Мәрзия» шаруа қожалығының жылыжайына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып көрді. Мырзатаева Мәрзия әже негізін қалаған шаруашылықтың жұмысын қазір қызы Ақмарал Омарованың жалғастырып жатқан жайы бар. 2 гектар жылыжайдың біз барып көрген 75 соттық жеріне қияр еккен екен. «13 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келеміз. 2016 жылға дейін мемлекеттен субсидия беріліп келген, содан бері тоқтады. Бұл жұмысымызды қиындатып жіберді. Өйткені шығын көп. Егетін тұқым шетелден қымбат бағаға сатып алынады. Оны күтіп-баптау жас сәбиге қарағанмен бірдей тиянақты күтімді қажет етеді. Қаржы тапшылығына байланысты қол күші жетіспей жатады. Ұдайы берілетін минералды тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмегі де шетелдерден жеткізіледі. Жылыжай температурасын тәулік бойы бір температурада ұстап отыру үшін қазан айынан бастап көмір жаға бастаймыз. Оның тоннасын биыл 22 мың теңгеден сатып алудамыз. Қазір тәулігіне орта есеппен 3 тоннаға жуық көмір жақсақ, күн суытқанда ол еселей түседі. Осының барлығын саралай келе жылыжай өндірісі үшін субсидия беруді қайта тәжірибеге ендірген жөн деп есептейміз. Сырттан, яғни Өзбекстаннан өнімдердің көп кіруі де тауар сатылымын қиындата түседі. Өйткені көрші елде коммуналдық шығындардың арзан болуына байланысты өнімнің өзіндік шығыны да біздегіден төмен болады. Бұл біз өндірген тауардың бағасына кері әсер етіп, шығындарды жабуға кедергісін келтіреді. Бұл бүкіл облыс шаруаларының жанайқайы», – дейді «Мәрзия шаруа қожалығының өкілдері. 

Құдірет Ибадуллаұлының айтуынша, қазір Сарыағаш ауданында 705 гектар жылыжай бар болса, субсидия берілер болса оның көлемін мың гектарға дейін жеткізуге болады екен. Шаруалардың әңгімесінен байқағанымыздай, олар қаржылай қолдауға өте мұқтаж. Ең болмағанда 3-4 пайыздық арзан несие алуына мүмкіндік жасау қажет. Қазіргі берілетін 6-8 пайыздық несиені алудың да машақаты көп. Ал қырыққабат үшін гектарына берілетін 350 мың теңге субсидия да мардымсыз. Өйткені ауданда ұсақ, жер көлемі 30-40 соттықтан аспайтын шаруалар көп. Сонда осы жері үшін алатын субсидия облыс орталығына қайта-қайта барып-келу жол шығынымен-ақ шығып кетеді. Қорыта айтқанда, жылыжаймен айналысатын шаруалар үшін ең алдымен субсидия қажет болса, екіншіден, арзан көмірмен қамтылуына жәрдем керек. Ал жергілікті халықтың жұмыс істеуге деген ниеті мен мүмкіндігі жоғары.    

 

«Бөрте милка» балмұздақ шығармақ

Экспедиция мүшелері келесі күні Ордабасы ауданында болды. Аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл мырза бастаған топ бізді алдымен «Бөрте Милка» ЖШС-ның сүт өнімдерін өндіру фермасына алып барды. Бізді ең алдымен қызықтырғаны – серіктестіктің ерекше атауы болды. 

– 2008 жылы қытайлардың Шыңғыс хан туралы түсірген киносын көрдік. Сол кинода Шыңғыс ханның бірінші әйелі Бөрте өте ақылды, парасатты өмірлік жолдасы, керек кезде кеңес бере алатын кеңесшісі бола білгенін тамаша келтірген. Бөрте – қоңыраттың қызы, біз де қоңырат руынан боламыз. Сол жылы қарындасым дүниеге келіп, атын Бөрте деп қойдық. Ал 2016 жылы әкем осы зауытты соғуды бастаған кезде атын қарындасым Бөртемен байланыстырып, әрі Бөрте анамыздың рухы шат болсын деп «Бөрте Милка», яғни «Бөрте сүт» деп қойдық, – дейді «Бөрте-Милка» ЖШС бас директоры Бөкейхан Әбішев.

Зауыт табалдырығын аттаған-ақ айналаның тазалығы мен қаз-қатар отырғызылған, сән берер тал-дарақтар бірден көзге түсті. «2016 жылы әкем Нұралы қазіргі кезде бізде ферма меңгерушісі болып жұмыс істейтін Қуаныш деген кісімен бірге алғаш рет сиыр алып келуге Венгрияға барған. Ферманың іші жап-жасыл оазис, бір шетте қожайынының үйі тұр екен. Сол кезде әкем жанындағы Қуаныш деген кісіге «екі жылдың ішінде саған осындай оазис істеп беремін» деген ғой. Сөйтіп елге келе салып, ферма соғылмай жатып айналасына көшет отырғызып, онысы қазір жап-жасыл желекке айналып тұр. Әкемнің ең бірінші ұстанатын принципі – сүт шықпаса да, тазалық алдыңғы орында тұруы керек дейді. Сол үшін ферманың іші-сыртын, айналасын барынша таза ұстауға тырысамын», – дейді Бөкейхан Нұралыұлы.

Бөкейхан Әбішевтің негізгі мамандығы заңгер екен. Кешеге дейін прокуратура саласында лауазымды қызмет атқарған ол осы жылдың наурыз айында әкесінің айтуымен ферманың жұмысын жүргізуге келіпті. Әкесі Нұралы кірпіш зауытын соғатын болып, бір өзі үлгермейтін болғасын, ұлын көмекке шақырған. Дәл қазір 4 қорада 1167 бас мал болса, оның 300-ге жуығы бұзау. Қалғаны таналар мен сауынды сиырлар бар. Тұқымы венгриялық «Голштин». Кемі 20 литрден басталып, 40-45 литрға дейін сүт беретін сиырлар бар. Орта есеппен тәулігіне 25-30 литр аралығында сүт береді. Жаз мезгілінде тәулігіне шамамен 9-10 тонна сүт сауылса, қыс мезгілінде 14-15 тоннаға дейін жетеді. Күніне қай сиыр қанша литр сүт беріп жатқаны компьютерге енгізіліп, мәлімет автоматты түрде ауылшаруашылығы министрлігіне түсіп отырады. Былайша айтқанда, көбейтіп көрсету деген секілді жалған мәлімет болмайды. Өйткені сауылған әрбір литр сүтке субсидия беріледі. Бөкейхан Нұралыұлының айтуынша, аналық, яғни сауын сиыр саны 400-600 бас аралығында болса, күнделікті өндірген бір литр сүтке 30 теңгеден, ал 600 бастан асқан жағдайда әр литріне 45 теңгеден субсидия беріледі екен. Сиыр санын көбейту мақсатында келесі жылы қора саны бесіншісімен толықпақ. Сиырларға жем-шөпті, суды робот беріп, робот сауып, астын робот тазалайды.

   

Сүттен айран, тұзды айран, қаймақ, иогурт, құрт, май секілді 24 түрлі өнім дайындалады. Келесі жылы балмұздақ шығару да жоспарда бар. Өнімдер Түркістан облысындағы барлық аудандар мен Шымкент қаласына жеткізілуде. Қора саны келесі жылы бесіншісімен толықпақ. 

Биыл жем-шөп мәселесі қиын болғаны белгілі. Қысқа жем-шөп даярлау барысы қалай болды? Бұл сауалға зауыт директоры Б.Әбішев төмендегідей жауап берді: «Негізі жылда көктемде қанша жем-шөп алып, оған қанша қаражат жұмсайтынымызды жоспарлаймыз. Биылғы шығын екі есеге дейін өсіп кетті. Осыған байланысты өнім бағасы да қымбаттап отыр. Қазір сүттің бір литрінің өзі 200 теңгеге жетті. Бағаны көтермесек, шығынға кете бастаймыз. 

Негізі жем-шөпті мамыр айында жергілікті шаруалармен келісім шартқа отыру арқылы сатып аламыз. Ақшасын күзде, яғни судсидия алғаннан кейін есептесеміз. Бекітілген ереже бойынша әр жылдың қыркүйек, қазан, қараша айларында жем-шөп үшін субсидия беріледі. Облыстық әкімдіктегілер тиісті құжат біресе ауылшаруашылығы министрлігінде қаралуда, біресе Әділет министрлігінде тіркеуде жатыр, сессияда мақұлдануы керек деген секілді себептермен субсидия беруді желтоқсан айына дейін созып келді. Күте, күте төзімі таусылған шаруалар сотқа шағымданатындарын айтуда. Биыл бізге 100 миллион теңге субсидия берілуі керек еді. Оның кешігуіне байланысты 14 пайыздық қайтарыммен, коммерциялық бағытта 150 миллион теңге несие алуға мәжбүр болдық. Оны алып, қажетті жем-шөп қорын жасақтадық. Негізі жем-шөп мамыр айынан бастап жиналатындықтан, күзде берілетін субсидияны осы көктем мезгіліне ауыстырса дұрыс болар еді. Сонда жем-шөп жинау барысында қазіргідей қиналмас едік. Сиырдың сүті тілінде екенін ескерсек, мемлекет бізге осы жағынан көмектесуі қажет». 

Венгриядан үш партиямен жеткізілген 420 сиырдан бүгінгі таңда 67 бас қана қалған. Өзгелері осында туылғандар, яғни жергілікті саналады. Олардың әрқайсысы жасына қарай сиырхана, танахана, бұзауханаға іріктеліп, бөлінген. Жаңадан туылған бұзаулардың ұрғашылары осында бағылса, еркектері жергілікті шаруаларға сатылады. Қора жазғы ыстықта автоматты түрде салқындатылып тұрады. Білікті ветеринар дәрігерлер мен зоотехниктер жұмыс істейді. Жалпы алғанда, фермада тұрақты 60-қа жуық адам қызмет етеді. Олар әлеуметтік төлемдерден бөлек қолына таза 100 мың, ал ветеринар мамандар 250 мың теңгеге дейін жалақы алады. Барлығы да бір күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Еңбек демалысының ақысы өз алдына бөлек беріледі. 

Ордабасы ауданындағы С.Сейфуллин атындағы аралас орта мектепте 1478 бала оқиды. Білім ұясының тыныс-тіршілігімен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғани Оразымбетов таныстырды. Мектеп мұғалімдермен болған кездесуде саладағы жетістіктер мен мәселелер жайы сөз болды. Оқушылардан құралған домбырашылар тобы күмбірлетіп күй орындап берді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында мектеп ауласында жабық түрдегі спорт кешені салынып, оқушылардың игілігіне берілген екен.  

 

Шымкент – аграрлы қала

Экспедицияның Шымкент қаласындағы күндері «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаевамен жүздесуден бастау алды. Жанар Әлібекқызы атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап өтті. 

Кездесу Ақселеу Сейдімбек атындағы 1200 оқушыға арналған №80 мектеп-лицейде жалғасын тапты. Сәуле Қалибекова басқаратын бұл мектепте қазір 117 сыныпта 3070 бала екі ауысымда оқиды. Білім ұясының акт залында ұстаздар қауымы мен оқушылармен кездескен Сәуле Мешітбайқызы білім сапасы, балаларды кітап оқуға үйрету, онлайн оқуды сапалы жүргізу тақырыбында пікірлесіп, ой бөлісті. Оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Төменгі сынып оқушылары республикалық «Мөлдір бұлақ» журналын оқитынын, алдағы уақытта түрлі тақырыптарда мақалалар, шағын әңгімелер мен өлеңдер жазып, салған суреттерін редакцияға жолдап тұратын болды. Сондай-ақ осы мектептің журналистикаға ебі бар 4 «А» сынып оқушысы Мекенбай Муслимаға «Мөлдір бұлақ» журналының Шымкент қаласындағы жас тілшісі куәлігі берілді. Осылайша оның сынып жетекшісі Жәудір Жалғасова екеуі мектепте өткізіліп жатқан іс-шаралардан жаңалықтар жіберіп отыратын болып келісілді. 

Әдетте үшінші мегаполис мәртебесіне ие Шымкентті көпшілік аграрлы емес шаһар деп ойлайды. Бірақ, мүлдем олай емес. Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, соңғы 2-3 жылдың өзінде ғана Шымкент қаласы аумағында іске қосқан жылыжайлардың жалпы көлемі 40 гектарға жеткен. Одан бөлек, қалада 80 мыңдай ірі қара, 100 мыңнан астам ұсақ мал бар. Құс шаруашылығы мен құс өнімдерін өндіру, балық шаруашылығы да жолға қойылған. Бұл көрсеткіш батыс өңірдегі кейбір облыстардан да жоғары. Ендеше Шымкентті аграрлы емес деуге негіз жоқ. 

Экспедиция барысында арнайы барып көрген «Агропарк» шаруа қожалығының жылыжайы түрік технологиясымен жасалған. Көлемі 5,2 гектар. Құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталған. Инвестиция құны 1,3 миллииард теңге. 50-ге тарта жұмысшы бар. Жалпы алғанда, бұл қожалық 10 гектар жылыжайды игерген. Қожалық иесі Хамит Шарипов осы салада мол тәжірибе жинақтаған маман. 

Қожалық басшысы Х.Шарипов іссапармен Алматыға кеткен екен. Бізге шаруа жайын баяндаған агроном Мейрамбек Қалымбетовтен жылыжайда қиярдың голландтық «Умагна» атты гибрит сорты егілгенін сұрап білдік. Бұл сорттың ерекшелігі – вирустарға төзімді және тасымалға қолайлы. «2,2, гектар жерде терім болып жатыр, оған 25 адам жұмылдырылған. Орташа жалақы – 120 мың теңге. Қазір шаршы метріне 10 келі қияр тердік. Жылыжай көмірмен жылытылады. Тәулігіне 4-5 тонна көмір жағылуда, қыстың қатты суыған күндері 10 тоннаға дейін көмір жағылады. Қатты отынның тоннасын 19 мың 200 теңгеден сатып алып жатырмыз. Былтыр 17 мыңнан болған. Негізгі шығын – коммуналды шығындар. Көмірге субсидия жоқ. Сол үшін былтырдан бері ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныс беріп келеміз. Энергия шығындарының бір бөлігін субсидиялап берсе дейміз. Көктемгі өнімнен құтылатындай етіп төмен пайызбен несие берсе де болады. Өйткені қыс – қиналатын уақыт», – дейді М.Қалымбетов. 

Шымкенттік өнім жергілікті тұтынушалардан бөлек, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Ресей мемлекетіне жөнелтіліп жатыр екен. 

Жалпы Шымкент қаласының 2021-2025 жылдар аралығындағы даму бағдарламасына сәйкес, осы мерзім ішінде 80 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 13533 жұмыс орны өткен жылдың еншісінде болса, биыл 14233 адамды жұмыспен қамту көзделген. Қазіргі кезде жоспар тиісті деңгейде орындалып отыр. Аталған мерзім ішінде «Ютекс» АҚ-ның құны 1,5 миллиард теңге болатын иіру фабрикасын іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 800 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жоғары сапалы тоқыма өнімдерін Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей елдеріне экспортқа шығару, мақтаны өңдеу көлемін екі есеге ұлғайту, инвестиция көлемі 20 миллиард теңгені құрайтын, аумағы 306 гектар «Жұлдыз» индустриалды аймағын іске қосу, шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жобаны іске қосу, метил-трет бутил эфирі және полипропилен өнімін шығару, металлургия зауытын іске қосу, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 58 миллиард теңге болатын, 1700-ден астам жұмыс орнын құратын өндірістерді іске қосу, көлемі 136 гектар болатын «Агроиндустриалды аймақ» құру, 89 гектар аумаққа өндірістік жылыжай салу, аумағы 92 гектарды құрайтын көлік-логистикалық аймақ құру және өзге де көптеген жобаларды іске асыру көзделген. Оның бірқатары қазірдің өзінде жүзеге асырылған. 

Басқарма өкілдері жылыжай өндірісінен бөлек, мал бордақылау, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу, сыр, сүт өндіру, құс фабрикасының хал-ахуалынан мәлімет берді. Жұмыс дәл осы бағытта жалғасын табар болса, үшінші мегаполис ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруден республикада алдыңғы қатарлы өңірлердің қатарынан табылары сөзсіз. 

Шадияр МОЛДАБЕК, Түркістан облысы, Шымкент қаласы
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 102
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 99
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 93
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 82
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 979
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1018
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 993

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5983
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5426
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8610
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6417
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7625