Оқу-ағарту министрі өңірге неге келді?

Оқу-ағарту министрі өңірге неге келді?

Абай облысына жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аймақ әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қаласындағы бірқатар білім беру мекемелерін аралады. Сапар аясында өңірдегі білім инфрақұрылымын дамыту, мектептердің жүктемесін азайту және апатты жағдайдағы нысандарды жаңарту мәселелері талқыланды.

 

Министр алдымен қаладағы №11 жалпы орта білім беретін мектептің жағдайымен танысты. Мектеп қазіргі таңда бейімделген үш қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда 1411 оқушы оқып жатыр, оның 296-сы уақытша оқу орнында білім алуға мәжбүр. Бұл жағдай оқу процесінің сапасына әсер етіп отыр. Сондықтан министрге жаңа оқу корпусын немесе жаңа мектеп салу қажеттілігі жеткізілді.

Сапар барысында Ғани Бейсембаев 1988 жылы салынған «Балдәурен» балабақшасының жұмысымен де танысты. Бөбекжайда 13 топ жұмыс істейді, 64 адам еңбек етеді. Мұнда ата-аналар үшін жолдама алудың ашықтығын қамтамасыз ететін ваучерлік жүйе енгізілген. Балабақша ғимараты мен материалдық-техникалық базасы жаңғыртуды қажет етеді. Облыс әкімі әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Министрдің жұмыс кестесінде қалада бой көтеріп жатқан №52 жаңа мектеп те болды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан бұл нысан жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. 600 орынға арналған мектеп іске қосылғанда, Семейдегі мектептердегі орын тапшылығы 4025 оқушыдан 3425 оқушыға дейін төмендейді. Қала маңындағы Восход ауылындағы балалар үшін де бұл мектеп маңызды білім ордасына айналмақ, өйткені олар бұған дейін қалаға қатынап оқуға мәжбүр болған.

Осы мектепке ұқсас бес жоба облыс бойынша салынып жатыр. Барлығы 3000 орындық білім нысандарының құрылысын қамтиды.

Министр мен аймақ басшысы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өңір ұстаздарымен кездесу өткізді. Жиында облыс әкімі Берік Уәли өңірде апатты жағдайда тұрған үш мектеп бар екенін атап өтіп, министрге осы нысандарға қолдау көрсетуді сұрады.

– Ғани Бектайұлы біздің өңірге жиі келеді. Сондықтан аймақтың білім беру саласындағы ахуалын жақсы біледі деп сенеміз. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында апатты мектептің орнына жаңа 100 орындық мектептің іргетасы қаланды. Ақсуат ауданының Екпін ауылында мектеп құрылысы басталады. Қалған бір мектеп Семей қаласында орналасқан. Сонымен қатар Үржар ауылындағы Абай мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы білім ошақтарына назар аударып, қолдау білдіруіңізді сұраймыз, – деді облыс басшысы.

Өз кезегінде министр өңірдегі мектеп инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Ол Семей қаласында 1000 орындық жаңа мектеп салу мәселесін қарастыру қажеттігін, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар Үржар ауылындағы Абай атындағы мектепке қатысты ұсынысты да қарастыратынын жеткізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл мектептерінің жанынан спорт алаңдарын ашу жобасы жүзеге асуда. Республика бойынша 100 мектеп қамтылады. Бұл тізімге Абай облысының спорт инфрақұрылымы жеткіліксіз ауыл мектептері де енгізіледі, – деді Ғани Бейсембаев.

Бұл сапар аясында көтерілген мәселелер мен қабылданған міндеттер Абай облысындағы білім беру саласының нақты қажеттіліктерін шешуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Сәруар ҚАБДОЛЛА
04.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

АСТАНА КҮНІНЕ ОРАЙ  ДЕМАЛЫС БЕРІЛЕДІ
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 04.07.2025 42

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15116
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15021
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30157
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28775
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32343